Пікір • 20 Наурыз, 2023

Татулық мейрамы

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Кемді күн, қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!» деп Абай айтқандай, дүниенің тірегі – татулық. Тату елдің берекесі артады, бірлігі бекиді. Ерте дәуірден бізге жеткен мынадай әпсана бар. Қуаты мығым, жасағы мықты бір пат­ша теңіздің арғы жағында алыста жат­қан бейтаныс елге шабуыл жасау үшін қам жасайды. Әуелі елшілерін жіберіп, аң­дысын байқайды. Жіберген елші-тың­шылары патшаға көрген-білгенін айтып келеді. «Ол елдің бірлігі бекем, ағайын ара­сындағы татулығы тас қамалдай берік екен. Ағасы үшін інісі, елі үшін ұланы жанын беруге даяр тұрған жұртты көрдік», депті тың­шылар. Барлаушылардың бая­нын тың­даған патша басын шайқап: «Тату­лығы терең елді жау алмайды, бірлігі бекем жұртқа жұт келмейді» деген оларға соқтықпайық, жеңіліп масқара болады екенбіз», депті.

Жоғарыда патша айтқандай, бүгінгі ке­ліп жеткен Наурыз мейрамының күре тамы­ры – татулық. Бұл күні ренжіскендер кешіріседі, шекіскендер татуласады. Біле білгенге, аталмыш мейрамның өзегі де осы – татулық. Қазіргі қоғам үшін қажеті де – осы. Яки ежелгі мейрам Наурыздың рухани өзегі «татулық» ұғымын мерекенің құнды қағидатына айналдырсақ еді.

Осы орайда татулық жайлы майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабында мына бір оқиға айтылады. Ақ патша заманы екен. Баукеңнің нағашысы Текебай би мен Байзақ датқаның баласы Қабылбек екеуі болыстық сайлауға қатар түседі. Бәсеке болған соң екі тарап бір-бірінен мін іздеуі – заңды құбылыс. Қа­былбектің жақтаушылары Текебай биді «барымтаға бейім, пара алады» деп оязға арыз жазған екен. Мұндай жалаға жаны күйінген Текебайдың үлкен ұлы Серкебай сайдың тасындай оншақты жігітті бастап атқа қонады. Айдындатып Қабылбектің ауылына келеді. Әкесінің қарсыласы Қабыкеңе тіке барып, армансыз әкіреңдейді. Қабылбек болса былқ етпейді. Тіпті қабағын да шытпапты.

Серкебайдың сөзі шамына тиген ел азаматтары «Уа, Қабылбек, ордамызға ат ойна­татын бұлар кім еді, ұлықсат ет тілерсегін тіліп, аяғын аспанға қаратып асып қоялық», деп кіжінеді. Тіпті кейбір дес бермей елеуіреп бара жатқан жігіттерге Қабылбек «тоқтаңдар» дейді ақырып. «Ертең опық жейтін өзі болады», дейді ол. Сөйтіп, әкесінің қарсыласын мұқатып, мейманасы асқан Серкебай шапқан күйі әкесінің алдына барып:

– Қабылбектің екі аяғын бір етікке тық­тым, тіпті ол жұмған ауызын аша алмады, – дейді еліріп. Текебай болса жастықтан басын көтеріп мән-жайға қаныққан соң баласына «барып тұрған ақымақ екенсің, өзіңнен 20 жас үлкен адамға қалай дәтің барып тіл безедің, біз қар­сылас шығармыз, мұндай тату­лықты бұзатын қылыққа қалай дәтің барды», деп налиды.

Содан Текебай би ат-шапан айыбын да­йын­дап, елдің игі-жақсыларын бастап, топтың алдына кінәлі Серкебайды салып алып жолға шығады. Ауылға атшаптырым қалғанда Те­кебай топтан озып шығып: «Ей, Қабылбек, менің мына күшігім саған шәуілдеген екен, айыбын көтеріп алдыңа келдім, сірә кеші­рерсің, татуласалық», дейді.

Жоғарыдағы сөзді естіген Қабылбек би­дің де қабырғасы сөгіліп, аттан секіріп түсіп: «Уа, текті арысым Текебай! Сен ауылыма келгенде аттың үстінде тұрып сөзіңді тыңдаппын-ау, кешір мені. Сен аға емессің бе, менің айбым Серкебайдан асып кетті білем. Қайта ат-шапан айыбың менен, Текебай аға, кешіргейсіз», деп иіліпті. Онымен қоймай ту сыртында қаумалап тұрған қауымға «Уа, ағайын, сайлауға түспеймін, қойдым. Мені сыйласаңдар, дауыстарыңды Текеңе бе­ріңдер! Мен үшін ағайынның берекесі мен татулығынан асқан дүние жоқ», деп жар салыпты. Қайран аталарымыз-ай, елдің берекесі үшін билік-мансапты қиып тастап, татулықтың туын жықпаған.

Осылай ағайын, бұрынғы қазақ қара басының қамын емес, халықтың татулығын ойлаған. Наурыз мейрамының басты қағидаты осы – татулық. Заман өзгереді, қоғамдық сана түрленеді. Қа­зірде сондай. Әр кезде түрленген қоға­мы­ның негізгі құндылығы болады. Дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін басты құндылық – та­тулық. Өйткені татулық бар жерде бақ тұрады.

«Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,

Тілеуі, жақындығы – бәрі сату.

Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,

Қажымас, қайта айнымас қайран тату!», деп Абай атамыз айтқандай, қоғам құнсыз­данған жағдайда татулық сатулық сипат алары хақ. Халық санасын мұндай оғаш жолға бұрмайтын рухани ұстын – Наурыз мейрамының рухани күретамыры – татулық концепциясы.