Тұманды Альбион еліндегі толағай табысынан кейін Елена Рыбакина «Кезінде мені Қазақстан қатты қолдады. Соның қайтарымы болуы керек. Менің ендігі міндетім – дарынды жастарға барынша қолдау көрсету. Сол үшін жас өрендерге арнап турнир ұйымдастыруды немесе қаржылай көмек көрсетуді көздеп отырмын», деп тебірене сөйлеген еді.
Елена айтқан сөзінде тұрды. Таяуда ол осы спорт түрін серік еткен жас өрендер арасынан 14 ойыншыны таңдап алып, солардың әрқайсына 2,5 милллион теңгеден табыс етті. Әйгілі теннисшінің шапағатын көргендер арасында Линара Бөлешева, Полина Барабанова, Әмина Нұрмахан, Ариана Гогулина, Сатима Төреген, Ева Корышева, Әлбина Кәкенова, Аружан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Айя Нүпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева және Зара Дәркен сынды қарымды қыздар бар.
23 жастағы Елена Рыбакина Мәскеуде дүниеге келгенімен, үлкен спорттағы толағай табыстарының барлығына Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен кезде қол жеткізді. Ол біздің елдің азаматтығын 2018 жылдың жазында алды. Сол уақыттан бері көптеген дүбірлі додада дараланды. Атап айтсақ, былтыр Уимблдонда бас жүлдені олжаласа, биыл Аустралия ашық біріншілігінің финалында ойнады. Токио Олимпиадасында төртінші орынға табан тіреп, WTA турнирлерінде төрт рет топ жарды. Аталған жарыстарда атағы алысқа жайылған көптеген сақа ойыншыны тізе бүктірді. Қазіргі кезде ол әлемдік рейтингте жетінші орында тұр. Осы күнге дейін Қазақстанның бірде-бір теннисшісі дәл осындай деңгейге жеткен емес.