Әйел әлемі • 27 Наурыз, 2023

Табанды тергеуші

453 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы бір талдырмаш, қайсар қыздың талайдың қолайына келмеген ауыр қылмыстық істерді ұршықша иіріп әкететіні бөлімдегі әріптестеріне кейде сиқырдай көрінетіні рас. Қылмыс әлеміндегі қаншама құпияны ашу үшін есепсіз тер төгілетінін былайғы жұрт қайдан білсін. Замира Исакованың міндеті – ақ пен қараның, кінәлі мен жазықсыздың ара-жігін ажырату.

Табанды тергеуші

Замира Исакова – Павлодар қаласындағы солтүстік полиция бөлімінде талмай қызмет етіп келе жатқан, тәжірибесі толыға түскен тергеуші. Нәзік жанға көбіне аса ауыр қылмыс, қасақана кісі өлтіру, кісі өліміне соқтырған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру сипатындағы қылмыстық істер сеніп тапсырылатыны сондықтан. Тек былтыр маман осындай фактілер бойынша сотқа 36 қылмыстық іс жолдаған. Сотқа дейінгі қылмыстық істерді бүге-шігесіне дейін зерттеп, іске қатысы бар тұлғаларды анықтау, оқиғаның мән-жайын толық тізбектеп, куәгерлер мен дәлелдемелерді іздеп табу, қылмыстық сараптамаларды дайындау, олардың нәтижесін салыстыру, жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастыру, тағысын-тағы толып жатқан бөліктерден тұратын сотқа дейінгі тергеу шараларын Замира Бахтыбекқызы кәсіби тұрғыдан жүргізудің шебері деп баға береді оның әріптестері.

Былтыр қазан айының орта шенінде облыс орта­лы­ғында тұратын зейнеткер талтүсте өзінің күйеу ба­ласын тапаншамен жайратып салып, ел-жұртты шу­лат­қаны бар. Қырық жастағы азамат жедел жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмып, куәгерлер полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары күдіктіні қашып бара жатқан жерінен Павлодар – Омбы тас жолында тоқтатып, қолға түсіргенімен, оның кінәсін толық мойындату біраз уақытты алған. Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанда бұл  іспен Замира Исакова басы бүтін шұғылданған екен.

– Академик Сәтбаев көшесі, 40-үйдің ауласында болған сол бір қанды оқиға есімде ерекше сақталып қалды. Зейнеткердің кінәсін дәлелдеу үшін дәлелдемелерді түйнектеп жинадық. Себебі күдікті қылмысты жасаған сәттен-ақ ізін жабуға әрекеттенген. Бірден барып Ертіс өзеніне тапаншасын лақтырып жібереді. Сүңгуірлер үш күн бойы мұздай суға сүңгіп, өзен түбін шарлағанымен қаруды таппады. Ақыры тапаншаны ол Алматы қаласынан сатып алғанын дәлелдедік. Азаматтың шынымен қаруға иелік еткенін дәлелдеу үшін қаншама уақытымыз зая кетті. Осындай жағдайда асқан табандылық қажет. Кейбір күдіктілер тергеу барысында өзі үшін пайдалы сәттерді аңғарса, ол жайында жұмған аузын ашпай қоятыны бар, – дейді тергеуші.

Негізі ауыр қылмыстарға көбіне өмірлік қиын­дық­тар себеп болады. Алкогольді ішімдік салдары­нан қан­құйлы қылмысқа бару, қолын қанға малу оқи­ғалары да аз тіркелмейді. Сондай кезеңдерде тер­геу­ші­нің әйел болғаны қылмысты тергеу барысына әсер ете­тін көрінеді. Күдікті ер азамат болса, тіпті жақсы. Се­бебі ер адам әйелмен ашылып сөйлесуге бейім, өзі­нің бұл әрекетке бару құпияларын айтып қоятын көрі­неді.

– Күдіктімен жақын адамындай сырласуға тыры­самын. Кейбірі ыңғайға көнгісі келмей бұлтақтап, тер­геу жұмыстарын жүргізуге қырсығын тигізеді. Он­дай сәттерде азаматтың көңіліне жағатын істерге бару­ға тура келеді. Мысалы, уақытша ұстау изоляторында жақындарымен көрісуіне рұқсат алып бере­мін десең, илігеді. Сотқа дейінгі тергеудің нәти­жесі сараптаманың қанша уақытта аяқталатынына да­ байланыс­ты. Әдетте ол көбіне 1 ай мерзімге таға­йын­далады. Ал айрықша жағдайда 7 айға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан бойында табандылық, төзімділік секіл­ді қасиеттер болмаса, бұл мамандықта ұзаққа шы­дау мүмкін емес. Оның үстіне қылмыс кез келген­ уақытта болады, түн ортасында, таң қараң­ғысында хабар түссе де бірден оқиға орнына жү­ріп­ кетесің. Ол жерде тергеушілер полицияның жедел уәкі­­лімен және криминалиспен тізе қосып жұмыс істей­ді. Барлық нұсқаулықты тергеуші беретінін айтып­ өтейін. Сондықтан қылмысқа қатысы бар кез кел­ген детальді назардан тыс қалдырмауға тырысамыз.­ Қылмыс орнын толық қарап шыққан соң ғана тер­геу­дің негізгі шараларына кірісеміз. Байқайтыным, уақы­тының көбін жұмыста өткізетіндіктен, ер-азаматтар­ бұл­ қызметте көп тұрақтай алмайды. Өзім үшін бұл маман­дық жан қалауым болғандықтан қызықты әрі әр қыл­мыстық іс – жазылмаған бір кітап, – дейді кейіпкеріміз.

 

ПАВЛОДАР