АСТАНА. 1 шілде. Бүгін таң алдында Германия және Алжир құрамалары арасындағы ойын аяқталды. Онда немістер қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен тең нәтиже әкелді. Мұнда «неміс машинасы» айрықша басым болды деп айта алмаймыз. Бұған Алжир футболшыларының қорғаныста өте мұқият ойнап қоя салмай, ұдайы қарсыластар қақпасына қарсы шабуыл жасап тұруы дәлел. Осы ретте африкалықтардың да бірнеше рет гол соғатын мүмкіндіктері жіберіліп қойылды.
Германия – Алжир 2:1. Негізгі уақыт - 0:0.
1 шілде. Порту-Алегри. «Бейра-Рио» стадионы. Төреші - Сандро Риччи (Бразилия).
Германия: Мануэль Нойер, Бенедикт Хёведес, Пер Мертезакер, Жером Боатенг, Шкодран Мустафи (Сами Хедира, 70), Филипп Лам, Бастиан Швайнштайгер (Кристофер Крамер, 110), Месут Озил, Тони Кроос, Томас Мюллер, Марио Гётце (Андре Шюррле, 48).
Алжир: Раис Мболи, Фаузи Гулям, Эссаид Белькалем, Рафик Аллиш (Маджид Бугерра, 96), Аисса Манди, Мехди Мостефа, Мехди Ласен, Сафир Тайдер (Ясин Браими, 78), Софиан Фегули, Эль-Араби Судани (Абдельмумен Джабу, 99), Ислам Слимани.
Голдар: Андре Шюррле (93), Месут Озил (120), Абдельмумен Джабу (120+1).
Ескертулер: Рафик Аллиш (41), Ясин Браими (108).
Немістер қосымша ойынның басында-ақ гол салып, бірден алға шықты. Алдымен сол қапталдан Томас Мюллер суырылып өтті. Бұдан әрі ол допты Раис Мболи қақпасы алаңына көлбеулете жөнелтті. Оған өзгелерден бұрын жеткен 93-минутта Андре Шюррле көз ілеспес жылдамдықпен қимылдап, допты қақпаның оң жақ қапталына өкшесімен сарт еткізді. Есеп – 1:0.
Овертаймның соңында талас тіпті қыза түсті. Германия құрамасы бірнеше рет гол соғып кете жаздады. Ол соның бірін ғана 120–минутта голға айналдырды. Оны Месут Озал салды. Бірақ соның артынша, 121-минутта алжирліктер бір доптың қарымтасын қайтарды. Ислам Слиманидің пасынан кейін Абдельмумен Джабу соңғы нүктені қойды. Матч осылайша 2:1 болып бітті.
Немістер ширек финалда француздармен кездеседі.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: Sportbox.ru.