Ардақты ағаның өмірбаянына көз жүгіртсек, жоқшылық пен таршылыққа жетімдік қосылған қиын кездерді бастан өткергенін көреміз. Әкесі дүниеден өткенде Отызбай бес жаста, ал інісі Отарбай одан да кіші болатын. Ол Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Балғын балалық шағы Қаратомар мен Тыңғылықты ауылдарында өткен. Әкесіз қалған балаларын ешкімнен кем қылмаймын деген анасы Рахила қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Сол кездің ауыр жағдайына байланысты Рахила апай тұңғышы Қасенді Қызылжар қаласындағы балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болды.
Бала Отызбайдың мектепте оқып, өсіп жетілуі Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Соғыс оны ерте есейтті. Ауыл балаларымен бірге соғысқа аттанған азаматтардың орнын басып, егін орды, шөп шапты. Сол кездегі науқандық жұмыстардың ауыртпалығын ауылдастарымен бірге бөлісіп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Осындай ауыр жұмыста жүрсе де, сол кездегі балалар сабақтан бір қалмайтын. Әсіресе бала Отызбай зеректігін танытып, сабақты өте жақсы оқыды. Бір сыныптан екінші сыныпқа көшерде, оның үлгерімін мұғалімдері басқаларға үлгі ететін.
Соғыстың үшінші қысы тым қатты болды. Ақырған аяз бен ақ түтек бораны алмакезек алмасып, шаруа адамының еңсесін бір көтертпеді. Бұл кезде Отызбай «Қызыл ту» атындағы колхоз орталығындағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқитын. Отызбайлар тұратын Тыңғылықты ауылы колхоз орталығынан бес-алты шақырым қашықтықта еді. Қыстың қақаған аязында балалардың екі ортада жаяу қатынауы қиямет-тін. Соған қарамастан, олар сабақтан кешікпейтін.
Бір күні сабақтан кейін Отызбайды мектеп директоры Нұртаза Шошанов шақыртты. Оқушылардың бұл ұстазға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Өмірден көрген-түйгені мол Нұртаза ағай біреуге дауыс көтеріп, ұрысуды білмейтін. Бірақ ол кісінің берген тапсырмаларын оқушылар да, мұғалімдер де бұлжытпай орындайтын. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі ескеріліп, Нұртаза Шошанов ағай облыс мұғалімдері арасында алғашқылардың бірі болып Ленин орденімен марапатталғанын да айта кетейік.
Мектеп директорының бөлмесінде колхоз басқармасының төрағасы да отыр екен. Сөзді Нұртаза ағай бастады.
«Отызбай, мектептегі үздік оқушы ретінде саған бір жауапты міндет жүктегелі отырмыз. Тыңғылықты ауылындағы бастауыш мектептің жабулы тұрғанын білерсің. Дәл қазіргі кезде ауыл балаларын оқытатын көзіқарақты мұғалім табу мүмкін болмай тұр. Сондықтан түске дейін осында сабағыңды оқып, түстен кейін ауылдағы бастауыш мектепте бала оқытсаң деген тілегіміз бар. Жоғары сынып оқушылары арасынан сені таңдауымның себебі – біріншіден, сабақ үлгерімің жақсы, екіншіден, қайбір істі болмасын сен тиянақты атқарумен көзге түстің. Сабақ беретін мұғалім табылып жатса, оны да көре жатармыз, – деп Нұртаза ағай сөзін аяқтады. Күтпеген жерден мұндай тапсырмаға не деп жауап берерін білмей, қипалақтап қалған Отызбайдың ойын колхоздың басқарма төрағасы бөліп: «Бригадирге өзім айтамын. Отын бөліп, мектепті жылытып қойсын. Ертеңнен бастап іске кіріс, қарағым», деді де киіне бастады.
Ертеңінде орталықтағы оқуынан келген Отызбай көптен бері жабық қалған ауылдағы мектеп үйінің есігін ашты. Алғашқы күні жиналған алты балаға бастауыш сынып бағдарламасы бойынша дәріс беруге кірісті. Сөйтіп, он төрт жасқа қараған Отызбайдың алғашқы ұстаздық жолы осылай басталды. Сол сұрапыл соғыстың өкпек желі өкпені қысқан қытымыр қысында қолға алған осынау ұстаздық мамандықтың жарты ғасырдан астам уақытқа созылып, барлық саналы ғұмырының адастырмас темірқазығына айналатынын сол сәтте есейіп қалған Отызбай сезген жоқ еді.
1947 жылы Ақмола қаласындағы Сталин атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған Отызбай Сүйіндікұлы жоғары оқу орнына бірден бармай, туған ауылы Тыңғылықтыға барып мұғалім болып жұмыс істеуді ұйғарды. Ондағы мақсаты шын мәнінде осы мәртебелі мамандықты таңдауы дұрыс екеніне өзінің де, анасының да көзін жеткізу еді.
Келесі жылы жазда анасының ақ батасын алып, арман жетегімен Алматыға аттанды. Кейбіреулер сияқты үлкен қаладағы көп оқу орнын жағалап, мамандық таңдау ойында да болған жоқ. Ол өзінің өмірлік жолын, мәңгілік мамандығын он төрт жасында-ақ таңдап қойған еді. Алматыға келісімен Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжаттарын тапсырды.
Университетті ойдағыдай тәмамдаған 1953 жылы таңдауының берік екенін тағы дәлелдеді. Бірден университет жолдамасымен Ақмола қаласындағы Жамбыл атындағы №4 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Үш жыл алған жоғары білімін тәжірибемен ұштастырып, осынау іргелі мектептің жоғары сыныптарына дәріс берді. Ұжымда аз уақытта өзінің білімді азамат екенін танытып, оқушылар мен ата-аналар арасында үлкен беделге ие болды. Жас ұстаздың талабын байқаған қалалық атқару комитетінің басшылығы Отызбайды қалалық оқу бөліміне нұсқаушылыққа шақырды. Осы жылдары ол қаладағы барлық мектептің білім беру сапасын тексеріп, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету міндетімен айналысты. Оқу бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарған жылдар оның білімі мен тәжірибесі әр қырынан толығып, біліктілігінің қалыптасуына айрықша ықпал еткен нағыз тәжірибе мектебі болды.
1959 жылы О.Сүйіндіков облыстағы барлық қазақ мектебінің тірегі саналатын Ақмола қаласындағы №4 орта мектепке директор болып тағайындалды. Бір мыңнан астам бала оқитын білім ордасының базасы талапқа сай емес еді. Қала басшылығымен тайталаса жүріп, сол кездегі талапқа сай ғимаратқа көшірілді. Мектеп оқушыларын еңбекке баулу мәселесі күн тәртібіне қойылған еді. Ол үшін арнайы шеберхана салу қажет. Бірақ бәріне қолбайлау болатын қаржы мәселесі оған ырық бермеді.
Жас директор шеберхана салу міндетін өз мойнына алды. Айтуға ғана оңай шаруа, әрине. Құрылыс материалдарының қат кезі. Бірін тапса, бірі жоқ. Содан «жарғақ құлағы жастыққа тимей», құм түсірді, цемент тапты. Құрылыс алаңдарының бірінде керексіз болып қалған бетонараластырғыш тауып алып, кешкі мектепте оқитын жастардың күшімен бір айдың ішінде шеберхананың құрылысын бетонмен құйып шықты. Әрлеп, әктеп, жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының еңбек сабағында тәжірибе жүргізетін шеберханасын дайын етті.
1972 жылдан бастап Отекең Әділбек Майкотов атындағы педагогикалық училищеге басшылыққа келді. Училище қазір гуманитарлық колледж деп аталады. Оқу мекемесінің аты өзгергенімен, Отекең қалыптастырған білім беру мен оны тәжірибемен ұштастыру дәстүрі әу бастағы қалпынан өзгерген жоқ. Кеңес кезінде шәкірттердің саны екі мыңға жеткен кездері болды. Одақ бойынша білім беру сапасы жағынан үшінші орынға көтеріліп, педагогтер даярлаудағы еңбектері үздік бағаланды. Қазіргі кезде осы оқу орнынан қанат қаққан шәкірттердің алды ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті.
Отызбай Сүйіндікұлы директор болған жылдары оқу орнының жаңа кешенді ғимаратының құрылысы басталды. 576 орындық екі студенттік жатақхана және 1 200 орындық оқу корпусы салынды. Материалдық базаны дамыту жөнінен колледж республикалық байқауда бірінші орын, ал Одақ бойынша екінші орын алды. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезеңінде Отекең басқарған педагогикалық ұжым бұл іске белсене қатысты. Жалпы, оның осы білім ордасында қалдырған ізі ерекше. Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, гуманитарлық колледжде «Республикаға еңбегі сіңген мұғалім Отызбай Сүйіндіковтің» кабинеті ашылды. «Еңбегіне қарай – өнбегі» демекші, үкіметтің түрлі орден-медальдарымен марапатталды.
Ол ұстаз деген ұлы ұғымға лайық ғұмыр кешті.
Мейрам БАЙҒАЗИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі