Мұнда шығарылатын өнімдердің арасында сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль жанармайы, дизель, реактивті қозғалтқыштарға арналған, пеш пен кеме отындары, вакуумдық газойль, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол мен бензол секілді өнімдер бар. Зауыттың мұнай өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тоннаны, ал өңдеу тереңдігі 86,4 пайызды құрап отыр.
– Былтыр кәсіпорынның 32 технологиялық қондырғысына кең ауқымды жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ соған қарамастан, зауытта 5 млн 224 мың тонна шикі мұнай өңделді. Көмірсутекті шикізатты өңдеу арқылы 1 млн 262 мың тонна АИ-92, АИ-95, АИ-98 маркалы жанармайлар шығарылды. Бұған қоса 1 млн 469 мың тонна дизель отыны, 132 мың тонна реактивті отын, 126 мың тонна сұйытылған газ тұтынушыға ұсынылды. Бұл өнімдердің бәрі К-4 және К-5 экологиялық кластарының талаптарына сәйкес келеді, дейді зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов.
Бас директордың мәліметінше, атмосфераға 10 400 тонна ластаушы заттар шығарылған. Бірақ көрсеткіш 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1 400 тоннаға аз. Ағынды суларды жіберу көлемі 6 мың тоннаны құраған.
– Биыл зауыт жұмысының тиімділігін арттырып, ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Зауытта жыл соңына дейін өңделетін көмірсутекті шикізат көлемі 5 млн 400 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Ал мұнай өңдеу тереңдігін 80,15 пайызға дейін ұлғайту, технологиялық отынды жағу көрсеткішін 12,17 пайызға дейін жеткізу жоспары бар, дейді М.Досмұратов.
Мұнай өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын былтыр 113 млрд теңге салық төлеген. Оның ішінде 22,6 млрд теңге республикалық бюджетке, ал 90,4 млрд теңге жергілікті бюджетке аударылған.
Осындай көрсеткіштері жыл сайын артып отырған зауыттың бірнеше цехы аутсорсингке беріліп кеткен. Бірақ өзгенің басқаруында болған цехтардың жағдайы бұрынғыдан жақсара қойған жоқ. Сол себептен, былтырғы 29 желтоқсанда отандық экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия мүшелері Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрын аутсорсингке берілген техникалық сервистік функцияларын кері қайтару жөнінде шешім шығарды. Соған сәйкес үш цех пен бір орталықты кері қайтару шараларын жүзеге асыру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдерімен бірлескен жұмыс тобы құрылды.
Биылғы 1 наурызда Атырау мұнай өңдеу зауытының құрамына технологиялық үдерістерге ықпал ететін үш цех пен бір орталық кері қайтарылды. Бұларда 650-ден аса адам жұмыс істейді.
Зауыт басшыларының пікіріне сүйенсек, өндірістік активтің кері қайтарылғаны мұнай өңдеушілер мүмкіндігін бұрынғыдан да арттыра түседі. Өйткені жөндеу-механикалық цехының кәсіби мамандары технологиялық және динамикалық жабдықтардың, металл конструкциялары мен ғимараттардың жұмысын қамтамасыз етеді. Ал энергетиктер тобы жұмыс істейтін цех электр жабдықтары мен электр желілерінің жұмысы тоқтамауына ықпал етеді. Сондай-ақ үшінші цех қызметкерлері бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика құралдарын жөндеп, техникалық қызмет көрсетеді. Жобалық-конструкциялық орталығының мамандары жобалық-сметалық құжаттарды әзірлейді.
Атырау облысы