Абай • 22 Наурыз, 2023

Абай мүсіні тұғырға қонды

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған төрінде Ұлыстың ұлы күні ұлы Абайдың алып мүсіні тұғырға қонды. Көз тартар көркем ескерткіш Б.Римова атындағы драма театрдың алдына жайғасты. Жетісу­лықтар үшін әз Наурыз мерекесі осындай әсерлі оқиғамен басталды.

Абай мүсіні тұғырға қонды

Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев

Көктемнің алғашқы қоңы­рауы Жетісуда соғылатын секілді. Неге десеңіз, жылға­дан аққан мөлдір бұлақ пен кілемдей жайылған көк шөп­тің кербез көрінісі жанға жылулық сыйлайды. Құстың шиқылы мен қыстың соңғы күндері жаңа жылдың жылы лебін сезіндіреді. Қараңызшы, әдеттегідей жетісулық жастар мерекенің басын көшет егумен бастап, ұлттық ойындармен әрледі. Наурыз көже, салт-дәстүрге сай дәмдер мен дәстүрлі әндер жиылған халықтың мерейін өсірді.

Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Пар­ламент Сенатының бірқатар депутаты, Абай облысынан арнайы өкілдер, Құнанбай қажының тікелей ұрпағы Хусман Верлишев және зиялы қауым қатысты.

Әуелі Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылы­мының үзін­дісі қойылды. Онда театр әріс­терімен бірге басты рөл­де еңбек сіңірген қайрат­кер, белгілі актер Болат Әбділ­ма­нов өнер көрсетті. Одан кейін ескерткіш ресми түрде ашы­лып, алдына гүл шоқтары қойылды.

Естеріңізде болса, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Жетісу жерінде Абай ескерткішін орнатуды тапсырған еді. Мұны өңір басшысы өз қадағалауында ұстаған. Енді айтулы сәт ұлт­тық мерекемен тұспа-тұс келіп, тұрғындардың қуанышын еселеді.

– Абайдың сөзімен айт­сақ, «Мал жұтайды, өнер жұта­майды». Бұл – руханият­тың ғұмы­ры мәңгілік екенінің айқын айғағы. Осы игі шара­ның Наурыз мерекесімен тұс­па-тұс келуінде үлкен мән бар. Наурыз тіршіліктің нәрі, барша игіліктің қайнар көзі болса, Абай қазақ халқына рухани серпіліс әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына жолбасшы болды. Сондықтан осы екі қастерлі құндылығымыздың бір-бірімен астасуы, қуаныш­тардың қатар келуі заңды. Қазақстанның жаңа дәуірін жасап, әділетті қоғам құру барысында біз тағы да Абайға жүгінеміз. Ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек әрқайсымызға аса қа­жет екенін ұғынамыз. Осы үш асыл қасиеттің адамды ал­ға жете­лейтінін, ақиқатқа бастай­ты­нын түйсінеміз. Абай қазақ­пен бірге жасайды. Оның шығар­малары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық, – деді Б.Исабаев.

Одан кейін ескерткіштің идеясын ұсынған авторлардың бірі, белгілі сәулетші марқұм Ақмырза Рүстембековті терең ризашылықпен еске алып, шараға арнайы қатысып отырған мүсінші Мейірлан Әзмағанбетовке көпшіліктің атынан алғысын білдірді.

Шара барысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жетісулықтарға ізгі тілегін жолдаса, Құнанбай қажының ұрпағы Хусман Верлишев Абай облысы әкімінің және ақынның туған өлке­сінің ыстық сәлемін жеткізіп, батасын берді. Бұдан әрі мереке Абай әндерімен жалғасты.

Ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындал­ған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры – 5,3 метр, мүсіні – 3,6 метр. Ескерт­кіштің авторы – Ақмырза Рүстембеков және Мейірлан Әзмағанбетов. Айта кетейік, мүсін­ші М.Әз­ма­ғанбетов бұған дейін Талдықор­ғандағы Сүйін­бай Аронұлының, Ғали Орма­нов­­тың, Нұрғиса Тілендиевтің ес­керт­кіште­рін, «Аялы ала­қан» композициясын жа­саған.

 

Жетісу облысы