Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Жүйелі ұйымдастырылды

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, бұл күні Павлодар облысы бойынша 512 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие болған. Мәжіліс депутаттығына өңірден он бір үміткер дауысқа түссе, облыс мәслихатына жеті партияның өкілдері кандидаттарын ұсынды.

Жүйелі ұйымдастырылды

Әдеттегідей, бұл күні Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватаксилер де өз қызметтерін тегін көрсетті. Кей азаматтар денсау­лығына байланысты үйден дауыс беру­ді қаласа, сағат 12.00-ге дейін тиісті сайлау учас­кесіне хабарласып, өтініш қалдыра алды. Ал тұрақ­ты тіркеуі жоқ азаматтарға белгілі бір учаскеде уа­қытша тіркеліп, таңдау жасауға мүмкіндік берілді.

Биыл отау құрғандарына 60 жыл толғалы отырған Қадыр Арынов пен батыр ана Қаламшаш Арынова Май ауданының Көктөбе ауылындағы сайлау учаскесіне елдің алды болып келіп дауыс берді. Қаламшаш әже – 10 құрсақ көтерген ана. Биыл жетпіс жетіге келетін кейуана сайлау учаскесіндегі халықтың ашық-жарқын жүзін, көңілдің хошын ашатын ауанды көріп, қуанып тұрғанын жеткізді.

«Келіп жатқан ауылдастарым көп, әсіресе, жастардың белсенділігін байқадым. Барлығы еліміздің болашағы, халқымыздың жарқын өмірі үшін таңдау жасап жатқаны сөзсіз. Учаскеде қарсы алған комиссия мүшелері таң атпай көңілімізді көтеріп, сыйлық дайындап қойыпты. Бұл сайлауда сөзі – дұрыс, ісі – түзік, білімді азаматтар жеңіске жетсе екен деп тілейміз. Әділетті Қазақстанды құруға атсалысып жатқанымды мақтаныш тұтамын», деп атап өтті батыр ана.

Бұл күні Баянауылда тұратын Екінші дүние­жүзілік соғыс ардагері Қайыр Хасенов пен аймақ­тың абыз ақсақалы, ардагер ұстаз Зекебай Солтан­байұлы үй жағдайында дауыс берді. 98 жаста­ғы қарт майдангер сұрапыл соғыста 6-армия құ­рамында соғысып, Украина жерлерін азат етуге қатыс­қан. Ерен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.

«Заманымыз тыныш болсын, Жаратқан азаматтарымыздың бағын асырсын. Жас ұрпақтың келешегі кемел, аспанымыз ашық болғай. Ел іргесі нығая берсін», деп бата берді қазыналы ақсақал.

Ал 18 жасқа толған павлодарлық тұрғын Арай Темірболат алғаш рет сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. «Маған ертеңгі күні мүддемді кімнің қорғап, өңірдегі мәселелерді қалай шешетіні маңызды. Сол үшін де партиялар мен кандидаттардың бағдарламасын алдын ала қарап алдым. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын», дейді бойжеткен.

Жалпы, бұл күні сайлаушылардың барынша белсенді болғанын байқадық. Тұрғындарға ала таңнан түтеп соққан боран да кедергі бола алмады. Түскі мезгілдің өзінде тізімдегі дауыс берушілердің 52 пайызы дауыс беріп үлгергеніне куә болдық. Ал байқаушылар мен қоғамдық институттардың өкілдері сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процестері барынша жүйелі ұйымдастырылғанын атап өтті.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20