28 Маусым, 2014

Ұлттық арнаның жаңа бейнесі

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телекомпаниясымен халықаралық ынтымақтастық», «Қазақстан» ұлттық теле­арна­сының редизайны» тақырыптарына арналған брифинг өтті. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен бри­фингте «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұр­жан Мұхамеджанова барша жи­налғандарды мерекемен құт­тықтап, шығармашылық табыс­тар тіледі. «Осыдан 3 жыл бұрын «Қа­зақстан» РТРК» құрамындағы негізгі болып табылатын «Қа­зақстан» телеарнасы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшкен болатын. Сол күннен бас­тап, біз өз телеарнамыздың тек мазмұны жағынан ғана өзге­руіне күш салған жоқпыз, сонымен бірге, технологияны жаңаша меңгеруге, көркемдеуге, көрермендердің көңілінен шығуға мән беріп келдік. Осы тұрғыдан біраз жұмыстар атқарылды. Оларды атқаруда өз тәжірибемізге сүйеніп қана қойған жоқпыз, сонымен қатар, өздеріңіз байқап отырғандай, біз әлемдік медианарықтағы тәжірибелерді қамтып, өсу деңгейімізге халықаралық ын­ты­мақтастықты дамыту барысында қол жеткіздік», деген ол 50 млн. көрермені бар ВВС сын­ды корпорациямен, корейлік «Ариран», түріктің ТРТ-сымен байланыс орнатылғанын тілге тиек етті. Арнаның әрі қарай даму үстінде екенін айтып, ойын жалғаған Нұржан Жалауқызы «Қазақстан» РТРК» жанынан шетелдік әріптестердің қаты­суымен ақылдасып отыратын Сарапшылық үйлесім кеңесінің құрылғанын жеткізді. Сонымен бірге, журналистер назарына брифинг кезінде ұлттық арнаның мемлекеттік рәміздер түсімен өрнектелген жаңа логотипі ұсынылды. Брифингке шақырылған енді бір мейман – Халықаралық теле­радиохабар таратушылар қауым­дастығының бас директоры, «Қазақстан» РТРК» АҚ дирек­торлар кеңесі жанындағы сараптау-консультациялық кең­е­сінің мүшесі Саймон Спэн­свик те журналистерді мере­кемен құттықтауды ұмыт­пады. Ал «Ресей радиосы» мем­лекеттік радиохабар таратушы компаниясының директоры, «Қазақстан» РТРК» АҚ директорлар кеңесі жанындағы сараптау-консультациялық кеңесінің мүшесі Вячеслав Умановский: «Менің Қазақстанға осы жолғы келуім «Қазақстан» арнасының жаңаруымен тұспа-тұс болуда. Әрдайым жаңа нәрсенің басында болу адамға қуаныш сыйлайды, сондықтан да, осындай мүмкіндік тудырған әріптестеріме алғысымды жет­кізсем деймін. Және маған осы Медиа-орталық ғимаратының өте ұнайтынын айтқым келеді. Шынында да, мұндай заманауи Медиа-орталықпен көп ел мақтана алмайды», деген ол «Ресей радиосының» «Қа­зақстан» ұлттық арнасымен бірлесе отырып, екі ірі жобаны қолға алғанын айтты. Оның бірі –Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың кітап жазбалары болса, екіншісі – Елбасының жаңа толықтырылған өмірбаянының «Ресей» радиосының» эфиріне алда­ғы дүйсенбіден бастап тың­даушыларға жол тартатыны. BBC Advertising өңірлік өкіл­дігінің басшысы, «Қазақстан» РТРК» АҚ директорлар кеңе­сі жанындағы сараптау-кон­сультациялық кеңесінің мүшесі Сергей Становский журналистер алдында Ұлттық арна жанынан құрылған кеңеске бағасын беріп, бұл оған мүше болған біздің әрқайсымызға да және біздердің тарапымыздан айтылған сараптау мен сынды да тыңдаймыз деп бел байлап отырған «Қазақстан» РТРК» ұжымына да үлкен жүк артады деген пікірін білдірді. Брифинг соңында журналис­тер қойған сауалдарға жауап берілді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан».