Саясат • 19 Наурыз, 2023

Ұлттық ұлан сарбаздары Қазақстанда алғашқы болып дауыс берді

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

5571 әскери бөлімінің сарбаздары ҚР Парламентінің Мәжілісі және Алматы қаласының мәслихат депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық ұлан сарбаздары Қазақстанда алғашқы болып дауыс берді

5571-әскери бөлімінде орналасқан № 107 сайлау учаскесінде сап түзеген сарбаздар дауыс беруді таңғы сағат 06:00-де бастады.

«Бүгін ерекше күн. Себебі Қазақстан Республикасының азаматы ретінде дауыс беру құқығымды пайдаланып тұрмын», деді қатардағы жауынгер Ричард Зайенчковский. Қатысушылардың басым бөлігі алғаш рет дауыс беріп жатыр. Солардың бірі, 6 ай бұрын әскерге шақырылған Аман Ермахан. «Мен Астана қаласынан шақырылдым. Өмірімде бірінші рет дауыс бердім. Отанымыздың болашағына бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан өз таңдауымды жасадым», дейді сарбаз Аман Ермахан.

Әскери бөлімде сайлау өткізуге барлық жағдай жасалған. Сайлау жәшіктері мен 7 дауыс беруге арналған кабина бар. «Біздің сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат алтыда басталды. Біздің мақсат- Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлесімізді қосу.

«Алыптың қуаты халықта, халықтың қуаты бірлікте», демекші саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қатысып жатырмыз. Сарбаздардың көңіл күйі өте жақсы», дейді 5571-әскери бөлімінің командирі Бақдаулет Оралұлы.

Алматы сайлау комиссиясының мәліметінше, мегаполистегі 7 әскери бөлімде дауыс беру сағат алтыда басталды.

Астана уақытымен таңғы сағат 4-те Сеулде №258 және Токиода №261 сайлау учаскелері әлемде бірінші болып ашылды.

Оңтүстік Кореядағы ҚР азаматы курсант Асанов Ельнур бірінші болып дауыс берді. Кейін әлімнің тағы 9 қаласында дауыс беру басталды.

ҚР Конституциясына сәйкес, Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша, яғни партиялық тізім бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 29 депутат сайланады.