Елорда • 27 Наурыз, 2023

Елордадағы домбыра ескерткіші

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында Астанадағы күйшілер аллеясында «Домбыра» ескерткіші ашылды. Елордадағы Дина Нұрпейісова тас тұғырға көтерілген күйшілер аллея­сында тойланған Наурыз тойы осындай игілікке ұласты.

Елордадағы домбыра ескерткіші

Наурыз тойы мен домбыра мүсінінің ашылуына Халық қаһарманы, тұңғыш ға­рышкер Тоқтар Әубәкіров қаты­сып, сөз сөйледі. Қазақтың қара домбырасы мен ұлттық құн­дылықтардың қай-қайсына бол­сын қамқорлықпен қарау керегін қаперледі ол сөзінде. «Ұлыс оң болып, ұрпақ санасы жетіле түсуі үшін мұндай бастамалар жерде қалмауы тиіс» дейді ол.

Көпшілік алдында сөз сөй­леген Халық қаһарманы Т.Әу­бә­кіровтің иығына оқалы шапан жабылды. Ғарышкер болса ха­лықтың бұл жоралғысына ал­ғысын білдіріп, оны Астана қа­ласы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлының иығына көмкерді. Аудан әкімі жиылған көпшілікті мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Астана қаласы Алматы ауда­нының әкімдігі, «Ұлттық мүдде кеңесі» қоғамдық бірлестігі және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырған дүбірлі думанда күйші-композиторлар алаңына киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Көпшілік наурызкөжеден дәм татты. Күй тартылып, көпшілікке бата берілді. Күйші Дина Нұр­пейі­сованың ескерткішіне гүл шоқ­тары қойылды. Басты жаңалық – тұғырымен есептегенде 5 метр болатын домбыра мүсінінің ашылғаны дер едік.  

«Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дина ескерткіші ма­ңында музыкалық субұрқақ орнату жоспарда бар. Бұл жер демалыс аймағына айнал­мақ.­ Тәулік бойы қазақ компо­зи­торларының күйлері мен әндері орындалатын болады. Әр адам өзін Қазақ елінің азаматы еке­нін сезінуі үшін осындай істер қолға алынып жатыр. Өнер ұжымдарының күй тартуына арналған ашық сахна алаңын салу көзделіп отыр. Игі бастаманы қолдаған сіздерге көп рақмет», деді «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуа­нышев.

Қоғам қайраткері, журналист Серік Ерғали жыл басы Наурыз мей­рамының ерекшелігіне тоқ­талып, ұлттың төл өнерін жас ұрпақ санасына сіңіруге бар­шамыз мүдделі болуымыз керегін айтты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, профессор, күйші Орынбай Дүйсен Динаның «Той­­бастарын» тартып, тыңдар­ман­­дардың ыстық ықыласына бөленді.