Спорт • 25 Наурыз, 2023

Президент қазақстандық гимнасттарды құттықтады

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Президент атынан қазақстандық гимнасттарға құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент қазақстандық гимнасттарды құттықтады

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов спорттық және батут гимнастикасынан Әлем кубогінің кезеңдерінде алтын медаль жеңіп алған қазақстандық гимнасттар: Нариман Құрбанов, Милад Карими, Пирмаммад Әлиев және Данил Мұсабаевпен кездесті.

Іс-шараға жаттықтырушылар, медицина қызметкерлері және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова қатысты. Министр оларды соңғы жетістіктерімен құттықтап, алғыс хат табыстап, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Сіздерді тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын. Қазақстандық спортшылардың зор әлеуеті бар және менің министр ретіндегі міндетім — оларға лайықты қолдау көрсету. Спортшыларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету, соның ішінде жаттығу базалары, тамақтану, лайықты еңбекақы және басқа жағдайлар жасау. Шынында да, спорттағы жетістіктерге қысқа мерзімде қол жетпейді, бұл олар үшін өмірлік мотивация. Осы жетістікке қатысқан барлық қызметкерлерге алғыс айтқым келеді. Біз бәріміз бұл үлкен жолдың басы деп үміттенеміз және жақын арада өтетін Азия мен Олимпиадада сәттілік тілейміз. Біз сіздерді қолдаймыз және сіздердің өнерлеріңізді мұқият тамашалаймыз!», деді Асхат Оралов.

Әлия Юсупова өз кезегінде мемлекет тарапынан гимнасттарға көрсетілетін қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, спортшыларымыздың олимпиадалық лицензияларды жеңіп алу мүмкіндігіне баға берді.

«Мәдениет және спорт министрлігіне қолдауыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Тек қаржылық емес, моральдық тұрғыда қолдау көрсету маңызды. Әсіресе спортшылар үшін қажет. Олар алаңға шыққанда, өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істейді, шаршы алаңға шыққан спортшыларға елдің қолдауы қосымша мотивация мен қоса, күш-жігер береді. Балалардың спорт және батуттық гимнастикада зор әлеуеті мен лайықты нәтижелері бар. Сондықтан олимпиада лицензияларын алу мүмкіндігіміз өте жоғары», деп атап өтті Қазақстан гимнастика федерациясының президенті.