Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Ел ертеңіне сенімді

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болашақты бағамдайтын саяси науқанға ақмолалықтар жіті назар аударды. Өңірде 728 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

Ел ертеңіне сенімді

Таңғы сағат онға дейін сайлау­шылардың 15,1 пайызы дауыс беріп үлгерді. Белсенділік біршама жоғары. Облыс орталығы мен шал­ғайдағы шағын ауылдарда бел­сенділік танытуда. Айталық, Бір­жан сал ауданындағы 31 сайлау учаскесінде 9 465 сайлаушы тіркел­ген болса, сағат онға дейін 3 124 адам өз таңдауын жасап үлгерді.

– Сайлаушылардың белсен­ділігі біршама жоғары. Демалыс күн болғандықтан асықпай келіп жатқандар да бар. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары сайлау барысын қадағалап отыр, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Миргүл Аяғанова.

Ел азаматтарының өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс берулеріне барлық жағдай туғызылған. Нақтырақ айтсақ, қалалық және аудандық автобус бағыттары өңірдің барлық елді мекендерін қамтиды. Тіпті, Астана қаласының маңындағы елді мекендерде жол жүру тегін.

Қияндағы Қорғалжын ауданында да аймақ тұрғындары сая­си белсенділік танытты. Бұл аудан­да ұйымдастырылған 17 сайлау учаскесіне 5 216 сайлаушы тіркелген. Қорғалжын аудандық мәслихатына 28 үміткер бар. Сайлау барысын «Amanat» партиясы мен «Дауыс» қоғамдық байқаушылары коалициясы бақы­лады. Бұл ауданда сағат 11-ге дейін сайлаушылардың 1 176-сы немесе 22,5 пайызы дауыс беріп үлгерді.

– Үміткерлердің сенімді өкіл­дері де қатысып жатыр. Жа­уап­ты науқан ұйымшылдықпен өткізіліп жатыр, – дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлнәр Сыздықова.

Облыс орталығында да сая­си науқан барысында жалпақ жұрттың ел ертеңіне зор сеніммен қарайтынын аңғаруға болады.

 

Ақмола облысы