Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Дауыс беруге асықты

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында сайлау додасында бақ сынауға бел буғандар аз болмады. Мәселен, Парламент Мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 496 кандидат ұсынылды. Кандидаттардың арасында төменгі палатаның депуттаттығынан дәмелі 20 адам болған еді. Алайда кандидаттардың біразы сайлау додасына дейін жете алмады.

Дауыс беруге асықты

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, 412 165 сайлаушы тіркелген 296 сайлау учаскесі дауыс берді. Өңірдегі 9 ауруханада, әскери бөлім мен уақытша ұстау изоляторында 11 жабық сайлау учаскесі ашылған. Дауыс беру үдерісін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым­ның 14 халықаралық бай­қаушысы бақылады.

Таңмен таласас тұрып, сайлау учаскесіне асыққан Дүйсәлі Қал­дыбай Жылыой ауданының орта­лығы – Құлсары қаласында тұрады. Қос жанары көрмегенімен, өмірге құш­тарлығын жоймаған. Үнемі белсенді бол­ып жүреді. Түрлі сайыстарға қа­ты­сып, көр­кемсөз оқудың шебері атан­ған зағип жан бұл сайлауда да бел­сен­­ділігін танытты. Сөйтіп, ол Құлсары қаласындағы №97 сайлау учаскесіне алғашқы болып дауыс берді. Оны сайлау учаскесіне ұлы алып келген.

Ал Атырау қаласының тұрғы­ны Мар­жан Сұлтанова – бірінші топ мүге­дегі. Бірақ ол да сайлау бюлле­тенін үйіне алдырмай, №38 сайлау учас­ке­сіне өзі келді. «Әр сайлауға мін­дет­ті түрде қатысып жүрмін. Мұ­ны өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін. Бұл сайлаудан күтетін үмітім мол. Сол себептен, жаңа бастамалары бар адал кандидаттарды қолдау үшін дауыс бердім», дейді ол.

Құрманғазы ауданындағы Теңіз ауылдық округінде орналасқан №177 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Қауменовтің мәліметінше, мұнда 1 114 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектелген 2 сайлаушы бар. Ал 16 адам үйден дауыс беруге өтініш түсірген. 

Дауысты өз үйінде берген­дердің қатарында ардагер Екатерина Абса­тырова да бар.

«Менің балалық шағым соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Отбасымызбен концлагерь тұт­қыны болдық. Тұтқындағы үш жылда көрген қорлығым әлі де түсіме енеді. Қиындықты жеңуге тырыстық. Бүгінгі бейбіт өмірдің шырқы бұзылмаса екен деп тілеймін. Соғыс өрті тұтанбасын, жас ұрпақ жоғары білім алып, бақуатты өмір сүрсе екен», дейді Е.Абсатырова.

 

Атырау облысы