Ең бірінші болып қазақстандықтар Корея мен Жапонияда дауыс беруге мүмкіндік алды. Осылайша, Сеулде №258 және Токиода 261 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де ашылды. Сеул қаласында білім алып жүрген курсант Елнұр Асанов өз таңдауын ең алғашқы болып жасады.
«Бұл сайлау еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп күтемін. Трансформация біздің мемлекетіміз үшін қажет, ол елдің дұрыс бағытта дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде азаматтық борышымды орындап, өз үлесімді қосқым келеді! Елімізге нығайып, өркендеу тілеймін», деді Е.Асанов.
Бұдан кейін Бейжің, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады. Сондай-ақ Джакарта, Бангкок пен Ханой қалаларында сайлау учаскелері ашылды. Осылайша, бірінен кейін бірі уақыт белдеуіне сәйкес ірі қалаларда орналасқан сайлау учаскелері жұмысқа кірісті. Елшіліктер таратқан мәліметтерге сүйенсек, азаматтарымыз сайлауға белсенді қатысып жатыр.
Қытай еліндегі сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 18.00-де жабылды. Естеріңізге сала кетейік, Қытай Халық республикасында отандастарымыз 3 сайлау учаскесінде дауыс берді. Келушілер орташа есеппен 98 пайызды құрады. Студенттер, дипломаттар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ осы елде жұмыс істейтін ел азаматтары өз таңдауларын жасады. Дауыс берушілер санының өсуіне Қытайдағы коронавирусқа байланысты шектеулер алынып, шекараның ашылуы ықпал етті.
Мәселен, Мәскеудегі сайлау учаскесінде бірінші болып Ресей Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының 2-курс студенті Даяна Көшімова дауыс берді. «Мен өмірімде бірінші рет дауыс беріп отырмын. Ең алдымен, өз таңдауымды еліміздің игілігі үшін жасадым. Қазақстандықтар бақытты өмір сүруді үйренуі керек, өйткені біз оған лайықпыз», деп өз ойымен бөлісті Д.Көшімова.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігінің Князь Александр Невский атындағы Әскери университетінің 2-курс курсанты Елеухан Шадыман сайлауға алғашқылардың бірі болып келді. «Елімнен жырақта жүрсем де, өзімнің азаматтық борышымды өтеу – мен үшін жауапты іс. Бүгінгі сайлау біз үшін мереке, Мәскеудегі қазақтар болып жиналып, дауыс беруге келдік», дейді Елеухан Шадыман.
Ресейдегі Қазақстанның елшілігі жанындағы сайлау учаскесіне Мәскеу облысының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдар барған екен. Институт ұжымы сайлауда дауыс беру үшін автобуспен 100 шақырым жол жүріп өткен.
«Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы диаспорада жүзге жуық адам бар. Олар жас ғалымдар, орташа жасы 28-де. Парламент – биліктің басты тармақтарының бірі. Біздің мүдделерімізді қорғайтын заң шығарушы орган. Сондықтан азаматтық ұстанымымызды білдіріп, дауыс беруге келдік», деді Біріккен ядролық зерттеулер институтындағы ұлттық топтың жетекшісі, Алматы қаласы Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері Ержан Мұхамеджанов.
Молдовада теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жобасына тартылған «Теміржол жөндеу» компаниясының қызметкерлері Кишиневте дауыс берді. Түс қайта Солтүстік Америкада Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавада сайлау учаскелері жұмыс істей бастады. Сан-Францискода шетелдегі соңғы сайлау учаскесі ашылды.
Бішкекте №264 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де дауыс беру аяқталды. Учаске төрағасы Нұрлан Ғылмановтың айтуынша, дауыс берушілердің қатысуы 39,6 пайызды құраған. Жалпы, Қырғызстандағы елшілікте 300 адам тіркелген.
«Бішкектегі №264 сайлау учаскесіне жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де тіркелген сайлаушылардан 119 қазақстандық дауыс беруге келді, бұл 39,6 пайызды құрады. Дауыстар саналып, бюллетеньдер ресімделіп болғаннан кейін соңғы қорытынды шығарылады», деді Н.Ғылманов.
Қырғызстандағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылары мен «Бостандық қанаты» қоғамдық қорының тәуелсіз байқаушысы бақылады.
Өз таңдауын жасағандар қатарында қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, халықаралық және жеке компаниялардың өкілдері, сонымен қатар аталған елде білім алып жатқан студенттер бар.
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігі жанынан ашылған №272 сайлау учаскесінде аталған ел аумағында уақытша және тұрақты тұрып жатқан 100-ден астам Қазақстан азамат енгізілген. Отанындағы саяси өзгеріске үн қосуға ұмтылған қазақстандықтар Тәжікстанның түкпір-түкпірінен Душанбеге келіп дауыс берді. Елшілік қызметкерлері сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне, учаскенің үздіксіз жұмыс істеуіне бар күшін салып жатқанын айтып отыр.
«Отандастарымыз сайлауға белсенді қатысып жатыр. Таңғы сағат 7.00-ден сайлау учаскесіне қазақстандықтар келе бастады. Тізімге Тәжікстан аумағында уақытша және тұрақты тұрып жатқан қазақстандықтар енгізілген. Оның негізгі бөлігі – бірлескен кәсіпорындардың қызметшілері, дипломаттардың отбасы, студенттер мен туристер», дейді сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Көшербаев.
Айта кетерлігі, шетелдегі барлық сайлау учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған. 12 016 адам дауыс беруге құқылы. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Астана уақытымен кешкі 19.00-де шетелдегі 11 учаскелік сайлау комиссиясының (Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батор, Гонконг, Шанхай, Бангкок, Джакарта және Ханой) жұмысын аяқтады.
Жалпы алғанда 5 071-ге жуық Қазақстан азаматы дауыс берді, яғни қатысу көрсеткіші 41,8 пайызды құрады. Ал қалған 66 учаске жұмысын жалғастырып жатыр.