Аймақта 700 мыңнан астам сайлаушы бар. Оның арасында, бірінші рет дауыс беруге келетін жастың саны 13 мыңға жуық. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау учаскесіне келуі үшін инватакси қызметі жұмыс істеп тұр. Облыстың барлық қалаларында бүгін қоғамдық көлік тегін.
Өңірде 863 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олар - облыстық, аумақтық, округтік және учаскелік комиссиялары. Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан № 17 сайлау учаскесіне таңнан бері дауыс берушілер келіп жатыр.
Қарағанды облысында пропорционалды-мажоритарлық жүйені қолдана отырып, мәслихаттарға 214 депутат және мәжіліске екі депутат сайланады.
Дауыс берушілер түрлі түсті бес бюллетень алады. Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер бойынша таңдау үшін – көк, ал бір мандатты округтер бойынша – жасыл.
Облыстық мәслихатқа дауыс беру үшін күлгін және қызғылт сары түсті, қалалық және аудандық мәслихаттарға – сұр түсті бюллетеньдер беріледі. Әр бюллетеньде «барлығына қарсы» жолағы бар.
Дауыс беру барысын тәуелсіз байқаушылар бақылап жатыр.