Спорт • 26 Наурыз, 2023

Әлем чемпионы атанды

3922 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақтың қайсар ұлы Жанқош Тұраров мексикалық Алехандро Менесесті техникалық нокаутпен ұтып, бірінші жартылай орта салмақ дәрежесі бойын­ша IBO нұсқасының чемпиондық белбеуін иеленді.

Әлем чемпионы атанды

Негізі бұл атақ Алехандро Ме­не­сеске тиесілі еді. Былтыр көк­темде Ұлыбританияда өткен жарыста ол жергілікті былғары қолғап шебері Сэм Максвелді айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионы атанды. 32 жастағы Мексиканың марқасқасы кәсіп­қойлар арасында 21 кездесу өт­кізіп, 16 рет жеңіске жетті. То­ғыз қарсыласын есінен тандырды. Міне, осы деректердің өзі-ақ Менесестің осал боксшы еместігін аңғартса керек.

Жанқош Тұраровтың жүріп өткен жолы қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Талай талантты жас­тардың томағасын сыпырған Са­ғатбек Мұсахановтай майталман маманның қол астында жаттығатын қандасымыздың кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүргеніне 14 жылдан асты. Сол аралықта 26 рет жұдырықтасқан Жанқош бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 19 қарсыласын жұлындай ұшырды. Бұған дейін Тұраров Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Доминикан Республикасы, Эквадор және Ұлыбританияда өнер көрсетті.

Өзіне ғана тән жұдырықтасу мәнерімен көзге түсіп, жанкүйер­лер жүрегін жаулап алған Жанқош осы күнге дейін де бірнеше ор­таңқол нұсқалар бойынша чем­пиондық белбеуді иеленді. Десек те, осы сәтті ол ұзақ күткен еді. Ал­матыда өткен бокс кешінде оның басымдығы бірден байқалды. Ме­несес бір қарағанда қопалдау және епсіздеу көрінгенімен, ашық айқасқа барудан еш қаймықпайтын нағыз қайсар жігіт екен. Бойы мен қолының ұзындығын өте жақсы пайдаланады. Жекпе-жек барысында ол «өліспей беріспеймін» дегендей сыңай танытып, Тұраровқа әжептәуір қарсылық көрсетті. Тіптен, бірнеше ауыр соққыларын да дарытты.

Қазақ боксшы бұл жерде қожайын кім екенін көрсету үшін үнемі шабуыл өтінде жүрді. Әсіресе, оның үшінші және төр­тінші раундтарда жұмсаған ауыр соққылары қарсыласын тәл­­тіректетіп тастағандай кө­рінді. Тек гонгтың арқасында ғана Алехандро «аман» қалды. То­ғызыншы раундтың соңында мексикалықтың көзі қанап кетті. Үзіліс кезінде дәрігерлер оған кө­мек көрсетіп, жекпе-жекті жал­ғастыруға рұқсат берді. Бірақ Менесестің бапкерлері боксшының денсаулығын ойлап, 10 раундта рингтің ортасына шығармады. Сөйтіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен Жанқош Тұраров әлем чемпионы атады!

«Алматы Аренада» өткен жарыста тағы бірнеше өте қызықты жекпе-жектерді тамашаладық. Атап айтсақ, Бекман Сойлыбаев (15-1, 6 КО) осыған дейін ешкімнен жеңілмеген филиппиндік Же­нел Лаусаны (12-0, 7 КО) үшін­ші раундта бүйірден ұрып құла­тып, WBA Inter-Continental нұс­қасының алтын белбеуін иеленді. Дәурен Елеусінов (10-2-1, 9 КО) өзбекстандық Бахром Паязов (22-21, 15 КО) екінші раундта есінен тандырды. Танымал бапкер Дастан Сәдуақасовтың шәкірті Бауыржан Бейілдиновтің де өнері жергілікті жан­күйерлердің көңілінен шық­ты. Тең дәрежеде өтіп жатқан бәсе­кенің төртінші раундында ол өз қар­сыласын бауырдан оң­дырмай ұрып, нокаутқа жіберді.