Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Сайлауға қатысу – саяси сауаттылық белгісі

392 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутат­тары­ның сайлауына орай «Qazaqstan» телерадиокорпо­рациясы 16 сағаттық «Сайлау-2023» онлайн марафонын ұйым­дастырды. Таңғы сағат 09:00-ден түнгі 01:00-ге дейін жалғасқан марафонға министрлер, саясаттанушылар, сарапшылар, түрлі сала қызметкерлері, қоғам белсенділері қатысып, маңызды науқан туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Сайлауға қатысу – саяси сауаттылық белгісі

«Шын мәнінде, бүгінгі сайлау – Әділетті Қазақстанды құру жолын­дағы елімізде жүріп жатқан саяси трансформацияның ажырамас бөлігі. Сондықтан жаңа құрам алдында тұрған міндеттің жүгі ауыр. Олар қоғамның ішінен шыққан білікті маман болғаны ләзім. Себебі әр саланың өзіндік қордаланған мәселесі бар. Демек жаңа құрам сапында әр саладан келген сауатты және ең маңыздысы ұлттық мүддені қорғай алатын, ұлттық мүдде үшін күресе алатын адамдарға деген сұраныс жоғары», деді ол

 

Ерекше форматтағы дискурс

Марафонның «Брифинг» алаңында сайлаушылардың саяси белсенділігі бойынша әр сағаттың басында жедел баспасөз конференциялары ұйым­дастырылып, халықаралық байқау­шылар, сарапшылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты соңғы ақпараттармен бөлісті. «Сайлау ерек­ше­ліктері», «Парламент пәрмені», «Мәслихат мінбері», «Мемлекеттік басқару реформасы», «Инвестиция», «Монополия және олигополия» сияқты саяси-қоғамдық тақырыптар талқыланатын «Дискуссия» алаңында спикерлер өз пікірін білдірді. «TEDx алаңында» Экология министрі Зүль­фия Сүлейменова, академик Асқар Жұмаділдаев сияқты танымал тұлғалар көпшілікпен ой бөлісті. «Дебат алаңында» қатысушылар жасанды интел­­лект, бала тәрбиесі, интернет кон­тентті бақылау, мемлекеттік тапсырыс­пен кітап шығару мәселелері, ауылдарды дамыту, әлемдік миграция, меди­циналық сақтандыру тақырыптары бойынша өз позициясын қорғады.

«Дискуссия» алаңында сөз алған саясаттанушы Нұрбек Пұсырманов: «Бізде бір округтік мандат бойынша өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілді. Осы тұста халық өкілдігінің билігі идеясының кеңейе түскенін айту керек. Халықтың саяси элита болуға мүмкіндігі ашылды. Қоғамда саяси амбициясы бар адамдарға, қоғамда өзін танытқысы келген азаматтарға жаңа тетік пайда болды. Сондықтан өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін пайдалануға болады. Сол азаматтар енді партиялық тізім бойынша сайлауға түсе алады. Демек бұл азаматтық, қоғамдық қалыптасу үдерісін жетілдіреді. Сайлауға қатысу – өркениетті елдің нышаны. Дауыс бермесеңіз, өзіңіздің құқығыңызды шектейтініңізді естен шығармаңыз. Мұндай әрекет демократиялық дамуды тежейді», деді.

Ол 2004 жылы болған сайлаудың қорытындысы туралы да айтып өтті. «2004 жылы осындай өзін-өзі округтен ұсыну үдерісі болды. ЕҚЫҰ-ның сол кездегі сайлау туралы қорытындысы бар. Онда бір партияның сайлауда бойкот жариялау ниеті туралы жазылды. Солар азаматтық қоғамды тежеп, демократияны әлсіретеді деп айтқан болатын. Демек барлық партияның қатысуы Парламентте пікір алуандығының толысуына, кәсіби беделдің қалыптасуына ықпал етеді. Яғни бұл кәсіби Парла­менттің өміршеңдік рөлін арттырады», деді Нұрбек Пұсырманов.

Саяси дода қарсаңында ұйымдас­тырылған ауқымды жоба спикерінің бірі – сенатор Бибігүл Жексенбай. Online марафон алаңында Сенат депутаты мемлекеттік қызметкерлердің имиджі мен оларға қойылатын талаптары туралы әңгіме өрбітті. Спикер соның ішінде еліміздегі ең үлкен өзгеріс ретінде сая­си реформаларды атап өтті. «Мәжіліс пен мәслихаттарға бәсекелестік ортадан халықтың арасынан шығатын үміткерлердің келуі жергілікті билік пен атқа­рушы билікті бақылауы күшейеді. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің өзгеруіне әкеледі. Екіншіден, заң саласына енгізілген өзгерістер де елеу­лі. Соның ішінде мемлекеттік қыз­меткер­лерге жаңа талаптар қойылып отыр. Келісімшарт арқылы азаматтарға уақытша мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мұ­ның барлығы сапалы кадрларды қа­лып­тастырып, халыққа қызмет ететін ма­ман­дар­дың санын арттыруға мүмкін­дік берері сөзсіз», деді сенатор.

Алаңда әлеуметтік желілерде әрбір азаматтың өз пікірі мен өтініштерін білдіруге, сын да айтуға мүмкіндігі бар екенін айтқан спикер жалған ақпараттардың да көбейіп кеткенін жеткізді. «Ең бастысы, мемлекеттік қызмет саласына талапты күшейтіп, сол бағытта жұмыс істеу маңызды. Қазіргі таңдағы жүзеге асырылып жатқан реформалар осы ауқымды істің басы деп білемін. Сондықтан еліміздің ертеңі үшін әрбір азамат саяси науқанда белсенділік танытып, дауыс беруі маңызды», деп ойын түйіндеді Б.Жексенбай.

 

Науқан туралы маңызды пікір

Қазақстан қоғамдық даму инсти­тутының басқарма төрағасы Нұрбек Мәтжани маңызды науқан туралы пікірін білдірді.

«Жақында бірнеше дебаттық пікір­сайысты, әлеуметтік желі мен телеарналарда кандидаттардың, партиялардың бағдарламаларын ұсынғанын көрдік. Халық саяси белсенді болуы керек. Партиялардың, бір мандатты округтерден түсіп жатқан депутаттардың өмірбаянын жіті бақылап, бағдарлама­ларын тыңғылықты тексеріп, оның айналасындағы адамдардың өмірін қаншалықты өзгерте алатынына көз жеткізіп барып, дауыс беруі керек. Алдыңғы шақырылымда депутат болса, ол кезде қандай уәде берді, қаншалықты сол уәдені орындағаны маңызды», деді ол.

Ол партиялардың Мәжіліске кі­руін жеңілдету бойынша реформалар жасалғанын атап өтті. «Соның нәтижесінде жаңа партиялар тіркелді. Болашақта тағы тіркеле бермек. Сон­дықтан елдегі партиялардың саяси өмірге белсенді араласуын жақсы мүмкіндік деп қарастыру керек. Дәл қазіргі жағдайда 5 пайыз жақсы көрсет­кішті көріп отырмыз. Болашақта оның төмендеуі немесе жоғарылауы елдегі саяси жағдайға байланысты болады», деді Н.Мәтжани.

Саясаттанушы Индира Рыстинаның айтуынша, қарапайым халық Мәжіліс пен мәслихатта өздерінің пікірін кім айтады деген сұраққа сайлау арқылы жауап бере алады.

«Еліміздегі өкілдік басқару формасына сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік басқару ісіне өз өкілін тағайындайды, өз өкілін сайлайды. Яғни өз өкілі үшін дауыс беру үдерісі «сайлау» деп аталады. Сондықтан «Мәжіліс пен мәслихатта біздің атымыздан кім сөйлейді, біздің пікірімізді билік алаңына кім жеткізеді?» деген сұраққа сайлау нәтижесі бойынша жауабын аламыз деген сенімдемін», деді Индира Рыстина.

Сонымен қатар саясаттанушының айтуынша, императивті мандат жүйесінің алғашқы көріністері Мәжіліс деңгейінде болмаса да, мәслихат деңгейінде бір жыл ішінде көрініс табады. «Заңнамада көрсетілген тәртіп бойынша бір жылдан кейін Мәжіліс деңгейінде болмаса да, мәслихат деңгейінде қайтарымды мандаттың жүзеге асу қағидаты іс жүзінде қалай болатынын көреміз деп ойлаймын. Себебі қазір азаматтардың жауапкершілігі артып келе жатыр. Азаматтар сайлауға бару, дауыс беру, өз дауысының қалай әсер ететінін бақылау дегенге жауапкершілікпен қарай бас­тады. Ендігі кезекте олар мәслихатқа өз округінен шыққан депутаттардың жұмысын бақылайды. Бір жыл ішінде олар депутаттың жұмысына көңілім толады немесе толмайды деген пікір білдіре алады. Қайтарымды мандат бойынша азаматтар ең алдымен сол округтегі сайлаушылардың он пайыз дауысын жинап, қайтару үдерісін бас­тайды. Одан кейінгі кезекте сайлау комиссиясына барып, округтегі халықтың 50 пайызының сол кандидатқа қарсы екенін айтып, дауыс береді. Одан кейін басқа депутат сайлау үшін дауыс беруге болады. Яғни бір депутатты қайтару үшін азаматтар үш мәрте азаматтық ұстаным таныту керек. Сондықтан өте жауапты және азаматтық қоғам тұрғысынан оның дамуына серпін береді», деді Индира Рыстина.

 

Саясаттанушылардың сарабы

Ал саясаттанушы Жанар Төленди­нованың Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы туралы өзіндік пікірі бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәслихаттар осыған дейін гибридтік қызмет атқарды. Олар мемлекеттік жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару қызметін бірлесе атқарды. Президент осы орайда олар өзін-өзі басқаруды қолға алу керегін нақты айтты. Бұл дегеніміз мәслихаттар бәрінен бұрын жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуі керек. Ол жергілікті жерлерге берілген жер қатынастары, шағын және микро бизнес салығы мәселелерін олар өз құзырына алуы қажет. Жергілікті жерлердің абаттандырылуы мен экологиялық жағдайы да жергілікті деңгейде шешілуі керек», деді ол.

Жанар Төлендинова мәслихаттар әкімдердің ыңғайына көну мәселесіне тоқталды. «Олар партиялардың атынан пропорционалды жүйе арқылы сайланды. Азаматтар өзін-өзі ұсына алмады. Атқарушы және өкілдік билік арасын бөлу өзін-өзі басқаруды енгізу болып табылады. Мәслихат депутаттары халыққа тәуелді болып отыр. Халықтың 25 пайызы өзінің айтқанын орындамаса, олар мандатты қайтарып ала алады. Уәде көп берілді. Енді ол азаматтар оларды орындағанын көреміз», деді Ж.Төлендинова.

«Мәслихаттардың қоғамдағы рөлі қай деңгейде?» деген тақырыпта Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова, сая­саттанушы Әйгерім Серікжанова, заңгер Думан Жампейісов, Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай өз пікірін білдірді.

«Бұған дейінгі мәслихат сайлауына қатысқан депутаттардың көбі – кәсіпкерлер. Шынын айтсақ, олар өзінің кәсібін қорғауды мақсат тұтты. Алайда жұмыс істеп жатқан мықты депутаттар да болды. Олар өз аумағында болып жатқан жағдайлардан хабардар болып, бұл мәселелерді шешуге үлес қосты. Десе де бүгін сайланатын депутаттар әлдеқайда қауқарлы болатынына сенемін», деді С.Ақылбай.

Депутат Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі сайлау жүйесі халық пен биліктің байланысын нығайта түсті. «Бұл жолы халық өз депутатына дауыс беруге мүмкіндік алып отыр», деді депутат.

«Бізде мәслихат институты бірнеше даму кезеңін бастан өткерді. Алғашқы кезеңдерде мажоритарлық жүйеде болып, депутаттар халықпен тығыз жұмыс істеді. Кейін 2007 жылдан бері 100 пайыз пропорционалдық жүйемен сайланды. Ал қазір аудандық, қалалық деңгейде 100 пайыз мажоритарлық жүйеде халық өзі қалаған депутатқа дауыс береді. Болашақта «мен депутаттарды танымаймын» деген пікірлер азаятыны анық», деді заңгер Думан Жампейісов.

Ал саясаттанушы Әйгерім Серікжа­нова аудан, қала деңгейінде 100 пайыз өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға қатысу аймақтағы элитаның ауысуына септігін тигізетінін айтады. «Ауданда халық бір-бірін жақсы таниды. Кандидаттардың ұсынған бағдарламаларына ғана емес, өзімен бірге өскен, өзі қалаған тұлғаға дауыс береді. Бұл мәслихаттарға жаңа тұлғалардың келуіне үлес қосады», деді Ә.Серікжанова.

Ұлттық арна ұйымдастырған «Сай­лау-2023» марафон алаңына қатысқан спикерлердің бірі – Парламент Сенаты аппаратының басшысы Максим Спот­кай депутаттардың жаңа құрамы қан­дай болу керек деген сауалға жауап берді.

«Шын мәнінде, бүгінгі сайлау – Әді­летті Қазақстанды құру жолын­дағы елімізде жүріп жатқан саяси трансфор­мацияның ажырамас бөлігі. Сондықтан жаңа құрам алдында тұрған міндеттің жүгі ауыр. Олар қоғамның ішінен шыққан білікті маман болғаны ләзім. Себебі әр саланың өзіндік қордаланған мәселесі бар. Демек жаңа құрам сапында әр саладан келген сауатты және ең маңыздысы ұлттық мүддені қорғай алатын, ұлттық мүдде үшін күресе алатын адамдарға деген сұраныс жоғары», деді ол.

Сөз арасында бұл сайлауға деген елдің үміті аса жоғары екенін жет­кіз­ген спикер «Үміттер ақталып, ұлт­тық мүдденің ұпайы түгел болсын деп тілейміз» деген тілегін де жеткізді.

Парламент Мәжілісі және мәс­лихат­тарын сайлау қарсаңында өткізілген «Сайлау-2023» онлайн марафонына қатысқан сарапшылардың барлығы ұлттық арна ұйытқы бол­ған жобаның кәсіби түрде ұйым­дастырылғанын атап өтті. Олар «тал­ғаммен жасақталған студия, айтары бар спикерлер және жалынды жастардың ортақ үйлесімі – сайлаудың көркін қыздыра түсті», дейді. Әрине, көрермендерді жалықтырмайтын түрлі тақырыптардағы дискуссияларды ұйымдастырып, өңірлердегі сайлаушылардың белсенділігі туралы ақпараттарды уақтылы беріп, халықаралық озық телевизиялық, техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, бұқараға керекті ақпараттарды дәл уақытында беру – кәсібилікті ғана емес, мол тәжірибені, ізденіс пен еңбекті талап етеді. ­

ТҮЙІН. «Сайлау-2023» онлайн марафоны – еліміздегі саяси науқан күнгі ең бас­ты ақпараттық алаңға айналғаны шындық. Онлайн трансляциялардан бөлек, барлық республикалық телеарналар дискуссия және дебат алаңдарынан бір мезетте тікелей қосылымға шықты. Естеріңізге сала кетейік, бұл – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының мұндай ауқымдағы іс-шара өткізудегі үшінші тәжірибесі. Марафон жаңалықтары арнаның Telegram-каналында 16 сағат бойы үздіксіз жария­ланды. Марафонға 2 мыңға жуық адам қатысса, ауқымды жобаны республикалық арналар эфиріне шығып жүрген 18 тележурналист жүргізді. Атап айтқанда, «Дискуссия», «Дебат», «TEDx», «Экспресс-камера», «Брифинг» алаңдары сәт са­йын түрлі тақырыптарда талқылаулар, жедел брифингтер ұйымдастырып, дауыс беру белсенділігі бойынша аймақтардан және шетелдерден тікелей қосылымдар жасалды.