Мереке • 28 Наурыз, 2023

Көңілді көктем шуағы жылытқан сәт

259 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкентте Ұлыстың ұлы күні бірнеше жыл қатарынан Бәйдібек би даңғылы бойындағы Наурыз алаңында тойланып келді. Өткен жылы Орталық саябақта аталып өткен еді. Биыл бұл дәстүрге өзгертулер еніп, Наурызды мерекелеу жаңа ашылған ипподромда басталды. Атшабарда ұйымдастырылған «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік концертпен жалпы мегаполистегі Ұлыстың ұлы күніне арналған думанды іс-шаралар бастау алды.

Көңілді көктем шуағы жылытқан сәт

Қош делік! Сонымен мегаполисте Наурыз мерекесі қатарынан үш күн бойы тойланды. Расы керек, мұндай думанды шымкенттіктердің бірінші мәрте көруі болса керек-ті. Наурыздың 21-22 күндері шаһарда мерекеге байланысты бірнеше қызықты концерттік бағдарламалар мен іс-шаралар өтті. Соның бірі атшабарда «Қазақтың ұлы ойындары» атты ұлттық спорт түр­лерінен жарыс ұйымдастырылды. Оған елімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Сауд Арабиясы, Ресей, Польша, Түркия сынды мемлекеттерден көкпаршылар, садақ атушылар, бәйгешілер қатысты. Жүлде қоры қомақты болғандықтан, әрі таразы басында елдің абыройы тұрғандықтан әр спортшы жарыста жеңіске жетуге барын салары анық. Жаңа ипподромда спортшылар ат жарыстырып, бәсеке көрігін қыздырса, дәл соның жанында орналасқан этноауылда 170-ке жуық киіз үй тігіліп, мұнда да Нау­рыздың қызықты іс-шаралары бас­талды. Жастардың бір бөлігі ауыл маңын­дағы алтыбақанда сейіл құрса, ата­лар мен әжелер ұлттық киімдерімен ортаға жарқырай шығып, халықтың дәстүрлі әндерінен шашу шашты. Бұдан бөлек садақ атудан тұңғыш рет І Азия кубогі ұйымдастырылды. Өзіміздің және көршілес елдерден келген балуандар белдесіп, түйе палуан жүлдесіне таласты. Одан бөлек суырып салма ақындарымыз Наурыз айтыста жыр додаға түсіп, сөз тап­қырлықтың шешендік үлгісімен көпшілікті сүйсінтті. Асық атудан да өрендер жарысы қызықты өтті. «Асық ойнаған азар» деген ұғым бұл бәсекеге жарамады. Өйткені жарыста асық атып, жүлдеге іліккендер қомақты сыйлық арқалап қайтты. Сондай-ақ тай қазанға Наурыз көже пісіріліп, келген қонақтардың бәрі одан дәм ауыз тиді. Мерекеде екі тоннадан астам Наурыз көже дайындалыпты. Бұл да бір – өзін­ше рекорд!

Халықты әз-Наурызбен құт­тық­тап, жұрттың қуанышын бөлісуге келген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өзі­нің жүреккжарды тілегін жет­кізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қым­­­бат» атты мақаласында Наурыз мере­­кесін атап өту тұжырымдамасын түсін­­діріп берген еді. Осыған байланыс­ты Мәдениет және спорт министрлігі Ұлыс­тың ұлы күнін тойлаудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Осының негізінде әз-Наурызды бүкіл өңір бір күнде атап өтпей, «Амал мерекесі», «Тарихқа тағзым» секілді даталы күн­дермен бірге 10 күн бойына тойлау қарастырылды. Сондықтан біз осынау бағдарлама аясында жаңа ипподромда көшпенділер рухын оятқан керемет спорттық ойындардың куәсі болып отырмыз. Балуандар белдесуі, аламан бәйге, теңге ілу, көкпар тарту сияқты ұлттық спорт жарыстарын көріп делебеміз қозып, бір марқайып қалдық. Мұның барлығы да біріншіден, Наурыз мерекесінің сәнін келтірсе, екіншіден, алдағы жылы елімізде туы желбірейтін «Дүниежүзілік көшпенділер ойынына» қызу дайындығымыздың бастамасы», деді министр.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын Ассамблея мүшелері де жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтеді. Осы орайда ҚХА жанындағы құрылымдар, этно­мәдени бірлестік өкілдері «Дос­тық үйінің» алдына киіз үй тігіп, сал­танатты жиын ұйымдастырды. «Армысың, әз-Наурыз!» атты салтанатты шараның қызық­ты өтуіне Ассамблея жанын­дағы 17 этномәдени бірлес­тіктің төраға­лары мен өкілдері, 7 қоғамдық құрылым – Ақсақал­дар кеңесі, Аналар кеңесі, Журна­листер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» ұйымы, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Кәсіпкерлер ұйымының мүшелері бір кісідей атсалысты. Шымкент қала­лық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы М.Шо­танов Наурыз мейрамы – өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын және күн мен түн теңеліп, айнала жаңаратын игі мереке екенін атап өтті. Сонымен бірге ел ынтымағын нығайтып, татулығын сақтау жолында үлкен үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерін Ұлыс­тың ұлы күнімен құттық­тады. Ал этнос өкілдерінің Наурыз мерекесін тамашалауға келген жұрт «Достық үйі» мен «Бірлік үйі» деген атпен тігілген қос киіз үйге бас сұғып, жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді. Мереке аясында қонақтарға «Наурыз кәдесі» үлестіріліп, ләңгі, асық ату секілді ұлттық ойындар ойнатылды.

Бұдан бөлек қаланың әр аудан әкімдігінде де әз-Наурыз мерекеленді. Мәселен, Абай ауданының тұрғындары Ұлыс­тың ұлы күнін киіз үй тігіп, түрлі тағамдар пісіріп, көпшілік ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру арқылы тойлады. Сондықтан абайлықтар отбасыларымен бірге Асар шағын ауданындағы орталық алаңға жиналып, Шығыстың басты мерекесі, жаңарған көктемнің нақышына айналған Нау­рызды көтеріңкі көңіл күймен, шат-шадыман жарқыраған жүзбен атап өтті.

Аудан әкімі Бұхарбай Парма­нов тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күн береке мен бірліктің, мейірімділік пен өзара сыйластықтың қасиетті мерекесі екенін тілге тиек етті.

«Тамыры терең тартқан әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болған. Бүгінде ежелгі мейрам біздің жаңарған қоғамы­мызбен үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімін нығайтуда маңыз­ды рөл атқарады. Әрбір елдің тәуелсіз­дігі, ұлттық бірлігі және бейбіт өмірі мен бір шаңырақ астындағы тату-тәтті кешкен ғұмыры оның басты құндылығы саналады. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз халқымыздың қажырлы еңбегінің, толағай табысының бастауы болсын», деді ол.

Шаттықты мерекені тама­шалауға келген қонақтарға №89 мектеп-лицейі мен дарынды балаларға арналған №90 мектеп-гимназиясының оқушылары думанды концерт қойып берді. Соны­мен бірге қарапайым тұрғындар да бастамашылық танытып, киіз үйлер тікті, дастарқан жайды. Жалпы, жұрт­шы­лық, Наурызды бірге қызықты етіп өткізуге барынша атсалысты. Бұл күні мерекені баршаға сездіру үшін жалпақ жұртқа тегіс наурыз көже, сумелек, бауырсақ пен палау таратылды. Айта кету керек, Шымкентте бесінші ауданның құрылуына байланысты Абай ауданының аумағы өзгерген. Осының алдында ауданға 34 елді мекен қарайтын. Ал қазір оның саны 27 елді мекенге қысқарды. Өз кезегінде Асар шағын ауданы аумақтық бөлініс барысында Абай ауданының құрамында қалды.

Жалпы, «Ұлы қазақ ойында­ры» ұлттық спорт жарысы мен «Нау­рыз Шымкенттен басталады» атты мере­келік шара 22 наурызда қоры­тын­дыланды. Ал кешке қаланың әкімші­лік-іскерлік орталығындағы Аста­на алаңында еліміздің эстрада жұл­дыз­дарының және жергілікті өнерпаз­дардың қатысуымен гала-концерт өтті. Осымен әз-Наурызға арналған әдемі бағ­дар­ламалық іс-шаралар жиыны өз мәресіне жетті.