Халық • 20 Наурыз, 2023

Тоқты-гриль – тойдың дәмі

382 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ең үлкен қуаныш күні – Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі. Айтпағымыз, Самар­қан­ның көк тасы көлбіп, ақ түйенің қар­ны жарылған айпара қуанышта Жа­ра­тушы жа­рыл­қап, жамы­рас­қан халық бір-бірінің ал­дына ең дәмді асты қояды. Дана дәстүрге сай астаналық бір дәмді жама­ғатқа таныстырғалы отырмыз! Ол – «Тоқты-гриль».

Тоқты-гриль – тойдың дәмі

Аталған ас қазіргі күнде Астанадағы, анау Көкшетаудағы және мынау Қарағандыдағы ел-жұрттың қуаныш дастарқанынан жиі табылатын таңдаулы жеңсік дәмнің біріне айналған. Тұтас тоқты күйінде бұқтырылып әрі ыстық отқа қақталып дайындалатын астың дәмі расында да тіл үйіреді. «Тоқты-гриль» фирмасының сайтында пікір қалдырған бір азамат: «Өткендегі тоқтының дәмі ауыздан кет­пейді. Келген қонақтардың таң­дайын тақыл­датып, тоқсан күнге дейін там­сан­дыр­ғаны рас. Рахмет саған «Тоқты-гриль!» деп үлкен әріптермен жазып қойыпты.

Дәмді тағамды қазақ халқы жоғары баға­ла­ған. Сондықтан қонағын құдайдай сыйлайтын Алаш баласы той-жиында жалпыға үлкен ас – қайнап піскен ет тартқан. Ал ортақ қуанышқа алыстан ат арылтып, шаршап-шалдығып келген қонақтарын төрт-бес күн аялдатып, арасында отқа қақтап дайындайтын керме-кәуаппен, жерге көміп пісіретін сірне сынды таңсық тағамдар ұсынатын болған. Дәмі жаның мен ағзаңа рахат сыйлап, аңқыған жағымды иісі бұрқырап танауыңды тесетін «Тоқты-гриль» қазақтың көнеден келе жатқан таңсық тағамдарының жаңғырған тамырласы әрі жалғасы десек болады.

Жуырда аталған фирманың менеджері Берік Бақбергенұлымен кездейсоқ жолығысқан едік. Ас мәзірі аса дәмді болғанымен, жер-жерде жорғалаған екі аяқтының бәрі дерлік «бизнес» деп білек-балағын түрінген мына заманда, әуелде абайлап сөз тартқанымыз рас. Сөйтсек, «Сұрағанның бәрі сұрқылтай, жамырағанның бәрі жамағат емес» екен. Дүниенің соңынан сүмеңдеп еріп кетпей, жан-жүрегінің қалауымен саналы түрде қазақ дәстүрін мықты ұстап жүрген азаматтар бар екен. Соның бірі – Берік Бақбергенұлы. Жалған мақтаудың қажеті не? Ол тартынып, кібір­тіктегенімді жазбай таныды. Сөйтті де әңгімені өзі жайландырып, таратып ала жө­нел­ді. Қазақ дастарқаны жөнінде, халқы­мыз­дың қонақтарға ас тарту мәдениеті туралы айтылғанда оның жорғасына ілесе алмай қалғандай болдық.

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп алып көсілген ол, қой құт-берекенің басы екенін айтты. Жұмақтан келген бір ғана төл – қой малы екенін тамсана отырып тәптіштеді. Ыбырайым пайғамбар Алла Тағалаға берген уәдесінде тұрып, бауыр еті баласы Ысмайылды құрбандыққа шалмақ болғанын әңгімеледі. Жүзі қылпып тұрған пышақты ұлының тамағына тақап тұрып, бар күшімен орып жібермек болғанда, бала тамағын кестірмей тастап, аяушылық жасаған Алла Тағала құрбандыққа көктен арнайы көк тоқты түсіргеніне арнайы тоқталды. Осы тұрғыда қазақ дәстүрі мен мұсылмандық уәжіп-парыз жымдасып, астарласып жатқанын жылы ой, жақсы сөзбен жеткізді.

Аңыз-әфсана жетегіне ғана ілеспеген Берік Бақбергенұлы, қой етінің адам ағзасы мен денсаулығына орасан зор пайдасы бар екенін де еске салды. «Қой еті коронавирус сынды қатерлі дерттерге қарсы. Қой етінің пайдалы қасиеттерін білесіз бе? Ол Е, D, K тобындағы және В тобындағы барлық дәру­мен­нің арқасында иммунитетті көтереді. Адам­ға суық тигенде қазақ негізінен қойдың ма­йын қолданады. Бұлармен бірге аутоиммунды ауруларға қарсы профилактикалық әсері бар. Дене­дегі зат алмасуды да жақсартатын осы қой еті», дейді.

«Жылқы еті төсек салып жатқанша, сиыр еті бозарып таң атқанша, қойдың еті келесі күн қызарып барып батқанша» деген қазақ­тың тағам тұтынудағы білгірлігін дәріптей келіп, соның бәрін бүгінгі ғылым растап отыр­ға­нын нығыздады. Қой етінің құнары мен қуатын, майлы құйрықты дұрыс тұтынса адам бойындағы жарақаттар мен олқылықтарды қал­пына келтіруде және өлген клеткалардың орнына жаңасын жасауға көмектесетін қасиет­тері мен пайдасы туралы да шегелеп тұрып баяндады.

Журналист болған соң бірер сұрақты қоюға тура келді. Фирманың ауыр-жеңіл жұмысын 5-6 жігіт қана жүргізеді. Әйелдер мен егде тартқан кісілерге бұл жұмыс қол емес. Себебі жұмыстың көбі ауыр әрі беймезгіл шақта істеледі. Кезінде қойдың бір аяғынан гриль пісіріп іс бастаған фирма, біртіндеп қанатын кеңге жаю үстінде. Дәмінің басқалардан ерекше дәмді әрі ағзаға сіңімді болуының себе­бі, жігіттер бір жылға жуық уақыт жергі­лік­ті табиғи өнімдерден өз рецепттері бойынша дәмдеуіштер жасап шығарған.

Түркиядан арнайы әкелінген тоқ-пеште дайындалған тұтас қойды фирма қызмет­ке­рі­нің өзі жеткізіп, жіліктеп береді. «Алты жыл аш жүрсең де, ата дәстүріңді ұмытпа» деген халықпыз. Өкінішке қарай, кейбір тілі бүлініп, ділі бұзылған бауырларымыз қарапайым жөн-жоралғыны, соның ішінде қазақтың мал етін он екі жілікке бөліп, әр қонаққа сый-құрметіне орай табақ тартатынын білмейді. Осыны айтып көз алдымызға бір тоқтының етін алдырған Берік Бақбергенұлы, оны жіліктей жөнелді.

– Бірінші асықты және ортан жілік, сондай-ақ қабырғаның біткен жеріндегі жұқа ет – сүбе, қой етіндегі ең маңызды мүше жамбас пен құйрық және бел омыртқа бас табаққа, сый табаққа салынады. Ал мойын, кәрі жілік, тоқпан жілік, төс, қабырға жастар мен әйелдер табағына салына береді. Бірақ кәрі жілікті тұрмысқа шықпаған қыздардың ұстауына тыйым бар. Сыйлы мүшенің бірі саналатын төсті күйеу балаға жеке салып беруге де болады. Қабырғаны тұтас қоймай, екі-екіден тіліп тартқан дұрыс, – деп сөзін тиянақтады кәсіпкер.

Тағы бір мәлім болғаны «Тоқты-гриль» фирмасы қоймен қатар күркетауықты да дәл солай дайындайды екен. Оның да дәмі ғаламат. Тоқты еті 20-25 адамға бір күндік азық болса, күрке тауықтың еті 10 шақты адамға еркін жететін көрінеді. Тәбетіңіз тартып, тапсырыс бергіңіз келсе, гуглге фирманың атын тере салсаңыз, барлық мәліметі бітіктелген беті жарқ етіп шыға келеді. Олай болса, жаңа дәуірде қазақтың дәстүрін жаңғыртып жүрген жігіттердің қолы дерт көрмесін делік...