Руханият • 28 Наурыз, 2023

Шәкәрім оқулары

558 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Шәкәрім шығармаларының шуағына шомылғандар сын­ға түсті десе болғандай. Бұрындары Абай-Шәкәрім оқулары болса, биыл республика көлемінде Шәкәрім оқулары тұңғыш өтіп тұрса керек. Аталған байқаудың «шаңырақ көтеріп» жеке шық­қанын руханият арнасының кеңи түскеніне баладық. Себебі Ұлт­тық академиялық кітапханаға еліміздің түкпір-түкпірінен кел­ген оқушылардың осалы жоқ па деп қалдық. Көздері жанып­ кемең­гердің өлеңдерін оқығанда, жас жүректің риясыз үні көңіл баурайды-ақ.

Шәкәрім оқулары

Ұлы ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай ұйым­дас­тырылған байқау 5-7 сынып­ оқушылары арасында өтті. Мұнда оқушылар ғұлама ақын­ның өлеңдерін жаттап, мәнер­леп айта салмайды, өмірі­ мен шығармашылығына қатыс­ты­ сұрақтарға жауап берді. Еліміздің барлық аумағын қамтыған рухани іс-шараны Ұлттық академиялық кітапхана қолға алып, «Адал-Ас» компаниясы демеушілік етті.

Әуелі 17 облыс пен 3 мега­по­листегі орталық кітапха­на­­лар аясында басталған Шәкәрім оқуларына 5-7 сынып оқу­шы­ла­ры арасынан 2000 бала қа­ты­сыпты. Бір айға жуық уақыт­та аймақтардағы іріктеуден сү­рін­­бей өткен 22 оқушы білім жа­­рысының жартылай финалына өтіп, республикалық бай­қау­ға жолдама алды. Ал озық оқушылардың арасынан шын жүйрікті анықтайтын сынақты Ұлттық академиялық кітапхана онлайн режімде өткізді. Бұған қатысқан 22 талапкер арасынан 11 үздік оқушы ақтық сынға өтіп, Астанадағы қорытынды байқауға жиналды.

– Ұлттық академиялық кітап­ха­на Шәкәрім мұраларын жалпы адамзатқа ортақ қазына деп бағалай отырып, ұлт тұтас­ты­ғын нығайту міндеттерін жү­зе­ге асыруға зор үлес қосады деп есептейді. Ал байқаудың мақ­саты – оқушыларды дана баба­мыздың мұраларын танып, зерттеуге ынталандыру болды. Республикалық байқауға елі­міздің 17 облысы мен 3 қала­­­сын­дағы барлық мектептен 5-7 сынып оқушылары қа­тыс­ты. Байқаудың республика көлемінде ауқымды өтуіне облыс­тардағы кітапханалар ық­пал етті. Қатысушыларға жат­қа айтуға 20 өлең берілді.Ақтық сынға оқушылар Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары, Шымкент және Алматы қалаларынан келді – дейді Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ғазиза Құдайбергенқызы.

Байқау жеңімпаздары мен жүл­де­герлері қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталды. Қазылар алқа­сының құрамында «Адал-Ас» ком­паниясының пре­зиденті Ермек Мезі­баев, тарих ғылымдарының докторы,­ профессор Мақсат Алпысбес, фило­ло­гия ғылымдарының кандидаты, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры Жандос Әу­бә­кір,­ ақын Ықылас Ожай, Ұлттық ака­де­миялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, Халықаралық «Абай» қорының басшысы Аслан Ғафуров бар.

Республикалық Шәкәрім оқу­­­­ла­рының жеңімпаздары мен жүлдегер оқу­шыларын дайын­даған ұстаздар арнайы дип­ломдар, Алғысхаттармен және ба­ғалы сыйлықтармен марапатталды. Қатарынан оза шапқан жас шәкәрімтанушыларға бай­қау­дың бас демеушісі – «Адал-Ас» ком­паниясының не­гі­зін қалаушы кә­сіп­­кер, меценат Ермек Мезібаев бағалы сыйлықтар табыс етті.

– Компаниямыз қоғамдық іс-шаралар мен мәдени-рухани жоба­ларға да барынша қолдау көрсетіп, үлес қосып жүргенін айтқым келеді. Осы бір ұлағатты жұмысты Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханамен бір­ле­сіп қолға алдық. Біз үшін із­де­­­німпаз балалардың жүзіндегі шат­тықты көріп, сезінудің өзі жеңіс, – дейді республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының бас демеушісі, кә­сіп­кер Ермек Мезібаев.

Сонымен қазылар шеш­імі­мен Тараз қаласынан қатысқан 6-сынып оқушысы Айханым Қайрат­ бас жүлдеге ие болды. І орынды Шәкәрім өлеңдерін мәнерлеп оқып, сұрақтарға тұшымды жауап берген Шым­кент қаласының 5-сынып оқу­шысы Дінмұхаммед Кәдірхан иеленді. ІІ орынды Орал қаласынан 6-сынып оқушысы Айару Әміртай, Қызылорда облысы Қазалы ауда­нынан 7-сынып­ оқушысы Гүлназ Жеңісбек, Шығыс Қазақ­стан облысы Алтай ауда­ны­­нан Аружан Айырбай тең бөлісті. ІІІ орынды Павлодар облы­сынан келген 7-сынып оқу­шысы Гүлназ Бақберген, Қос­танай облысы Жангелді ауда­нынан келген 7-сынып оқу­шысы Айша Қосылбек және Жетісу облысы Жаркент ауда­нынан қатысқан 5-сынып оқушысы Жүрсін Азитай иеленді. Қалған қаты­су­шыларға да ынталандыру сый­лық­тары мен Алғысхаттар табыс­талды. Бас жүлде мен І, ІІ, ІІІ орынға ие болған жүл­дегерлер бағалы сыйлық һәм дипломдармен марапатталды.