Денсаулық • 27 Наурыз, 2023

Онкологиялық аурулар алдын алғанда азаяды

405 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі 20 жылда елде онко­логиялық ауруға шалдыққан науқастардың саны 25%-ға, обырдан кейінгі өлім-жітім 33%-ға азайғаны бай­қа­лады. Қазірдің өзінде онкологиялық ауруға шал­дық­­­қан 205 мыңнан аса пациент­ динамикалық бақы­лауда тұр. Алайда жыл сайын қа­терлі ісіктің 37 мыңнан аса жа­ңа жағдайы анықталса, өкі­нішке қарай, 13 мыңнан аса адам бақилық болады.

Онкологиялық аурулар алдын алғанда азаяды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Онкологиялық ауруларды құры­лы­мы бойынша қарастырсақ, онда бірінші – сүт безі обыры (13,2%), екінші – өкпе обыры (10%) және үшінші колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Ал өлім-жітім құрылымда бірінші – өкпе обы­ры (16,3%), екінші – асқазан обыры (12%), үшінші қатарда тоқ ішек обыры (10,6%) тұр. Нау­қастардың 56 пайызы 18 бен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар екен. Қазір он­ко­логиялық ауруға шалдыққан науқас­тарға көрсетілетін медици­налық көмектің сапасын жақсартуға тиісті ведомство бейжай қарап отырған жоқ. Мысалы, тарифтерді ұл­ғайту жағына қарай қайта қарау, Ұлттық формулярдағы дәрі­лік препараттардың тізімін 4 по­зицияға кеңейту, обырдың диа­гностикасы мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасын жаңарту сынды міндеттер жолға қойылды. Сондай-ақ жұмысқа жаңа желілік үдеткіштер мен ПЭТ-орталықтар енгізіліп жатыр. Онкологиялық ауруға шалдығуы мүмкін деген күдікті пациенттерге уақтылы диагностика жүргізу үшін «жасыл жол» енгізіліп, әрбір өңірлік онкология орталығында ахуалдық орталықтар құрылған.

Ел арасында әлі күнге дейін ау­руханаға қайырылмай, ден­сау­лығына жүрдім-бардым қарай­тын науқастар кездеседі. Сал­дары­нан онкологиялық ауруға шал­дыққандарды ерте анық­тау қиын. Әсіресе науқастар денсаулығына қарай онкоскринингтен уақтылы өтпеген соң қатерлі ісікті ерте диагностикалау және ісікке дейінгі ауруларды анықтау күрделенеді. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың алдын алу диагностика мен емдеуге арналған медициналық жабдықтың болмауына, кейбір ауруханалардағы кадр тап­шы­лы­ғы­на да байланысты.

Бірер аптаның бедерінде Үкімет оты­­­рысында Денсаулық сақтау ми­нис­­трі Ажар Ғиният елдегі онко­ло­­гиялық көмекті жаңғырту мәсе­ле­ле­рі бойынша баяндаған-ды.­ Онда ми­нистр онкологиялық ауру­ға шал­­дыққан науқастарға меди­ци­на­лық көмек көрсету бойынша тү­­йін­ді мәселелерді тарқатып айт­қан­ еді.

«Қолда бар сәулелік терапия аппараттарының паркі 50% ескір­ген. Мысалы, Атырау облы­сын­да­ 1968 жылы шыққан аппарат қол­­да­нылады. Батыс Қазақстан, Қос­та­най, Солтүстік Қазақстан, Ақ­мо­­ла, Ұлытау, Жетісу, Қызыл­ор­да­ об­лыс­тарында аппараттар жоқ.­ Өңірлерді диагностикалық және­ зертханалық жабдықтармен қам­та­масыз етудің әлсіз деңгейі бар. Ақ­мола, Қостанай, Қызылорда об­лыс­­тары мен Астана қаласының он­ко­­логия орталықтарында КТ және­ МРТ аппараттары жоқ», деп мә­се­ленің мән-жайын айтқан еді министр.

Бүгінде Президент тапсыр­ма­­сына сай «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағ­­дар­ламасында онкологиялық ауру­лар­мен күресудің 2023-2025 жыл­­­­дарға арналған 5 бағыттан тұ­ра­­тын кешенді жоспарының жо­­­басы әзірленген. Онда қауіп фак­­­тор­ларының профилактикасы және басқару, жоғары тиім­ді ерте диагностикалау, маман­дан­дырылған емдеуді дамыту, пал­лиативтік көмек, оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамытуға басымдық берілген. Мы­салы, бірінші бағыт бойын­ша, кейінгі жылдары өкпе обырын анық­тау мақсатында қолдана­тын өкпенің төмен дозалы компью­терлік томографиясын енгізу­дің есебінен онкологиялық скри­нинг­тік бағдарламаларды ке­ңейту көзделген. Сол секілді жас әйел­дердің арасында кең тарал­ған жатыр мойны обырының про­филак­тикасы үшін 2024 жылдан бастап адам папилломасының виру­сына қарсы вакциналау кезең-ке­зеңімен енгізіледі екен. Сондай-ақ обырды жоғары тиімді ерте диагностикасын дамыту бөлігінде МСАК ұйымдары мен онкология орта­лықтарын жарақтандыру үшін диагностикалық жабдық­тар­­ды жаңғырту көздел­ген. Моле­куляр­лық-генети­ка­лық сынақтар мен иммуногистохимиялық зерт­теулерді арттыру арқылы обыр­дың түрлерін диагностикалау мүмкіндігін кеңейту жоспарда бар. Ісікке қарсы дәрілік заттардың бағасын арзандату мақсатында тар­геттік және иммундық-онколо­гия­лық препараттар желісін кеңей­ту, гендік инженерияны, радио­фар­ма­­цевтикалық препараттарды пай­далана отырып терапияны енгізу бойынша жұмыс жүргізіл­мек. Сол секілді кешенді жоспар­да Алматы қаласында және Аты­рау, Алматы, Ұлытау, Жетісу, Ақ­төбе облыстарында жаңа онко­логия орталықтарын салу, Ақтө­бе, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында радиоло­гия­лық корпус пен операциялық-реанимациялық корпустарды ре­кон­струк­циялау қамтылған.

Сондай-ақ кейінгі 3 жылда онкологиялық орталық пайдалану­ға­ берілген Маңғыстау, Павлодар, Жам­был облыстарын қоспағанда, бас­қа өңірлердегі онкологиялық орта­лықтар күрделі жөндеуден өте­ді екен. Бұл жоспарлы жұмыс­тар­дан кейін 2026 жылға қарай са­лада біраз оң өзгеріс байқа­ла­ды­ деп күтіліп отыр. Денсаулық сақ­тау министрлігі кешенді іс-шара­лар­дың есебінен диагностика 35%-ға дейін өсіп, сәулемен емдеу көр­сеткіші 50%-дан жоғарылап, онко­логиялық ауруларда кездесе­тін өлім-жітімнің 100 мың халық­қа шаққанда 64,9%-ға дейін тө­мен­деуі мүмкін екенін айтып отыр. Әрине, бұл – тек онко­ло­гия­лық ауруларды емдеуде күті­ле­тін­ нәтижелердің бір бөлігі ғана. Анық білетініміз, саладағы жа­ңа­шыл­дықтар онкологиялық ауру­ға шал­дыққан науқастардың өмі­рін ұзар­туға сеп болады.