Экспорт • 27 Наурыз, 2023

Ендігі бренд – адам капиталы

212 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Біздің ел әлемнің 123 еліне 800-ден астам тауар түрін экспорттайды. Тауарларымыздың 65 пайызы Қытай, ЕАЭО және ЕО елдеріне жеткізіледі. Сарапшылардың айтуынша, қазақ тауарларының экспорттық әлеуетін көтеретін мүмкіндіктердің алғышарты енді қалыптасты.

Ендігі бренд – адам капиталы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бренд ұғымы әр­­тарап­­­тандырылды. Бұрын бренд атауын тек технологиямен байланыстырсақ, қазір бренд – интеллектуал. Адамзаттың ақыл-ойы жасанды интеллектімен бәсекеге түсіп жатыр. Ендігі бренд – адам капиталы

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин наурыз айының басында Үкіметте өткен алқа мәжілісінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерімен өзара сауда айналымы 23 млрд долларға жеткенін, бұл 2021 жылдың алдыңғы кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға көп екенін айтты. Таратып айтсақ, 2022 жылы Қазақстан, Қытай және Қырғызстанмен шекарадағы 6 сауда кедергісі жойылды, бұл фактор Қазақстанға 500 миллион доллар көлемінде кіріс әкелді.

Өткен жылдың 10 айында шикі­зат­тық емес тауарлар экспорты 34,8 пайызға өсіп, 21,7 млрд долларды құрады. Еркін сауданы дамыту және экспортты ілгерілету үшін Иран­мен еркін сауда туралы уақытша келі­сім­ді 2025 жылға дейін ұзарту туралы хаттама ратификацияланды. Иран­мен толық форматты келісім жасау үдерісі соңғы кезеңде. Экспортты ұлғайтудан күтілетін экономикалық нәтиже шамамен 250 млн долларды құрайды. Болашақта Индонезия және Біріккен Араб Әмірліктерімен осындай келі­сім­дерге қол қою жоспарлануда. Оның бол­жамды әлеуеті 1 млрд доллардан асады.

«Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ын­ты­­мақтастық орталығы құрылып жа­тыр. Жол картасы жүзеге асырылуда, орталықтың орналасатын жері анық­талды, жобаның техникалық-эко­но­микалық негіздемесін әзірлеу жүр­­гізіліп жатыр. Транскаспий халық­аралық көлік бағытын дамыту аясында Иран бағытында шығыс Солтүстік-Оңтүстік тармағының инфра­құ­ры­лымын дамытуға ерекше көңіл бө­ле­міз. Негізгі басымдық – Үндіс­­тан мен Пәкістан бағытында тасы­мал­дау әлеуетін дамыту», деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер сонымен қатар Қытай, Ресей және Қырғызстанмен сыртқы ше­ка­ралардағы орталықтарды жаңғырту жұ­мыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жобаның сәтті жүзеге асуы тран­зит­­тік тасымалдауды 2 есе, ал тауар ай­­на­лымын орта есеппен 30 пайызға арт­ты­руға мүмкіндік береді.

2027 жылға қарай заманауи сауда форматтарының үлесін қазіргі 31 па­йыздан 70 пайызға дейін көбейту жоспарлануда. Техникалық реттеу сала­сында қазақстандық бизнесті қол­дау үшін ЕАЭО деңгейінде өнімге қойы­латын міндетті талаптарды жеңіл­де­ту саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді: e-CTRM бірыңғай тех­ни­ка­лық реттеу жүйесі құрылды және сер­ти­­фикатталды. Қазақстанда алғаш рет экспортқа шығарылатын халал өнім­дерін сертификаттау органы аккре­дит­телді, экономиканың 7 саласы толы­ғы­мен стандартталды. 77 зертхана жа­ңар­тылып, сұр сертификаттарды және техникалық реттеу саласындағы басқа да бұзушылықтарды жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Францияда тұратын қазақ кәсіпкері Берлин Иришев бізбен әңгімесінде Қазақстанның азық-түлік сегменті бо­йынша экспорттық әлеуеті мол екенін айтады.

«Экономика неғұрлым үлкен болса, дағдарыстың соққысы соғұрлым ауыр болады. Бұқараның кедейленуі азық-түлік қауіпсіздігінің маңызын арттырып отыр. Алдағы бірер жылда азық-түлік жиынтығы бар сауда сөмкесі Chanel немесе LV беделді сөмкелерінен қымбатырақ болады. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген ұғым адамзат үшін ортақ өлшемге айналып барады», дейді Б.Иришев.

Б.Иришевтің айтуынша, Қазақ­стан­ның бидай өнімдері, ет өнім­дері бойынша экспорттық әлеуеті жоғары.

«Қазақстанды әлемге танытқан тағы бір байлығымыз ‒ астық. Ака­демик Мехлис Сүлейменовтің зерт­теу­­лерінде жаздық бидайды өсіру біз­­дің заманымыздан бұрынғы екі мың­­ыншы жылдықта қолға алынғаны ай­ты­­ла­ды. Өнімнің басым бөлігі Орта­лық Азия елдері ‒ Өзбекстан, Тә­жік­стан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ауған­станға, одан әрі ары Иран, Қытай, Ресей мен алыс шетелдерге экспортталады. Соңғы уақытта ҚХР мен Иран жағынан да сұраныс жоғары. Ел ішінде де, шетелде де бірнеше астық терминалдарымыз бар. Каспий теңізіндегі Ақтау портында орналасқан «Ақ-Бидай» терминалы. Қазақстандық ас­тық ком­па­ниясының Балтық теңі­зін­де (Латвия) «Ventspils Grain Terminal AS JAS» АҚ-ында, Ресейдің Азов теңізіндегі «Азов порттық элеваторы» компаниясында қатысу үлесі бар. Қазақстанның Орталық Азия ғана емес, күллі Азияның нан кәрзеңкесіне айналатын мүмкіндігі бар. Себебі қазақ бидайынан жасалған ұнның дәмін әлем әзірге ұмыта қойған жоқ. Алдағы уақытта бидай экспортын азайтып, ұннан дайындалатын өнім­дер­ге басымдық берсек, әлемнің экс­порттық картасындағы үлесіміз ұл­ғаяды. Үкіметтің экономикалық блогы бидай экспортына қатысты саясатын қайта қарау керек. Осы күнге дейін Қазақстанның бидайын сатып алушының бірі – Өзбекстан қазақ бидайын бірігіп өңдеуге ниет танытып отыр. Осы ба­ғытты ілгерілетсек, әлем картасында «Қа­зақ ұны» деп аталатын жаңа брендті патенттеп аламыз», дейді Б.Иришев.

 Сондай-ақ Б.Иришев ет өнімдері экспортында да мүмкіндігіміздің мол екенін айтты. Себебі әлем үшін ешбір химикатсыз таза ет өнімдері – жеңсік ас. ЕО елдерінде осы салада бизнесін жүргізіп жүрген қазақтар жетеді. Енді осы бағыт мемлекеттік деңгейде алға жылжыса, қазы-қартамыз да немістің шұжығы тәрізді әлемдік брендке ай­налады. 

«Қазақтың жал-жаясының аймақтық ерекшеліктері бар. Шетелдік бағыттағы әуе рейстерінде ас мәзіріне қазы-қар­таны кіргізсек, танымалдылығы артады. Сол сияқты құрт, жент және қы­мыз,шұбаттың да танымалдығы артып ке­ле­ді. Әлем қазір табиғи-органикалық тағам түрлеріне көбірек назар аудара бас­та­ды», дейді Б. Иришев.

«Қытай нарығына тауарларды ен­гі­зу үшін өте жоғары стандарттарға сәй­­кес болуы керек. Кейде олардың стан­­дарттары мына Еуропалық Одақ­тың стандарттарынан да жоғары тұ­рады. Сондықтан мүмкіндік пен әлеуе­­­тіміз­ді шашыратып алмай, бас­тап­қы кезде базамыз бен қалтамыз көте­ре­тін басымдықтарды таңдаған жөн. Гео­гра­­фиялық тұрғыдан алғанда, Қа­зақ­с­тан қолайлы аймақта. Аграр­лық секторға күрделі реформа қажет», дейді сарапшы.

MPP Consulting агенттігінің (Украи­на) зерттеуіне сәйкес, Қазақс­тан­дағы ең қымбат бренд – «Рахат» кондитерлік өнімдері. Сарапшылар кәмпиттер сауда белгісін қаржы секторы, бөлшек сауда және отын-энергетика секторындағы компанияларға қарағанда 96 миллион долларға қымбат бағалады. Екінші орында 83 миллион долларлық бренд құнымен «Айналайын» сүт өнімдері тұр.

Өндірістік қуаты Алматы мен Шым­­кент қалаларындағы екі алаңда шо­­ғыр­ланған «Рахат» компания­сы бүгін­де кондитерлік өнімнің 250 түрін шығарады. Кәсіпорындағы бірыңғай жауапкершілік пен сапаны бақылаудың кешенді жүйесі өндірістің әр сатысында шикізат пен өнім сапасын бақылайды. Кәсіпорында Қазақстан Республикасы ИСО 9001-2001 СТ стандартына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі енгізілген және іске қосылған. «Рахаттың» дәмі тіл үйіретін шоколадтарымен танымал. Шоколад өнімдерін экспорттаудан әлемде көшбасшы ел саналатын Германия біздің «Рахаттың» тәт­тілерін сатып алады. Компанияның экс­порттық географиясы – Ресей, Гер­ма­ния, Ауғанстан, Моңғолия, Тә­жікстан, Әзербайжан, Өзбекстан. Соңғы уақытта Қытай мен Оңтүстік Корея нарығында да Қазақстанда шыға­рыл­ған кәмпитке сұраныс өсе бастады.

Алматыдағы «А-продукт» ком­па­ния­сының кондитерлік өнімдері Ресей, Беларусь, Моңғолия, Қытай, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрік­менстан, Германия, Италия, Ис­пания, Франция елдеріне экспортталады. Кәсіпкердің айтуынша, тауарды экспортқа шығару барысында белгілі бір қиындықтар туындайды. Себебі стандарттары әртүрлі, тауардың серти­фи­катталуының талаптарынан бастап, қаптамадағы маркалауы мен тауардың жүк тасымалдауын ұйымдастыруына дейінгі аралықта айырмашылықтар көп.

Рас, біз әлемнің экспорттық-им­порт­тық картасында Қазақстанның тауа­ры деп ел-жұртты тамсандыратын бренд өнімдерімізбен танылған жоқпыз. Танымал кәсіпкер Тоғжан Қожалының айтуынша, халықаралық аудиторияның Қазақстан жайлы көзқа­расы шикізат ресурстары туралы түсі­нік­пен шектеліп отыр.

«Біз енді Toyota мен Mersedes-тен артық көлік немесе жасанды жер серік­терін шығара алмаймыз. Бірақ ға­сыр­лық тарихы бар бренд маркілі сол көліктердің осыдан жарты ғасыр бұрын шығарылған жобасымен салыстырғанда технологиясы 100 пайыз жаңарды, тек аты ғана брендке айналды. Қазір әлемнің назары әлемдік технологиялық тізбектен үлес алуға бағытталып жатыр. Ақ­па­раттық-технологиялық нарық алпауыт елдер арасында әлдеқашан бөліске түсіп қойған. Қазір Iphone 14 маркалы смартфон айналымға шықты. Бренд емес тек қана технология жаңарды. Демек ендігі тренд әлемге танымал технологияның қосалқы бөлшектерін жетілдіруге ауып тұр. Әлемнің менмін деген мамандары сол көліктердің бағдарламасын бір саты алға жылжытуға тырысады», дейді Т.Қожалы.

Қазір біздің жастар да әлемнің ал­пауыт компанияларында жұмыс істеп жүр. Демек олардың идеясы сол елдердің бренд тауарларын жетілдіруге жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге сапарлары кезінде сол жақта жұмыс істеп жатқан қазақ жастарын елге қайтуға шақырады. Ақыл-ойы әлемді мойындатып отырған жастарымыз үшін біздің елдің нарығы тарлық қылады. Қазақ ғалымдары НАТО, НАСА, МАГАТЭ, Монтеррей институты сияқты әлем­дік деңгейдегі ұйымдарда жүр. Осыдан біраз жыл бұрын қазақ ғалымы Мұхамбетқали Бүркітбаевтың ядролық сы­нақтардың зардабын зерттеу еңбегі әс­кери блок өнеркәсіптік кешенінің ерекше қызығушылығын танытты. Қаперге алды. Ғалым осынау еңбегі үшін НАТО-ның ғылым саласындағы дәстүрлі сыйлығымен марапатталды.

Сапар Сатаев деген қазақ азаматы Лондондағы Халықаралық ғарыш ком­па­ниясының басшылық қызметінде істейді. Ғарыш бағдарламаларын да­йын­даумен, сатумен айналысады. Ше­т­е­л­де жұмыс істеп жатқан жастарға қол­­дау көрсетейік, олардың инно­ва­ция­­лық идеясының Қазақстан атынан та­ралуына мүмкіндік берейік. Бұл біз үшін қосымша инвестиция көзі.

«Бренд ұғымы әртараптандырылды. Бұрын бренд атауын тек технологиямен байланыстырсақ, қазір бренд – интеллектуал. Адамзаттың ақыл-ойы жасанды интеллектімен бәсекеге түсіп жатыр. Ендігі бренд – адам капиталы. Біз экспорттық саясатымызды са­ра­лаған кезде адами капиталдың да мүмкіндігін қаперге алуымыз керек. Бұл фактор логистикалық нарықтың төрінен орын алуымызды жылдамдатады. Біз ендігі жерде логистикалық тізбек арқылы жаңа брендтерді әлемге та­ны­тамыз», деп сөзін түйіндеді Тоғжан Қожалы.

 

Алматы