Президент • 17 Наурыз, 2023

Президент БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесті

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Фолькер Тюркке ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапары Қазақстан мен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің адам құқықтарын қорғау мәселесі бойынша тығыз қарым-қатынас орнатуға және ақпарат алмасуға дайын екенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның негізгі конвенциялары мен хаттамаларының бәрін ратификациялады және ұлттық деңгейде адам құқықтары саласында өзара белсенді іс-әрекет механизмдері жасалды. 

Өз кезегінде Фолькер Тюрк қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты және осы жылдарда адам құқықтары мәселесі бойынша ұйымның Қазақстан билігімен арадағы қалыптасқан қарым-қатынасына оң баға берді. 

Сондай-ақ Жоғарғы комиссар Президенттің бастамасымен еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жүргізіліп жатқан өзгерістердің уақтылы қолға алынғанын атап өтті. 

«Мен соңғы жылдары сіздің еліңізде болып жатқан оқиғаларды бақыладым. Біз үшін азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі реформалардың  ажырамас бөлігі болғаны өте маңызды. Өйткені елдің болашағы осыған байланысты. Әрбір елдің келешегі Біріккен Ұлттар Ұйымы мен бүкіл әлем сүйенетін іргелі қағидаттарға негізделуге тиіс деп ойлаймыз. Биыл Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына 75 жыл толады. Біз бұл атаулы датаны әлемде қалыптасқан қайшылықтарды еңсеру мүмкіндігі ретінде қарастырғымыз келеді», деді Фолькер Тюрк.