Аймақтар • 19 Наурыз, 2023

Сарбаздар дауыс берді

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің жеке құрамы алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Әскери бөлімдегі сайлау учаскесі ашыла сала, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген барлық қатардағы жауынгерлер дауыс беруге саппен келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сарбаздар дауыс берді

Бөлім командирінің орынбасары, майор Нұрлан Башеновтің айтуынша, әскери бөлімдегі сайлау учаскесінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары. Әскери қызметшілердің жеке құрамы ғана емес, олардың отбасы да саяси науқанға түгел қатысқан.

«Ұлттық ұлан әскері - еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына жауапты. Қандай да бір жағдай болмасын олар құқықтық тәртіпті қадағалап, жоғары азаматтық жауапкершілік пен биік патриоттық рухты көрсете біледі. Бүгін де әр әскери қызметші, әр жауынгер саяси науқанға белсенді қатысып, сайлауға қолдау көрсетуде», деп атап өтті ол.

Әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар мен қызметтегі сардарлардың саяси науқанға қатысуына толық мүмкіндік жасалған. Жауынгерлердің арасында саяси науқанға бірінші рет қатысып отырғандар да бар. Мәселен, жас сарбаз Асылхан Артықбеков ҚР Ұлттық ұлан сапында қызмет атқара жүріп, бүгін бірінші рет дауыс бергенін айтады.

«Алғаш рет болған соң толқу болды. Сайлауға қатысу әрбір азаматтың борышы деп білемін. Азаматтық ұстанымымды білдіріп, елдің дамуына өз үлесімді қостым деп есептеймін. Бұл Қазақстанның болашағын шешу үшін маңызды қадам болмақ. Сондықтан өз даусымды өзім қалаған партияға бердім», дейді жас сарбаз.