Төтенше жағдай • 24 Наурыз, 2023

Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы бақылауға алынды

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында су тасқыны кезеңіне қатысты мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайы бақылауға алынды

Бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары мен аудан әкімдері қазіргі жағдай және су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәселелерді талқылау барысында «Қазсушар» РМК және «Қазгидромет» РМК филиалдары жасаған болжамдық-талдамалық жұмыстардың мардымсыз екендігі атап өтілді.

«ТЖД-мен бірлесіп жақын арада су тасқыны қаупі бар учаскелер қайта қаралады. Аудан әкімдерінен барлық мәселені қатаң бақылауда ұстауды сұраймын. Егер бір жерде қосымша көмек қажет болса, бұл туралы дереу хабарлаңыз», деп тапсырды облыс әкімі. 

Бұдан басқа, су тасқыны салдарынан бүлінген автожол учаскелерін тезірек қалпына келтіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында су басуға бейім жол учаскелері анықталды. Осы учаскелерде қосымша су құбырларын орнату, сондай-ақ көпірлерді салу және жөндеу мәселесі қарастырылып жатыр.

Жиын барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстың елді мекендеріндегі су тасқынының алдын алуға және жоюға қатысқандардың барлығына алғысын білдірді. Олардың ішінде «Бабэк-Құрылыс», «Нұрболат», «Ұлан Компаниясы», «Альянс Б-2», «ИНШАБ» құрылыс компаниялары, «Дина» сауда желісі, «Айс», «Рамазан», «Жаңа Әлжан ұн тарту комбинаты» өндірістік компаниялары, «Ақтөбе фудс» және т. б. кәсіпорындар материалдық қолдау көрсеткен.