Топтық турнирде қыздарымыз жарыс қожайындары (12:7) мен Таиланд (16:10) және Өзбекстанды (11:9) ұтты. Одан кейін плей-офф сайысында Тай елі өкілдерімен жолдары қайта қиысты. Бұл жолы да біздің бұрымдылардың мерейі үстем болды. Есеп – 13:8. Осы жеңістерінің арқасында олар мерзімінен бұрын сары құрлықтың теңдессіз командасы деп танылды. Ал соңғы матчта жерлестерміз тағы да өзбектерді (12:6) жеңді.
Өкініштісі, Қазақстанның ерлер құрамасына жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көріну бақыты бұйырмады. Тұсаукесер кездесуінде Филиппиннің (19:6) тас-талқанын шығарған жігіттеріміз келесі матчта пенальти соғу барысында Иранға (10:10, 4:5) есе жіберді. Үшінші ойында Гонконгті (22:7) ойсырата ұтты. Ширек финалда Сингапурды (10:7) сан соқтырса, жартылай финалда Қытайға (1:10) жол берді.
Бүгін біздің ватерполшылар Таиландпен қола медаль үшін таласады.