Шүкір, Қазақстан даласы кең ғой. Жапония, Қытай секілді мемлекеттерде жүрдек пойыздар 5-6 сағатта жүретін қашықтықты біздің «тұлпарлар» асықпай 18-24 сағат арасында басып өтеді. «Асықпаған арбамен қоян алады» демекші, еліміздің пойыздары сабырды шыңдайды.
Бір тәулік бойы көк пойызбен жарысқан көңіл неше түрлі ойға жетелейді. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» компаниясы халықты сабырлы болуға, төзімділікке баулитын секілді көрінеді. Әйтпесе, Тұрсынбек айтпақшы, «қазақ – кешігетін емес, асығып жүретін халық қой».
Біз мінген «Тальго» пойызы Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалынан кешкі 19.50-де қозғалды. Таразға таңғы 10.13-те келіп тоқтады. Межелі мекен – Шымкентке жеткенде сағат тілі 13.40-ты көрсетті. Енді есептеп көрейік. Елордадан Әулие ата өңіріне жеткенше 15 сағатқа жуық, ал шырайлы шаһарға жеткенше шамамен 18 сағат уақыт кетті. Астана мен Тараздың арасы – 1300 шақырым, елордадан Шымкентке дейінгі қашықтық 1500 шақырымға тең. Біз сөз етіп отырған «Тұлпар-Тальго» пойыздары. Әйтпесе, қарапайым пойыздар бұл қашықтықты бір тәулік жүретіні белгілі.
Әлемнің тоғызыншы территориясында жағдай осындай болғанда, шартараптың қалған түкпіріндегі жағдай қандай болды екен? Алысқа бармай-ақ, көршілес Қытайға тоқталсақ жеткілікті. Жунголардың жері ауқымды, төрткүл дүниеде төртінші орынға ие. Соған қарамастан пойыздары Құлагердей шашасына шаң жұқтырмайды.
Мәселен, Бейжіңнен шыққан жолаушы жүрдек пойыз арқылы Шанхайға орта есеппен 5 сағатта жетеді. Бірақ екі шаһардың арақашықтығы 1 477 шақырымға тең. Әрине, жунголардың бәрі жүрдек пойыз жүгендеген деуге келмес. Ол жақта да қарапайым локомотивтер бар. Ел астанасынан шыққан жолаушыны 15-16 сағатта Шанхайға түнделетіп жеткізеді. Бірақ негізгі тасымалдаушы осы «Маглев» деп аталатын тұлпарлар.
Жалпы, Бейжің-Шанхай бағыты – әлемдегі ең жиі қолданылатын жүрдек пойыздардың бірі. Мәселен, осы желіні 2019 жылы 210 млн-нан аса жолаушы қолданыпты. Бұл Францияның TGV және Германияның «Intercity Express» компанияларының жылдық жолаушы тасымалынан әлдеқайда көп. Оның үстіне, Beijing–Shanghai high-speed railway кірісі мол бағыт саналады. Компания жылына шамамен 1,86 млрд доллар пайда табады. Негізі, қытайлық тұлпар тоқтаусыз жүрсе Бейжіңнен шыққан жолаушыны Шанхайға сағатына 380 шақырым жылдамдықпен 3 сағат 58 минутта жеткізе алады. Дегенмен алғашқыда бұл бағыттағы пойыздар жылдамдығын 300 км/с-тан асырмаған еді. Тек 2017 жылы ғана бүкіл қуатына енді.
Әлемнің жүрдек пойыздары «Маглевпен» шектелмейді. Қытайдың тағы бір заманауи пойызы – CR400 Fuxing-нің жылдамдығы сағатына 350 шақырымға жетеді. Германияның «InterCity Express» бағыты 330 шақырым жылдамдықты бағындырған. Францияның TGV, Жапонияның JR East E5, Морокконың Al Boraq атты «тұлпарлары» 320 км/с жылдамдықпен жүйткейді. Сондай-ақ Испанияда AVE S-103 (310 км/с), Оңтүстік Кореяда KTX (305 км/с), Италияда Trenitalia ETR1000 (300 км/с) атты шашасына шаң жұқпас «тұлпарлар» бар.
Астанадан шыққан пойыз Таразға дейін 15 сағат жүрді деп төзімді тауысқанымыз бекер екен. Еліміздегі ең алыс бағыттың бірі – Алматы мен Ақтау арасын жалғайтын желі. Оның ұзақтығы темір жол арқылы шамамен 2 890 километрді құрайды. (Тікелей екі мың шақырымға жуық). Алатаудың бөктерінен шыққан жолаушыны қарт Каспийге екі пойыз апарады. Бірі 1 күн 18 сағат жол жүрсе, екіншісі екі тәулікте әрең жетеді.
Жоғарыда сөз еткен Қытайда осындай қашықтықты бір күнге жеткізбей басып өтеді. Мысалы, Бейжіңнен шыққан жылдам пойыз 2 мың шақырым жерде орналасқан Гонконгке 9 сағат 44 минутта апарады. Ал ең шабан пойыздың өзі 24 сағатта межелі мекенге жеткізеді.
Айтпақшы, жолда кетіп бара жатқанда телефон арқылы пойызымыздың жылдамдығын бақылап көрген едік. «Тальгомыз» тегіс жолда сағатына 120-130 шақырым жылдамдықпен жүреді екен.