Дәстүр • 20 Наурыз, 2023

Күй күмбірлеген күн

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, қаршадайынан қолына қара домбыра ұстап, ұлттық өнерге ден қойған ұрпақтарға сүйінбей тұра алмайсыз. Еліміздің жеті мың білім беру ұйымында бір мезгілде «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» күйлері орындалды.

Күй күмбірлеген күн

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баевтың айтуынша, музыка, әсіресе дом­быраның әуезді үні барлық ұлт­ты жалпы адами құндылықтарға – толе­ранттылыққа, төзімділікке, бірлікке үндеп, бір арнаға тоғыстырады. Әрі өске­лең ұрпақтың өз тарихы мен өнерін үй­ренуге деген ұмтылысы мен қызы­ғушылығын оятады.

– Домбыра – мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі, ұлттық құн­ды­лығымыз. Бала­бақ­шаның кішкентай тәрбие­ленушілері, оқушылар, колледж студенттері ұлттық аспапта ой­науға бел­сенділік танытқаны қуантады. Бүгін домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Оқу­шы­лар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраны сақтап, одан әрі жалғастырады деп сенемін, – деді Ғани Бейсембаев.

Челлендж соңында Оқу-ағарту министрі елордадағы Д.Қонаев атын­дағы №66 мектеп-лицейінің оқушыла­рымен бірге күй орындады. «Наурыз мейрамы» мерекелік эстафетасына 1 миллионға жуық оқушы қатысты. Ең кіш­кентайы – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы «Ақбота» бала­бақшасының тәрбиеленушілері.

Биыл «Наурыз мейрамы» эстафетасы еліміздің барлық мектебінде кең көлемде қамтылды. Мереке кезінде жал­пы республикалық «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» қайырымдылық шарасы, ұлттық тағамдар фестивалі мен ұлттық ойындар мерекесі аталып өтілді.