Саясат • 20 Наурыз, 2023

Жастар үні жарқын шықты

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сайлаушылар Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 42 жас кандидатты таңдады. Үміткерлердің басым бөлігі «Аmanat» партиясынан өтті. Бұл туралы «Жастар үні» жас кандидаттарды қолдау блогының өкілдері баспасөз мәслихатында хабарлады.

Жастар үні жарқын шықты

Саяси науқанның қорытын­дысына орай өткен жиынға белсенді журналистер Ерқанат Көпжасарұлы, Ақбөпе Тәңірберген, Нұрсұлтан Құрман қатысты. Олар қоғамда пікірін ашық білдіріп жүрген әр саланың белсенді жастарына үгіт-насихат кезінде ақпараттық қолдау көрсеткенін жеткізіп, блог жұмысының статистикасын жария етті.

– Кеше біз де көппен бірге істелген жұмыстың нәтижесі бола ма деп алаңдап, тағатсыздана сайлау қорытындысын күттік. Біз ешқандай ұйым немесе саяси қозғалыс емеспіз. «Жастар үні» өтініш білдірген жас кандидаттардың ұсынылған партияларына қарамай-ақ, барлығына жаппай қолдау көрсетті. Алайда біз өзіміз үшін партиялық тізімдерде жас кандидаттардың ұсынылуы бойынша статистика жасадық. Мысалы, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия тізіміндегі 19 адамның ішінде 1 жас кандидат болса, «Ақ жолдан» түскен 54 үміткердің 6-уы жас. Ал «Байтақтағы» 18 кандидаттың ішінен 1-і жас үміткер. Сондай-ақ «Respublica»-дан 25 адамның 5-еуі, «Amanat»-тың 90-нан 17-сі, «Халық партиясының» 52-ден 3-еуі, «Ауыл» партиясының 25-тен 9-ы өтті. Бағдарлағанымыздай, көрсеткіштер жаман емес. Енді біз бұл жас үміткерлерді Exit-рull-дың соңғы нәтижелеріне сәйкес, тізімге енгізілуі бойынша бақылаймыз, – деді журналист Ақбөпе Тәңірберген.

Жиында «Жастар үні» блогының бастамашыл өкілдері бір ай бойы подкасттар, блогтар, посттар жария­лап, жас кандидаттарды жан-жақты қолдау білдіргенін жеткізді. Бұған қоса олар блог жұмысы әрі қарай да жалғасатынын айтты.

– Блог 20 ақпанда Алматы қаласында құрылды. Барлық партияның тізімінде кімдер барын алдын ала қарадық, зерделедік. Партия қатарындағы жастардың үлесі қаншалықты? Жастарға бө­лінген 30 пайыз квота шарты қан­шалықты орындалып жатқаны­на назар аудардық. Біз Мәжіліс пен мәслихаттарда орындарды квотаны жабу үшін қолданбай, жас кандидаттарға қолдау көрсету идеясын алға тарттық. Бүгінде 100-ден астам жас үміткерге қолдау көрсетілді. Ең бастысы, біз оларды партиялар немесе салалар бо­йынша бөлмей, барлық жүгінген кандидаттарға көмектестік. Басты шартымыз – 35 жасқа дейінгі жас­тар болуы керек еді. Әрине, біздің аудиториямыз бар болғандық­тан, негізінен әлеуметтік желілер­де ақпараттық қолдау көрсетіл­ді. Жұмысымыздың маңызды көрсеткіштерінің бірі – жас кандидат, қоғамдық пікір көшбасшы­сы Дәулет Мұқаевтың жеңісі, – деп атап өтті журналист Ерқанат Көпжасарұлы.

«Жастар үні» жас кандидаттарды қолдау блогының өкілдерінің есеп беру баспасөз брифингіне Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Дәулет Мұқаев та қатысты.

– Мына хаттамалардың барлығын қарап отырсақ, 167 округтің басым бөлігінің барлығында жеңіске жеткенбіз. Сондықтан 10-15 минут бұрын әлеуметтік желіге салып, сүйіншімді сұрап тастадым. Бірақ ресми мәліметті де күтеміз, – деді Дәулет Мұқаев.

Жалпы бұл жолғы сайлау билік жүйесіне өзіндік өзгерістерін енгізді. Өйткені Exit-poll нәтижесі бойынша саяси додаға түскен жеті партияның алтауы Парламентке баруы мүмкін. Оның ішінде жылдар бойы осыны мақсат тұтқан «Ауыл» мен аз ғана уақытта құрамын жасақтап, тартысқа түскен «Respublica» партиялары бар. Сондай-ақ бұл екі электораттың – ауыл тұрғындары мен жастардың позицияларының нығая түскенін көрсетеді.

– Жас депутаттарға үлкен жауап­кершілік жүктеліп отыр. Өйт­кені өз білімімен, күшімен алға суыры­­лып шыққан, өзіндік кон­цепция­сы бар жас­тарды жас сайлаушы­лар, қоғамдық пікір көш­басшы­лары қол­дайды. Олар шынымен де Пар­ламентке жаңашылдық әкелетініне және заң шығарушы органдарды «оята алатынына» сенімдіміз, – деді журналист Нұрсұлтан Құрман.

Айтпақшы, Еуразия интегра­циялық институтының са­рап­тама­сына сәйкес, Парла­мент Мәжілісінен «Amanat» партия­сы 38-40 орын, «Ауыл» партиясы 8 орын, «Respublica» партиясы 6 орын, «Ақжол» партиясы 6 орын, «Ха­лық партиясы» 5 орын, ЖСДП 4 орын алуға тиіс.