Сайлау • 20 Наурыз, 2023

ОСК: Дауыс берудің алдын ала нәтижесі қандай?

372 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. 19 наурыз сағат 22:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Шетелдегі 44 сайлау учаскесінде ғана отандастарымыз өз таңдауын жасап жатыр.

ОСК: Дауыс берудің алдын ала нәтижесі қандай?

Орталық сайлау комиссия­сы нау­қан басталғаннан бері әр екі сағат са­йын өңірлердегі нәти­желерді жария­лап отырды. Мәселен, сағат 10:00-ге дейін еліміздегі сай­лаушылардың 14,2 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген. Сағат 14:10-дағы ақпарат бойынша, сай­лау­шылардың 50 пайызға жуығы өз таңдауын жасағанын атап өткен жөн. Осы уақытта әсіресе Қостанай өңіріндегі халықтың белсенділігі жоғары болды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, бұл өңір 62,36 пайызбен көш бастап тұрды. Өңірлер бойынша Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында халықтың белсенділігі байқалды.

Жалпы, сайлаушылардың бел­сен­­ділігі Астанада да ерекше бай­қал­ды. Мысалы, бас қалада­ғы №139 сайлау учаскесіне ағылған­дардың қарасы қалың болды. Еңкейген кәріден, кәмелеттік жасқа толған азамат­тарға дейін дауыс беруге асықты. Соның ішінде ең бірінші болып өз таңдауын жасап, сыйлық алған сайлаушы – Қаныш Әміреев.

– Еліміздің болашағы және ұрпа­ғымыздың келешегі үшін  Ерке­ғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филар­мониясындағы сайлау учаскесіне келіп дауысымды бердім. Алғаш рет осындай ма­жоритарлық сайлау болып жатыр. Көп партия өз кандидаттарын ұсынды. Соның ішінде елге белгілі, іскер азаматтар бар. Сондықтан ерте келіп, оларды қолдағым келді. Жалпы, сайлауға әрбір азамат міндетті түрде қатысуы парыз деп білемін. Алдағы уақытта сайланатын депутаттар жұртына адал болып, Отанына аянбай қызмет етеді деп үміт артамыз, – деді ол.

Дәл осы Астана қаласындағы №139 сайлау учаскесіне 3 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Тек бір адам ғана үйден дауыс беруге шешім қабылдаған. Мұндағы сайлаушы­лардың ең үлкені – 86 жаста болса, алғаш рет саяси науқанға қатысатын 18 жастағы сегіз сайлаушы бар.

Астанада «ниндзя тасбақалар» дауыс бергенін айтуымыз керек. Леонар­до, Рафаель, Донателло және Микеланджело кейпіндегі дауыс берушілер №10 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Тіпті елордалық сайлауға «Диван батыр» да дауыс берді. Оның образынан үй киімін, қуаттағыш сымы бар телефонын және өзінен бір елі ажырамайтын қызғылт диван көрінді.

Дауыс беруге ерекше образда келіп, жұртты таңдандырған қызық оқиға Қонаев қаласында да болды. Алматы облысының тұрғыны Нұрбек Орманов қаладағы сайлау учаскесіне барыстың костюмін киіп келген.

– Егеменді ел ертеңі жастардың қолында, біз жастар ұшқыр ойлы, жасын­дай жарқылдап тиянақты еңбек етсек, Отанымыздың бола­шағы биік­те болмақ. Мен барыс киімін киген себебім бүгінгі сай­лауға өзгеше ажар бергім келді және Қонаев қаласына қойылған облыстың символы арқылы сурет­теуді қаладым, – деді ол.

Осылайша, қызыққа толы болған сайлаудың алдын ала қорытындысы да белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, тізімге енгізілген 12 032 578 азаматтың 6 521 860-ы бюллетень алған. Бұл – сайлаушылардың 54,19 пайызы.

Ал дауыс беру нәтижелері төмен­дегідей: Абай облысы бойынша – 57,2; Ақмола облысы бойынша – 60,1; Ақтөбе облысы бойынша – 58; Алматы облысы бойынша – 60,3; Атырау облысы бойынша – 51,23; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 59,20; Жамбыл облысы бойынша – 65,21; Жетісу облысы бойынша – 55,32; Қарағанды облысы бойынша – 59,48; Қостанай облысы бойынша – 65,10; Қызылорда облысы бойынша – 67,21; Маңғыстау облысы бойынша – 54,10; Павлодар облысы бойынша – 58,68; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 65,25; Түркістан облысы бойынша – 53,1; Ұлытау облысы бо­йынша – 58,99; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 64,15; Астана қаласы бойынша – 42,91; Алматы қаласы бойынша – 25,82; Шымкент қаласы бойынша – 45,46 пайыз.

Орталық сайлау комиссиясы басшылығы сайлаудың толық қоры­тындысы бүгін жарияланатынын мәлім­деді.