Биылғы дүниежүзілік дода да Сайтамада өтті. Осы жарыста біз Михаил Шайдоровқа айрықша үміт арттық. Бірақ былтыр Таллинде жалауы желбіреген жастар арасындағы әлем біріншілігінде күміс медальды мойнында жарқыратқан 19 жастағы жерлесіміз Күн шығыс елінде сенім үдесінен шыға алмады. Қысқа бағдарламада 18-орынды (75,41 ұпай) қанағат тұтқан Шайдоров еркін бағдарламада да өзін жақсы қырынан көрсете алмады. Нәтижесінде, 236,93 ұпаймен 14-орында қалып қойды. Бұл жарыста былтырғы жылғы әлем чемпионы, үш дүркін Олимпия ойындарының жүлдегері Сема Уно бас жүлдені олжалады. Жапонияның жұлдызы 301,14 ұпайды еншіледі. Оңтүстік Кореяның өкілі Чха Чжун Хван (296,03 ұпай) күміс алса, америкалық Илья Малинин (288,44 ұпай) қолаға қол созды.
Әйелдердің сайысында да жергілікті спортшының бағы жанды. Бейжің Олимпиадасында қос қоланы иеленіп, 2022 жылы Монпельеде топ жарған Каори Сакамото (224,61 ұпай) бұл жолы да алтыннан алқа тақты. Кореялық Ли Хэ Ин (220,94 ұпай) екінші орынды иемденсе, бельгиялық Луна Хендрикс (210,42 ұпай) үшінші сатыға табан тіреді.
Бишілердің бәсекесінде бақ сынаған Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қысқа бағдарламада 33 сатыға тұрақтап, жарыстың финалдық бөлігінде өнер көрсету құқығынан айырылды. Бәсекенің бұл түрінде америкалық Мэдисон Чок пен Эван Бэйтс (226,01 ұпай) топ жарды. Италиялық Шарлен Гиньяр мен Марко Фаббри (219,85 ұпай) екінші орын алса, канадалық Пайпер Гиллес пен Поль Пуарье (217,88 ұпай) үшінші сатыға жайғасты. Жұптық сайыста жапониялық Рику Миура мен Рюити Кихара (222,16 ұпай) қарсылас шақ келтірмеді. АҚШ-тан келген Алекса Книрим мен Брэндон Фрэйзер (217,48 ұпай) және италиялық Сара Конти мен Никколо Мачии (208,08) жүлдегерлер қатарынан көрінді.