Спорт • 26 Наурыз, 2023

Жансая Әбдімәлік Бибісара Асаубаеваның сынына жауап берді

5189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік Бибісара Асаубаеваның сынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жансая Әбдімәлік Бибісара Асаубаеваның сынына жауап берді

«Бибісараның маған қарата айтқан сөздеріне мән бере бергім келмейді, бірақ осы жолы жауап бермесіме болмады. Үндістандағы турнирдегі келеңсіз жағдай менің ғана емес, Б. Асаубаеваны қоса алғанда, өзге әріптестерімнің де көңілінен шыққан жоқ. Бұл әрине ұйымдастырушылар тарапынан кеткен қателік. Біз ақылдаса келе, ФИДЕ президенті мен аппарат басшылығына бұған қанағаттанбайтынымызды білдіріп, ұжымдық хат жаздық. Жарысты кейінге қалдыру немесе оны өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадық. Ол хатқа Б. Асаубаеваны қоса алғанда, турнирге қатысушылардың барлығы дерлік қол қойды», деп жазды Ж. Әбдімәлік Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, ол мұндай жағдайда ойнай алмайтыны жөнінде ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович пен атқарушы директор Эмиль Сутовскийге жеке өзі хабардар еткен. Ж.Әбдімәлік ұйым басшысының жауап хатын қоса ұсынып, шахматшылар қауіпсіз және дұрыс жағдайда ойнауға лайықты екенін жазған.

«Мен өз елімнің атынан қашан да мақтанышпен және абыроймен ойнаймын. Үндістандағы Олимпиаданы әлі күнге дейін жылы еске аламын. Бірақ Делиде жасалған жағдай шынымен ақылға қонымсыз болды. Бибісара Асаубаеваның осынау жалған өтірігі мен екіжүзділігіне қарамастан, мен өз шешіміме өкінбеймін», делінген жазбада.

Еске сала кетейік, блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева өзінің Instagram парақшасында Жансая Әбдімәлікке қатысты сыни пікір жазды. Кейінірек FIDE президенті Гран-приге қатысушылардан кешірім сұрады.