Жұмысшы мамандықтар жылы • 02 Сәуір, 2025

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Қызылордада Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты «Үздік мамандық», «Топ 100 студент», «Еңбек жолы», «Үздік ше­бер», «Парыз», «Үздік жыл жұмыс берушісі» кон­курс­тары, «НаурызФест» жұмысшы ма­мандықтары фестивалі, «Вор­лскилс» чемпионаты, «Өз ісінің шебері» байқаулары өткізіледі.

Атаулы жылдағы ауқымды шаралар

Сурет: oilcareer.ru

Жалпы, статистикалық мәлі­мет­тер өңірдегі еңбек нарығында 334,8 мың адам жұмыспен қам­тыл­ғанын көрсетіп отыр. Осы­ның 52,2%-ы – жұмысшы маман­дықтары. Олар негізінен экономи­каның көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, сауда, құрылыс пен  өнеркәсіп салаларында басымдау болып тұр. Атаулы жыл аясында жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын жастар қатарын көбейту мақсатында мемлекеттік тапсырыстың көлемі 700 орынға артып отыр.

Орта буын мамандар әзірлей­тін колледждерге де талап кү­шейе түседі. Облыстық білім бас­қармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаевтың айтуынша, білім сапасына байланысты оқу орындарының арнайы рейтингі қалыптастырылады. Бұл оқу орындарының бәсекеге қабі­летті кадрлар даярлаудағы әлеуе­тін айқындайтын басты шарт болмақ. Биыл халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындарымен әріптестік байланысқа жол ашылады. Қазір Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жо­ғары колледжі Германия мем­лекетінің Лейпциг универси­тетімен педагогика, психология мамандығы бойынша, сондай-ақ Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі  АҚШ-тың білім ұйымдарымен ынты­мақтастық орнатты.

Өңірдегі 28 колледждің 19-ын­да  жұмысшы кадрлар даярланады. Биыл кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдар әзірлейтін мамандықтарға профилизация­лау жүргізіліп, бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын ма­мандықтар мен біліктіліктер бо­йынша мемлекеттік лицензиялар кері қайтарылады.

«2024–2025 оқу жылында рес­публикалық және жергілікті бюд­жеттер есебінен 4 608 орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша талапкерлер оқуға қабылданды. Оның ішінде кәсіпорындардың сұранысы бойынша 356 орын мақсатты мемлекеттік тапсырыс негізінде 3 жақты келісімшартпен жүзеге асырылып отыр. Биыл 400 студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабыл­данады», дейді басқарма басшы­сының орынбасары.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес биыл 9-сы­ныпты бітірушілер арасынан жұмысшы, орта буын маман­дықтарын игеруге ниетті жас­­тар­ды толық тегін кәсіп­тік білім­мен қамту жоспарына сәйкес 5 308 орындық мемлекеттік тапсы­рыс бөлініп отыр. Бұл ретте аймақтағы еңбек нарығына қа­жетт­і, сұранысқа ие мамандық­тар­дың ұзақмерзімді болжамын есепке алған жаңа кәсіптер атласы әзірленуі керек. Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситеті осы мақсатта 20 қызмет­керді арнайы оқудан өткізген. Жыл соңына дейін даярланатын мамандықтар атласында их­тиолог, омарташы, аңшылық және аң өсіру шаруашылығы, құс шаруашылығы, жылыжай шаруа­шылығын ұйым­дастырушы, тоқыма өндірісі, өсімдік шаруа­шы­лығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу технологиясы, саябақ шаруашылығы, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, ет және ет өнімдерін өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу, қат­ты тұрмыстық қалдықтарды сұрып­таушы оператор, IT-робот­­­техника, IT-мехатроника маман­дықтары қамтылмақ.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағ­дарламалар басқар­масы да атаулы жылға байланыс­ты ауқымды шаралар жоспар­лап отыр. Соның бірі – биыл еңбек нарығы зәру болып отырған мамандықтар бойынша 525 жұмыссыз қысқамерзімді курстардан өтеді. «Скиллс Еңбек» электронды білім порталы арқылы тегін біліктілігін арттыру сабағынан былтыр облыста 3 мың жұмыссыз өтсе, биыл 20 мыңнан аса адамды қамту межеленген.

«Жыл ішінде «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адам­дар­дың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру» жобасы ая­сында өңірде Павлодар, Қос­та­най, Солтүстік Қазақстан, Шы­ғыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыс­тарындағы бос жұмыс орында­ры жәрмеңкесін өткізу де жал­ға­сын табады. Жыл сайын ұйым­­дас­тырылып келе жатқан осын­­дай жәрмеңкелерде талай жер­­лес­іміз жұмыс күші жетіс­пей­­тін аймақтардан өзіне қолай­лы кәсіп тауып, қоныс аударып жа­тыр. Сонымен қатар биыл «Ең­бек жолы» конкурсы аясында қызме­тінде үздік деп танылған, аймақ да­муы­на еңбегі сіңген жандар дәріп­теледі. Бұл конкурсқа қатысуға өті­нім­дер «Ең үздік еңбек әулеті», «Өндірістің ең жас жұмыскері», «Жұмыс іздеуші жастардың ең үздік тәлімгері», «Өндірістегі ең үздік қарапайым жұмысшылар» аталымдары бойынша қабыл­данады», дейді облыстық жұ­мыс­­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масы басшысының орынбасары Ж.Дәулетбаева.

 

ҚЫЗЫЛОРДА