Спорт • 24 Наурыз, 2023

«Алтай» қыздары қатарынан жетінші рет чемпион атанды

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алтай» қыздары қатарынан жетінші рет чемпион атанды

Финалда Юрий Панченко жаттықтыратын өскемендіктер мен сербиялық маман Дарко Добресков баптайтын «Қуаныш» (СҚО) командасы алаңға шықты.

Бейсенбі күні өткен алғашқы матч жанкүйерлердің көңілінен шықты. «Алтай» мен «Қуаныш» партияны кезек-кезек алып отырды (25:23, 22:25, 26:24, 20:25). Соңғы бесінші сетте «Қуаныш» төрт матчболды пайдалана алмады. Есесіне жинақы ойнаған, Сана Анарқұлова бастаған өскемендіктер 16:14 есебімен алға озды.

Бүгінгі ойын да бес партияға созылып, шешуші сетте «Алтай» (25:18, 17:25, 23:25, 25:22, 15:11) басым түсті.

Осылайша, «Алтай» қыздары қатарынан жеті рет алтын жүлдеге ие болды.

Сегіз дүркін ел чемпионы атанған «Жетісу» командасы бұл жолы қола иеленді. Ал Елена Павлованың қарамағындағы талдықорғандықтар үшінші орын үшін бәсекеде «Ертіс» (Павлодар) командасын 3:0, 3:1 есебімен ойсыратты.