Аталған ғылыми жобалар байқауында 12-сыныпта оқитын жас биологтер Асан Асанов пен Әмірхан Асылхан «D дәруменінің Drosophila melanogaster мутациясының пайда болуына әсері» атты генетикалық зерттеу жұмысы үшін бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Ал 8-сынып оқушысы Бауыржан Әмірғалиевтің ғылыми жұмысы экология бағытындағы озық ізденіс ретінде танылды.
Біраздан бері D дәруменінің жеміс шіркейінің мутацияға ұшырауына әсерін зерттеп жүрген Асан мен Әмірхан бір жарым жылдың ішінде осы мәселеге қатысты көптеген ғылыми тәжірибе жүргізіпті.
– Ғылыми жұмысымызға ұстазымыз, биология пәнінің мұғалімі Селвин Джейкобс жетекшілік етті. Бастапқыда біз дрозофиланы будандастыру арқылы генетика саласында көптеген жаңалық ашқан Томас Морганның зерттеулерін қайталағымыз келген. Бір жарым жыл бойы дрозофила өсіріп, түрлі тәжірибе жүргіздік. Осылайша, мутация жиілігіне D дәруменінің де әсер ететінін байқап, ғылыми жұмысымыздың негізгі бағытын айқындап алдық. Бұл тақырып бүгінде әлемдік деңгейдегі аса өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Технология ілгері дамыған сайын адамзаттың қатерлі ісік ауруларына шалдығуы да жиілеп кеткені байқалады. Сондықтан онкологиялық аурулардың алдын алу, қатерлі дертке қарсы қуатты дәрі табудың жолдарын іздестіру үстіндеміз. Үнемі қолдау көрсетіп, дұрыс ғылыми бағыт нұсқап, осындай жоғары нәтижеге жетуімізге көмектескен ұстаздарға алғыс айтамыз, – дейді халықаралық байқаудың жеңімпаздары.
Зияткерлік мектептің 8-сынып оқушысы Бауыржан Әмірғалиев аталған байқауға биология ғылымдары секциясының «Экология» бағыты бойынша қатысыпты. Жас ғалым темекі сүзгілерін утилизациялау арқылы қайта өңдеу жолдарын қарастырып жүр.
– Темекі қалдығын кәдеге жарату үшін тұқылды сазбен араластырып, одан кірпіш жасауға болады. Мұны мен Мельбурнда тұратын Аустралия ғалымы Аббас Мохаджеранидің тәжірибесінен білдім. Осылайша, өзім де темекі тұқылы қосылған саздан кірпіш жасауға ұмтылып көрдім. Зерттеу нәтижесінде кірпіш құюдың өзіндік техникасын ойлап таптым десем болады. Бұл әдіс арқылы, біріншіден, қоршаған ортаға зияны зор аса қауіпті қоқыстан құтыласыз, екіншіден, жылы әрі берік құрылыс материалын жасауға болады. Қазіргі кезде қоршаған ортаның темекі қалдығымен ластануы – бүкіл әлем бойынша бірінші кезекте тұрған өзекті экологиялық мәселе. Мысалы, «National Geographics» мәліметінше, жер жүзінде жыл сайын 7 миллиардқа жуық темекі тұқылы тасталады екен. Ұстазым Галина Вартаньянның ғылыми жетекшілігімен еліміз бойынша алғаш рет осындай маңызды зерттеу жұмысын қолға алып, темекі қалдықтарын жоюдың дербес әдістемесін қасап шықтық. Саз – екінші қайтара пайдалануға келмейтін шикізат. Ал темекі тұқылы қосылған кірпіш шығынды азайтады және қоршаған ортаны жақсартуға септігін тигізеді. Себебі темекі қалдығында сақталған ауыр металдар мен целлюлоза ацетаты ондаған жылдар бойы ыдырауы мүмкін ғой, – дейді жас ғалым.
Жеңімпаздар биыл мамыр айында білім, ғылым, мәдениет және өнер саласында жоғары табысқа қол жеткізген жастардың басын қосатын «Grand gala award Paris 2023» халықаралық марапаттау рәсіміне шақырту алды.
Қостанай облысы