Спорт • 28 Наурыз, 2023

Ковингтон ба, әлде Мұхаммад па?

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC-дің кезекті жарысында айқын жеңіске қол жеткізген Шавқат Рахмонов елге оралғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында келесі жолы кімдермен күш сынасуы мүмкін және алдағы уақытта кімдермен жұдырықтасқысы келетінін жария етті. Қазақтың қайсар ұлы АҚШ-тың қос мықтысы – Колби Ковингтон мен Белал Мұхаммадтың есімдерін атады.

Ковингтон ба, әлде Мұхаммад па?

Жоғарыда есімдері аталған жігіттердің екеуі де өте қарулы. Колби Ковингтон жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген файтерлердің рейтингінде екін­ші орында тұр. 35 жастағы Кали­форния штатының тумасы бозбала шағынан бозкілемде тер төкті. Студенттер арасындағы жарыс­тарда сан мәрте жүлделі орындарды иеленді. 2012 жылдан бері аралас жекпе-жектен өтетін дүбірлі додаларға қатыса бастады. Бастапқы сегіз бәсекесінде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты. Ол Крис Энсли, Дэвид Хэйз, Джейсон Джексон, Хосе Ка­серас, Джей Эллис, Анин Ван, Вагнер Силва және Майк Пайл­ды ұтты. Алғаш рет Колби 2015 жылдың ая­ғында жеңіліс тапты. Ол бра­зилиялық Варлей Альвеске есе жіберді. Одан кейін тағы жеті кездесуді өз пайдасына шешті. 2016-2019 жыл­дары Ковингтон Джо­­­натан Менье, Макс Гриффин, Брайан Бар­берен, Ким Дон Хен, Демиан Майя, Рафаэл дус Анджус, Роб­би Фоулерді қапы қалдырды. Сондай-ақ Камару Усманнан екі рет ұтылып, Тайрон Вудли мен Хорхе Масвидальді тізе бүктірді.

2018 жылы уақытша чемпион атағын иеленген Колби Ковингтонның 2019 және 2021 жылдары толыққанды чемпион атануға жақсы мүмкіндігі болды. Бірақ екі ретінде де ол Камару Усманға жол берді. АҚШ спортшысы октагонда барлығы 20 кездесу өткізіп, олардың 17-сінде жеңіске жетсе, тоғызын мер­зімінен бұрын аяқтады.

2022 жылдың 5 наурызында Ковингтон отандасы Хор­хе Масвидальді жеңгені жа­йында жоғарыда айттық. Осы сәт­сіздіктен кейін Хорхе қар­сыласынан кек алуға бекінді. Дәл сол күні Лас-Вегастағы мей­­рам­ханалардың бірінде ол бей­қам тұрған Колбиге ойсырата соққы жасап, қасқа тісін сындырды. Енді басбұзар 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

UFC-дің рейтингінде төр­тінші сатыға жайғасқан Белал Мұхаммадтың жасы – 34-те. Оның әке-шешесі – Палестинаның тума­лары. Ал спортшының өзі Чикагода дүниеге келді. Белал да карьерасын 2012 жылы бастады. Арада төрт жыл өткен соң Titan FC ұйымының чемпионы атанды. Оның алдында Bellator промоушенінде өнер көрсетті. 2016 жылы UFC-ге ауысты. Айқас алаңында барлығы 26 жекпе-жек өткізіп, соның үшеуінде ғана ұтылды. 22 рет жеңіп, тағы бір бәсекенің нәтижесі есепке алынбады. Мұхаммадқа есе жібергендер арасында Крис Кертис, Тим Минс, Лайман Гуд, Диего Лима, Демиан Майя, Стивен Томпсон, Висенте Лу­ке және Шон Брэди секілді танымал файтерлер бар. Бір айта кетерлігі, аталған америкалық спортшы өз жеңістерінің тек алтауын ғана айқын басымдықпен аяқтады.

2016 жылы Мұхаммад қата­рынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татты. Лас-Вегаста Алан Жубаннан ұпай санымен ұтылса, Нью-Йоркте Висенте Лукенің ауыр соққыларына төтеп бере алмады. Ал 2019 жылы ол Бруклинде ұйымдастырылған жарыста Джефф Нилдің осал тұсын таба алмады. Дәл осы саң­лақты жуырда ғана біздің Шав­қат Рахмонов қылқындырып тас­таған еді. Содан кейінгі сегіз жекпе-жектің барлығында Белал­дың үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.