Күн мен түн теңелер, айнала жаңарып, гүлденер шақтың, жақсы амалдарға бастау болған Наурыз мейрамының ерекшелігін БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш құттықтау сөзінде ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде жаһан жұрты бұрын-соңды болмаған сынның алдында тұрғанын, әлем түрлі қақтығыс, климаттың өзгеруі, жаһандық өмір сүру құнының артуы сияқты өзекті мәселелерімен бетпе-бет келіп отырғанын да айтып өтті.
Салтанатты іс-шарада БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин де мазмұнды баяндама жасап, барлық халықты жыл басымен құттықтады.
«1926 жылдан бастап 60 жылдан астам уақыт бұл мерекені тойлауға Қазақстанда тыйым салынды. Тек 1988 жылы ғана Наурыз қайта жанданып, рухани және қасиетті мәніне ие болды. Бүгін біз Наурыз мерекесін тойлай отырып, оның маңыздылығын бұрынғыдан да көбірек еске түсіреміз. Бұл жаңарудың, бірлік пен келісімнің маңыздылығын еске салады», деді Ақан Рахметуллин.
Ұйымның Штаб-пәтерінде Наурызды тойлау кездейсоқ емес. Себебі бұл мереке 2009 жылдың 30 қыркүйегінен бастап ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Ал 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мүшелері Наурыз мейрамын халықаралық күн ретінде жариялады. БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық наурыз күні» деп аталатын қарар қабылдаған еді. Онда мерекеге «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орталық Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр» деген түсініктеме берілген. Тарихы тереңге кеткен көп ұлыстың ұлы күнін ресми түрде мерекелеуге Кеңес өкіметі тыйым салса да, Алаш арыстары оны естен шығармауға тырысты. Мәселен, Тұрар Рысқұлов 1920 жылы Түркістан Республикасы орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланғанда, «Түркістан Республикасындағы түркі халықтарының тілін мемлекеттік тіл деп жариялау» және Наурызды мемлекеттік мерекеге – демалыс күніне айналдыру туралы бастама көтеріп, арнайы бұйрық шығарған. Оны тарихи дерекнама құжаттар дәлелдейді.
Іс-шарада Орталық Азия елдерінің халықтары Наурызды қалай атап өтетіні туралы БҰҰ жанындағы Түрікменстанның тұрақты өкілі Ақсолтан Атаева айтып берді.
«Бала кезімнен қонақтарға есіктер айқара ашылып, ең әдемі киім киіп, музыка, әндер шырқалатыны есімде. Наурыз тойы неғұрлым көңілді өтсе, жыл соғұрлым жақсылыққа толы болады. Сондықтан мен баршаңызды Наурыз мерекесімен, осы тамаша көктем күнімен құттықтаймын және әрқайсыңызға бейбітшілік, бақыт, жарық және үйге жақсылық тілеймін», деді А.Атаева.
Салтанатты іс-шара кезінде Наурыз мерекесі дәстүрлі болып табылатын БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері көктем мерекесі мен олардың елдеріндегі жаңарулар қалай атап өтілетіні туралы айтып берді.
«Наурыз келгенде біз кішкентай балалар сияқты оттан секіретін едік. Бұл біз үшін басты қуаныш болды. Барлық туған-туыстарымыздың бір дастарқан басында жиналатыны есімде. Әйелдер дәмді баклава, шекер-боракс дайындайды. Мұндай ас әр үйдің дастарқанында тұрады. Әрине, біз балалар бұл мерекенің аяқталмауын тілейтін едік», деді БҰҰ жанындағы Әзербайжанның тұрақты өкілі Яшар Әлиев.
Негізі Біріккен Ұлттар Ұйымында Наурыз мейрамын атап өтуді бірқатар ел жыл сайын мерекелік іс-шара өткізуді қолға алып, ұйымдастырып отырады. Мәселен, өткен жылдары Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің мұрындық болуымен және түрлі мемлекеттердің елшілері мен өкілдерінің қатысуымен Халықаралық Наурыз мерекесі аталып өтті. Наурыз күніне арналған мерекелік іс-шараға ИИР, Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Ирак, Қазақстан, Тәжікстан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттерінің өкілдері қатысқан. Осы мерекелік жиында сол кездегі БҰҰ-ның Венадағы кеңсесінің бас хатшысы Юрий Федотов тарихи мерекенің халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты кеңейтудегі маңыздылығын айта отырып, бұл күнді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы тарапынан Халықаралық Наурыз күні деп атаудың тарихын баяндайды. Осыны ескерген және Наурыз мейрамының ерекшелігіне тәнті болған БҰҰ жыл сайын штаб-пәтерінде кеңінен атап өтуге ден қойып келеді.