Мереке • 17 Наурыз, 2023

Наурыз – ілім-ғылымның шамшырағы

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ғалами жаратылыс құбылысын түркі жұрты Наурыз деп атады. Наурыз – той, табиғат мерекесі ғана емес, астрономия, астрология, геометрия, математика, физика саласындағы ғылымға негізделген жол сілтеуші шамшырақ. Жаратылысты, он сегіз мың ғаламды зерттеудің кешенді ғылыми жобасы десек те болады.

Наурыз – ілім-ғылымның шамшырағы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Шамамен он екі мың жылдай, мүмкін одан да бұрын аспан денелерінің орналасуын ғылы­ми дәлдікпен меңгерген түркі жұртының данышпандығына қайран қаламыз. А.Горбовский деген ғалым он-он бір мың жыл бұрын аса ірі мәдениет болған дейді. Оған дәлел өте көп. Осыдан бес-алты мың жыл бұрын түркі халқы мекен еткен қазіргі қарақалпақ жерінен табылған «Қой қырылған» атты қаңлы тайпасы жасаған (кей жерде қоңырат деп жазылған) аспан денелерін зерттейтін үлкен расытхана (обсерватория) табылуы да – қазақ халқының білім ізденгіш, жоғары мәдениетті халық екенінің дәлелі. Мәдениеті мен оқу-білімі болмаса, расытхана да болмас еді. Сол аспан шырақтарының белгілі мезгілде көрінбей кетуі мен айлар өткізіп барып қайта туып, құбылуына қарай жеке-жеке ат қойып, тани білуі астрономиялық, ма­тематикалық, геометрияны мең­герген терең білімділігінен еді.

мсм

Осы шетсіз бен шексіз ғаламдағы аспан шырақтарының қозғалысын аса дәлдікпен реттеп, өзіне тартып ұстай­тын, бірақ өзі өмірі қозғалмайтын алып жұлдыз – Темірқазық. Жыл бойы қозғалыста болып, табиғат-ана босаңсып, жаңаратын уақыт – Наурыз айында ай мен күн Темірқазық түбінде тоғысады. Қазақ халқының астрономдары Темірқазық жұлдызын аспан мен жердің тірегі, кіндігі деген. Қазіргі Наурыз тойына арналған мемлекеттік эмбле­ма­дағы ортадағы таяқтың екі жағына шира­тылған қошқар мүйіз іспеттес сурет осы ғалам жаратылысын бейнелеп тұр. Ортасындағы таяқ – Темірқазық. Ал екі жағындағы шиірлей жиналған жіп – сол ақ қой мен қара қойды (күн мен түн ғой) арқандаған жіп суреті.

Темірқазықтың осы қошқар мүйіз заңы туралы ғалым Ақжан Машани «Аспан кіндігін Темірқазық деп атап, оған тебеннің бағытталуын білудің өзі ерте заманда халқымыздың магнит темір қасиетін білгендігі. Өгізханның (Өгізхан – түркі жұртының мифтік кейіп­кері) Құрылтай тобында Орданың екі босағасында қырық құлаш ағаш орнатылған. Сол ағаштардың басында Тауық, түбінде Қой байланған. Тауық – уақыт білдіруші. Ақ қой мен қара қой – түн мен күн сипаты. Осы екі қойдың ағаш түбіне байлануы темірдің магнит күшін сипаттайды. Өйткені Қой атты екі бұрыш – Есекқырған, Темір, Март – Марс планетасының үйі. Ол Орданың төбесіндегі аспан тірегі Темірқазықтың түбіне байланады. Темірқазыққа арқандалған ақ қой мен қара қой екеуі екі жаққа қарай қазықты айнала жүріп, арқан қазыққа оралып қысқарады да, ақырында екі қой қазық түбіне келіп, қарама-қарсы тоғысады. Осы екі қойдың ізі, екі сыңар мүйіз спираль болып шығады. Ақ қой мен қара қойдың қарама қарсы кездесуі – жыл басы осы. Күн мен түн теңелгенде екі мүйіз арасына күндіз күн, түнде ай қонады. Екі мүйіз сол кезде ай орағымен тоғысады, тоғыс айы, көріс айы сол», деп жазған еді өз еңбегінде.

Қазіргі кезде ғалымдар расында, әлемді ұстап тұрған ширатылған жіптің магниттік тарту күші дейді. Әлем қозғалысында Құс жолы жұлдыздарын, Тұмандықтарда магнит жібі секілді қошқар мүйіз формалар жиі кездеседі екен. Органикалық заттардың молекулалары екі түрлі жіптен спираль түрінде ширатылып құрылғанын кейінгі кезде ғалымдар да айтып жүр.

Тек қазақ халқы ғана емес, әуелі адам­заттың жер бетіндегі тірлігі тәулік санау, мезгіл ауысу, ауа райы өзгеруі ас­пан денелерімен байланысты. Ал мал шаруа­шылығымен айналысқан қазақ халқы Үркер, Сүмбіле, Таразы осы үш шоқ­жұлдызының көкте көрінуі мен батуына қарап жыл мезгілінде аспан көгінде пайда болуы мен жоғалуына қарай маусым ауысуын, мал күйттеп, күзен салып, күйік алатын кезді, егістік егу уақытын бастаған. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп қой шаруашылығын экономиканың өзегі, тіршілігінің көзі еткен. Жыл мезгіл­деріне қарай жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, қой шаруашылығының жайын күйт­теген. Себебі бала-шағасының нәсі­бі осы малдың жайына байланыс­ты еді. Енді күзде Тоқты жұлдызын ығыс­­­­тыр­ған Үркер шоқжұлдызы қыс айы ас­пан көгіне жарқырап көтеріледі. Содан наурыз айының 13 күні жылыс­тап жылжып көрінбей кетеді де, орны­на маңырай басып, Тоқты жұлдызы кіре­ді. Биыл кіргелі отырған мүшел жыл Қоян­мен бірге Темірқазық түбінде тоғы­сады. Осы кезде Жер планетасына көк­тем келіп, қыс қаһарынан аман шық­қан ел-жұрт қыстан амалдап, аман шықтық деп қыстаудан жайлауға көшіп, 14 наурызда қуана қауышады, көріседі. Осылай табиғат мерекесі, Жаңа жыл басы – Наурызды қарсы алған. Табиғат құбылысын тірліктің өзегіне, табиғатты құрметтеу мерекесіне айналдырған түркі жұрты күнделікті тұрмыста қыстан аман шыққаныдарына тәубе десіп, бір-бірінен кешірім сұрап, мейірім төгіп, қонаққа шақырған. Сондай салттың бірі шекеге шақырып, дәм таттыру осы мезгілде жасалған. Қазір де бұл салтты ұмытпай өмірлеріне өзек еткен қазақтар қатарымызда бар.

Табиғаттың ілімі мен ғылымын ден қоя зерттеген түркі жұртының жұлдызшылары Наурыздың 21-22 қараған түні күн мен түн теңелгеннен кейін таң ата күннің қай жұлдыздар тобы тұсынан шығатынын бақылаған. Естеріңізде болар, барлық жануарлар жиналып алып таң ата күннің шығуын аңдып, жылға таласатын аңыз бар. Аңыз түбі – ақиқат. Мұның бәрі табиғат құбылысын бақылап, анықтап, аспан денелеріне ат берген сол дәуірдегі ғалым жұлдызшылардың аңызға айналған еңбегі сияқты. Сонымен, екі жарым мың жылда күн Балық шоқжұлдызының тұсынан шыққан табиғи құбылыс бар екен. Ғаламдық сирек болатын бұл күрделі құбылысты астрономияда «прецессия» дейді. Осы күні сирек болса да қолданып жүрген «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген астрономиялық сөздің шығуы осы астрономиялық құбылыстарға қатысты айтылған екен. Астрономиялық сөз демекші, аспан шырақтарының құбылысына қатысты қазақ халқында сөздердің астрономиялық этимология­сы да қалыптасқан. Наурыз туған күн таң атпай күннің шығуын күтіп, жыл басына таласып тұратын аңдар туралы аңызда Түйе жануары бар еді ғой. Ел аузында әлі күнге «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген сөз де айтылады. Халық астрономиясында «Ерте заманда, Түйенің құйрығы жер сызғанда, ешкінің мүйізі көк тіреген заманда» деген сөз, бір кездері түйенің мүшел жыл басы болған уақытын білдіреді. Бұл шамамен он мың жылдан астам уақыт екен. Түйе жануары бір кездері мүшел жыл қайыру есебіне енбеген болса, ертедегі жұлдызшылар мұндай сөз жазбас еді. Түйе жер мен жаз жануары болғандықтан, оның құйрығы жерде жатады. Ал «Ешкінің мүйізі көк тірегенде» деген сөзге келсек, ешкі – кыс жануары. Ай жылжып отырып Ешкі жұлдызына қыста, қаңтар айында аялдайды екен. Қаңтар айында Ешкі шоқжұлдызы аспан төрінде жарқырап көрініп, қыс мезгілінің сәні мен мәнін келтіргендіктен, «Ешкінің мүй­і­­зі көк тірегенде» деп көркем сөз саптаған.

Айта кетерлігі, жаратылыс заңымен әр мүшел жыл басы болып екі мың жылдан астам уақыт тұрады екен. Мысалы, қазіргі мүшел жыл басы Тышқан жылынан қайырылғанына екі мың жыл боп қалған. Осыдан бес мың жыл бұрын Сиыр мүшелдік жыл басы болса, одан әрі қарай Барыстың жыл басы болғанына жеті мың жыл болған. Әрі қарай Қоянға тоғыз мың жыл, ал он мың жыл бұрын Түйе жыл басы болған екен. Ал Ұлу – Арсылан жыл басы болған кезең осыдан 12 мың жыл бұрын болса керек.

Наурыздың осы ғылымы мен ілімі, қуатты рухани мәдениет мәйегі түбі бір түркі жұртын біріктіріп тұр десек, ар­тық айтқандық емес. Ұлыс оң, ақ мол болсын!

 

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

журналист