Қоғам • 21 Наурыз, 2023

Бақыт пен байлық адамның пейілінде

399 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қолымыз негізгі қызметтен бір сәт қалт ете қалса, ой қуып, ой қаузайтын кезіміз аз болмайды. Тірі пенде ойдан бір ажыраған ба? Не үшін адам болып мына жарық дүниеге келдің? Не іс атқардың? Артыңа қандай із қалдырып барасың?

Бақыт пен байлық адамның пейілінде

Бірде әлеуметтік желіден мынадай жазба көзіме шалынды. Токио қала­сының орталық көшелеріндегі құлақ­тан­дыру ілінетін тақтасына мынадай жарнама ілініпті: «Әкеміз бен анамызды сенімді қолға сатамыз. Әкеміз – 70 жас­та, шешеміз – 65 жаста. Бағасы 1 мың иен. Одан бір иен кем емес, артық емес. Толық мәлімет алғысы келгендер мына телефонға қоңырау шалыңыздар...» деп ірі жазумен жазылыпты. Ары өткен, бері өткен көпшілік әлгі хабарламаны көріп таңғалысын білдіреді. «Ойпырмай, мына заман не болып барады?! Дүние қуғандар, барлығын қойып, енді әкесі мен анасын сатпақшы ма?», «Ой, тәңірім-ау, балаларына өмір сыйлаған анасы мен әкесін сатуға шығарғаны несі? Қандай қаныпезер, мейірімсіз тас жүректер», «Анасы мен әкесін сатқан не сұмдық, қандай қаныпезерлер...» деп жағаларын ұстап, көпшілік гу-гу етіп, күйіп-пісіп ой бөлісіп жатыпты.

Сол маңнан өтіп бара жатқан жас жігіт пен жұбайы көптің әңгімесі құлақ­та­рына шалынып, әлгі жарнамаға көңіл аударады. Жас жігіттің жанарына еріксіз мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қасындағы ке­лін­шегі: «Саған не болды, жанарларың боталап кетті ғой?», деп сөзге тартады. «Мына хабарламаны оқып, жүрегіме пышақ тигендей сезімде болдым. Есіме әкем мен шешем түсті. Телефон нөмірін жазып алшы. Маған бір тың ой туды», дейді дауысы діріл қағып.

Жігіттің әкесі мен шешесі жол апатына ұшырап, содан көз жұмыпты. Тіпті әлі қабір топырақтары кеуіп үл­гер­меген. Әкесі мен шешесі жігіттің тү­сіне күн құрғатпай енеді екен. Үйіне кел­­геннен кейін жұбайына: «Жаңағы телефон нөміріне қоңырау шалайық. Мекен­жайын анықтап, іздеп барайық. Біздің әкеміз бен шешеміздің орнын сол қариялар жоқтатпас, көңілімізге де­меу болар, бізді қайғымыздан жұба­тар», деп ой тастайды. Келіншегі күйеуі­нің ұсынысын қолдап, қоңырау шалып, қарттар сатылатын үйдің қай көше­де, қандай үйде екенін анықтайды. Айтылған мекенжайға келсе, үлкен, әсем, жан-жағы көкжелек пен гүлге оранған екі қабатты еңселі үй болып шығады. «Ша­тасып, басқа үйге тап болдық па екен?» деген ойға келген екі жас сенім­сіз­дікпен үй қоңырауын басады. Аула­да­ғы шәуілдеген иттің дауысына жарысып қарт кісінің «Қазір, қазір...» деген қар­лыққан үні естіледі. Қақпа ашылып, жет­пісті алқымдаған қария сыртқа шы­ғады. «Кешіріңіз, біз хабарлама бойынша келіп едік. Қателесіп, басқа үйге келген жоқпыз ба? Егер олай болса, кешірім сұраймыз». «Жоқ, қателескен жоқсыздар. Ке­ліңіз­дер, үйге кіріңіздер». Үйден жылы жүзді отанасы да шығып, ол да бұ­лар­ға күлімдей қарап, ішке шақырды.

– Біз хабарламада көрсетілген қарт­тар­ды өзімізге сатып алмақ ниетпен ке­ліп едік. Оларды қалай көре аламыз?

– Асықпаңдар. Үйге кіріңіздер. Бар­лы­ғын қазір айтып беремін. Кемпір, шай қой қонақтарға, – деп кем­пі­ріне нұсқау береді.

Үйге енген жұп жан-жақтарына таң­ғала қарайды. Жағдайлары жақсы, үлде мен бүлдеге оранған отбасы екені көрі­ніп тұр.

– Иә, сөйтіп, хабарлама бойынша келдік деңіздер. Жақсы, жақсы. Жүз­де­ріңнен мейірім төгіліп тұрған жастар екенсіздер. Қарт кісілерді сатып алмақ ниеттерің неден туды? Оған не себеп?, – деп үй иесі суыртпақтап қонақтарды сөзге тартты.

– Біз осы қаланың тұрғындарымыз. Әке-шешеміз, өкінішке қарай, таяуда жол апатынан көз жұмды. Олардың жоқтығы біздің жанымызға қатты батты. Сөйтіп жүр­генімізде әлгі хабарламаға кезіктік. Содан сол «саудаға түскен» қарттарды са­тып алып, өз әке-шешеміздей бағайық, оларға барынша бақытты қарттық сый­лайық деген оймен келіп едік.

– Е, оларың жөн екен, жөн. Әке-шешенің қадірін білетін саналы, пейілі оң, көрегенді азаматтар екенсіңдер. Рақмет. Мына қазіргі аласапыран, ию-қиюы мол заманда адамдарда мейірім, бауырмалдық деген қасиетті дүниелер көмескіленіп барады. Адамдар баюдың жолын іздеп, күні-түні дүние қуып, қатігездікке ұрынды, бірін-бірі алдап-арбауды, тонауды ар санамайды. Обал, ысырап, ұят деген атадан келе жатқан дана сөздердің қасиеті кетті. Базбір жан­дар Құдайын мүлде ұмытып, аш қас­қыр­дай кез келгенді талап, тірсегінен қағып, жоқ етіп жіберуге дайын жүр. Соны көріп кейде түңілесің, ой қуып, іштей қапа боласың? – деді көңілдегі ренішін жеткізіп болып. – Пейілдеріңе, келгендеріңе рақмет. Біз, мына жаман кемпіріміз екеуміз, тату-тәтті өмір сүріп, өмір бойы таза еңбек еттік, біреудің ала жібін аттамадық. Соның арқасында беделге, абыройға бөленіп, біраз дүниеге ие болдық. Барлығы маңдай термен адал келген дүние. Өкініштісі, тіпті қасіретіміз десек те болады, бала сүйе алмадық, артымызға ілескен ұрпақ жоқ бізде. Өмір бір орында тұрмайтыны белгілі, қарттық кеумелеп келіп, ертелі-кеш мына жарық дүниеден кетеріміз хақ. Өмір бойы еңбекпен тірнектеп жинаған мына байлығымыз кімге бұйырады, кімге қалдырамыз? Осы бір ой соңғы кезде жиі мазалай бастады. Содан ойласа келе әлгі хабарламаны беріп едік. Құдайы бар, пейілі түзу, жөнді біреулерге мына дүниелерімізді қалдырсақ деген ой-арман ғой бізде. Көріп, біліп отырмыз. Өздерің біздің ойда жүргендегідей жан екенсіңдер. Біздің бұл ұсынысымызды қабылдасаңдар, сендер бізге сүйеніш артатын ұл-қыз болыңдар. Ал біз сіздерге сенімді ана-әке болайық, – деп ой тастайды хабарлама берген қарттар.

Сөйтіп, әкесі мен шешесін кездейсоқ жол апатынан жоғалтып алған жас отбасы өздеріне әке мен шеше тауыпты. Тек ол емес, қарттардың бүкіл өмір бойы жиған байлығы, үй-жайы жас отбасының еншісіне қосылыпты.

Ел арасында «Адамдардың пейілі тарылып барады», «Кей жастар жаман­дық­қа әуес», «Ниетімізге не болған?» деген сөздерді жиі естиміз. Күн сайын теледидар түрлі сұмдықты хабарласа, әлеуметтік желіде де алдау-арбау, кісі өлтіру, тонау секілді ақпараттар желдей еседі. Пәтер алып берем деп ақшасын алып, хабарсыз кету де бұл күнде жаңа­лық емес. Мұндай келеңсіздікті көріп жү­регің ауы­рады, бұлыңғыр болашақты ойлап маза­сыз­да­на­сың.

Қолында билігі бар адамның кейбірі мүмкін болғанның бәрін алдымен өзі үшін жасап, қармап, ұрлап, тығып, жинап қалуға құмар. Ондай басшылар әруақытта бірінші кезекте елдің емес, өзінің және өзіне ең сенімді «тө­ңі­ре­гі­нің» жеке шаруасын қолға алады. Ел тағдырын, қара халықтың жайын соңғы кезекке қояды. Бұны адамдар пе­йі­лінің бұзылғаны демеске шараң жоқ. «Мешкейдің өзі тойса да, көзі той­май­ды­ның» кері келіп, қанша тойым­сыз, құныққан жан темір торға түсіп, басына, отбасына қасірет бұлтын қою­латып жатыр. Әрине, бәрі емес.

Осындайда көрнекті ақын Есенғали Раушановтың мына жыр жолдарына ойымызға оралады:

«О дүние бір керуен жол кешкен әрі,

Бірі ерте, енді бірі кеш барады.

Кетесің не қалдырып артыңа сен,

Ел ертең кім еді деп еске алады?

Қой баққан, тауық баққан,

                              шошқа баққан,

Зәулімдеп сарай салған қос қабаттан.

Қарасаң не мықтылар өтіп кетті,

Бұл дүние ақ сағым-дүр

                               босқа лаққан».

Иә, «Кетесің не қалдырып артыңа сен, Ел ертең кім еді деп еске алады?» деп ақын бізге орынды сұрақ қояды. Бұл – әркімді міндетті түрде ертелі-кеш ойлан­дыратын, толғандыратын сұрақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тек жеке бастың қамын ойламай, өзге жан­­дарға жәрдемдесуге, жақсылық жа­сау­ға тырысайық.

 Байлық деген адамның пейілінде деген сөз, сірә, рас болуы керек.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Тараз