«Альстромерияның» екінші атауы – Перу лала гүлі. Оңтүстік америкалықтар «шапақ сынды гүл шоғыры – Алланың адамзатқа жіберген сыйы» деп түсінеді. Бұл гүлді Еуропаға алғаш рет швед бароны Клаус фон Альстромер әкеліп, жерсіндіргендіктен, гүл де соның құрметіне Альстромерия деп аталған. Еуропа тұрғындарының құрметіне бөленген гүл бүгінде жерлестеріміздің қуанышын еселеп, сыйластық пен достықты нығайтып жатқанын Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылындағы Балжан Нүсіптің гүл өсіретін жылыжайын көргенде білдік.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары өңірдің топырағында ыстық құрлықтың төл өсімдіктері жиі өсіріле бастаған. Бүгінде жылыжай шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, осы салада ілгері жұмыс істеп жүрген кәсіпкер келіншектердің қатары өскен. Бұған дейін де біз басылым бетіне жазғанбыз. Альстромерия өсіруді қолға алып, Талдықорған қаласын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған көпбалалы ананың еңбегі зор. Бақ өсіруде тәжірибесі болмаса да, қазір үйінің іргесіндегі учаскедегі 4 сотық жерде сирек кездесетін оңтүстік гүлін жайқалтып өсіріп отыр. Бұл ерекше өсімдік жергілікті жердің климатына толықтай бейімделіп үлгерді. Жылыжай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал ісін жаңа бастаған кәсіпкер әйел тәжірибе жинап, болашақта қызғалдақ өсіруге ден қоймақ ниетте.
«Отбасымызбен ұзақ ойланып, жергілікті нарықты зерттеп, біздің өңірде гүл өсіру бағыты олқы екенін түсіндік. Содан қандай гүл өсіру керектігін қарастырдық. Ақыры альстромерия гүліне тоқталдық. Біріншіден, мұнда ондай гүл әзірге өсірілмейді, екіншіден, ол соншалықты кірпияз өсімдік емес, сондықтан оған асқан ерекше күтім қажет деп қиналмаймыз. Дегенмен оны жылыжайда өсіру үшін бірқатар жағдай жасау керек. Алдымен, суару жүйесін реттеу керек, жылыжай температурасы +10 градустан төмен болмауы тиіс. Топырақтың сапасы мен тыңайтқыштарына көп көңіл бөлу қажет. Осындай жағдай жасағанда өсімдік жыл бойы гүлдейді. Бұл – көпжылдық өсімдік, дегенмен оны әрбір үш жылда жаңартып отыру керек», деді Б.Нүсіп.
Шаштараз мамандығын меңгерген ана біраз уақыт үйде отырып, жұмыстан қол үзіп қалғанда, жеке ісін ашуға бел буады. Сөйтіп қолда бар жер учаскесін жылыжай бизнесі ретінде пайдалануға бекінеді. Бүгінде нәтижесі жаман емес.
Альстромерия көп күтімді қажет етпейді. Жылыжайдағы алғашқы гүлдер былтыр жазда отырғызылған. Ол үшін Алматы қаласынан гүлдің голландиялық сортының 600 тамыр түйнегін сатып алыпты.
«Бір түбірден 2-3 гүл шоғы шығады. Кез келген бизнесте ең қиыны – тауарды өткізу. Оның үстіне тауарың үлбіреген нәзік гүл болса, оның қиындығы екі есе көп. Қазір Талдықорғандағы 7 сауда нүктесімен көтерме бағада жеткізіп беру туралы келісім жасадық. Бөлшек саудамен де айналысамыз», дейді Балжан.
Қаладан шалғай, үлкен жолдан қиыс жатқан Мұқыры ауылынан гүл өсіретін жылыжай ашу – үлкен батылдықтың нәтижесі. Айта кетерлігі, ауылдағы ағайындардың арасында: «Тек ауылда егін егіп, мал өсіруге ғана болады» деген түсінік қалыптасып қалған. Балжан Нүсіптің ұмтылысы осы түсінікті терістеп, ауылда да қалалықтардың сұранысын қанағаттандыратын кәсіппен айналысуға болатынын дәлелдеп отыр.
Бір таңғаларлығы жылыжай шаруашылығына отбасы түгел атсалысады. Бес баланың ішіндегі ересектері Азамат пен Ерасыл гүлдерді баптап көмектеседі. Екеуінің сабақтан босағаннан кейінгі бар ермегі – анасының бау-бақшасы.
«Отбасылық бизнестің табысынан бұрын балаларды еңбекке баулуда, тәрбиелеуде пайдасы зор. Ұлым мен келініме, немерелеріме мен де қолымнан келгенше көмек беремін. Жылыжайда гүлдердің арасында жаның жай табады», дейді Асылхан Өмірбекқызы.
Иә, гүлдерге қарап адамның жаны жасарады. Қызылды жасыл алуан өсімдіктер көз арбайды. Жас кәсіпкердің алдағы арманы – өзінің жеке гүл сататын дүкенін ашу. Ол үшін әзірге гүлдің бір түрін ғана өсіру аздық етеді.
«Қазір біздің бос 5 сотық жеріміз бар. Мемлекеттік қолдау шараларына ие болсақ, бизнесті кеңейтіп, қызғалдақ өсіруді де қолға алсақ деймін. Әзірге жеке қаржымызға гүлдің осы бір түрін өсіріп отырмыз. Альстромерия – үзіп алған соң да ұзаққа шыдайтын, кемінде екі апта жайқалып тұратын гүл. Жылыжайымызда өсірген гүлдеріміз көпшілікке қуаныш сыйлап жатса, ол біз үшін де қуаныш», дейді кәсіп иесі.
Қоғам қойған бөгетті қақ жарып, аруларға тән асқақтықпен өз ісін өркендетіп отырған аналарға қарап риза боласыз. Себебі, мемлекет қолдауын дұрыс пайдаланып, өзге де адамдарға жанашырлық танытып отырған кәсіпкер келіншектер көп емес. Біз бұл ретте бірін үлгі тұту арқылы, келесісіне жол ашқымыз келеді.
Жетісу облысы