Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Гауһар той иелері дауыс берді

528 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл отау құрғандарына 60 жыл толғалы отырған Қадыр Арынов пен Батыр ана Қаламшаш Арынова Көктөбе ауылындағы сайлау учаскесіне елдің алды болып келіп, дауыс берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Гауһар той иелері дауыс берді

Қаламшаш апа - 10 баланың анасы. Биыл жетпіс жетіге келетін кейуана сайлау учаскесіндегі халықтың ашық-жарқын жүзін, көңілдің хошын ашатын ауанды көріп, қуанып тұрғанын жеткізді.

«Келіп жатқан ауылдастарым көп, әсіресе, жастардың белсенділігін байқадым. Барлығы еліміздің болашағы, халқымыздың жарқын өмірі үшін таңдау жасап жатқаны сөзсіз. Учаскеде қарсы алған комиссия мүшелері таң атпай көңілімізді көтеріп, сыйлық дайындап қойыпты. Қазіргі күні зейнетке шықсам да, елдің саяси өмірі, балаларымның келешегі мені алаңдатады. Бұл сайлауда сөзі – дұрыс, ісі - түзік, білімді азаматтар жеңіске жетсе екен деп тілейміз. Жаңа Қазақстанды құруға атсалысып жатқанымды мақтан тұтамын», деп атап өтті батыр ана.

Қадыр ақсақал мен Қаламшаш әжейдің ұл-қыздарынан бүгінде немерелерін қоспағанда, 12 шөбере тарап отыр. Отағасы кезінде совхоздың жұмысында тер төгіп, тракторист, шопан қызметтерін атқарыпты. Бүгінгі бейбіт өмірге шүкірлік ететін қариялар биыл жазда отасқандарына 60 жыл – гауһар тойларын атап өтпек.