Әлем • 19 Наурыз, 2023

Түркиядағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарына дауыс беру үшін ашылған үш учаскенің жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркиядағы сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды

Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-ден бастап №286, 255 және 296 сайлау учаскелері жұмыс істеді. Олар Анкара, Ыстанбұл және Анталья қалаларында орналасқан. Учаскелер жұмысы сағат 20:00-де аяқталды. Анкарадағы сайлау учаскесінде дауыс берушілердің көп болғаны айтылады.

Жалпы Түркиядағы қазақстандықтар белсенді түрде дауыс берді. Олардың көбі – студенттер, туристер, кәсіпкерлер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдар өкілдері.

Сайлау учаскелерінде дауыс берушілер үшін барлық жағдай жасалды. Қашық аймақтардағы студенттер үшін автокөлік ұйымдастырылды. Ал денсаулығына байланысты учаскелерге бара алмаған қазақстандықтар үшін мобильді урналар ұсынылды.

Түрлі халықаралық ұйымдар өкілдерінен құралған тәуелсіз байқаушылардың бағалауынша, дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген.

Комиссия мүшелері дауыстарды санауға кірісті.