Денсаулық • 26 Наурыз, 2023

Көрер жарығы бар екен

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарлық ақ желеңділер жаңа туған сәбидің өмірін сақтап қалды. Шақалақтың асқорыту және ішек мүшелері анасының құрсағында жатқанда толыққанды жетілмей, туған сәтте денсаулығынан ауытқулар байқалған.

Көрер жарығы бар екен

Өңірлік денсаулық сақтау басқар­ма­сының мәліметінше, нәресте дү­ниеге келгенде оның өңешінің дұрыс дамымағаны, айналшық саңы­лауының болмауы және тік іше­гінің әдеттегіден өсіп кеткені бай­қал­ған. Дәрігерлер баланы бірден пери­наталдық орталықтан облыстық ба­ла­лар ауруханасына жеткізіп, жедел түрде операция жасады.

– Дәрігерлер операция барысында сәби өңешінің төменгі жағын асқа­занмен байланыстырып, тік ішек арқылы айналшық саңылауын жа­сады. Қазіргі күні ағзаның өмірлік маңызды қызметтері қалпына келіп, сәби өзін жақсы сезініп жатыр. Баланың өміріне төнген қауіп жоқ, – дейді басқарманың баспасөз хат­шысы Мақпал Қаржаубай.

Медицина қызметкерлерінің ай­туынша, педиатриядағы өңештің бі­теулігі туабітті аурулардың ішін­дегі ең ауыр түрлеріне жатады. Хирургиялық операция жедел түрде жасалмаса, ағзаның өміршеңдігін сақтап қалуға мүмкіндік бола бер­мейді. Мұндай ауытқулар меди­ци­налық көмек дер кезінде көрсетілмесе, сәбилердің өліміне алып келеді. Яғни операция алғашқы 36 сағат ішінде жүргізілуі керек. Өңеш бітеулігі жаңа туған балалардың 0,1-0,4 пайызында кездеседі екен. Ал айналшық ауыт­қуы 5 мың сәбидің біреуінен табылуы мүмкін. 2021 жылы облыстық ба­лалар ауруханасында өңеш бітеулігі бойынша – 1, ал былтыр 5 жағдай тіркеліпті.

Жалпы, баланың түрлі ауытқу­мен дүниеге келуі көбіне анасы­ның денсаулығына және жағымсыз экологиялық жағдайға байланысты екенін айтады ақ желеңділер. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі ұсын­ған ресми статистикаға сүйен­сек, Павлодар облысында темір­тап­шылықты анемия диагнозы қойыл­ған жүкті әйелдердің үлесі 48,4 пайыз­ды құраған. Бұл көрсеткіш бо­йынша өңіріміз республикада екін­ші орында тұр. Дәрігерлер жүк­тілік кезінде дұрыс күтінбеу, жеткілікті тамақтанбау, зиянды әдет­терге жол беру баланың туабітті ауыт­қу­шылығына апарып соғатынын ескертеді.

 

Павлодар облысы