Қазақстан • 28 Наурыз, 2023

Ассамблеяның жаңа кезеңі

305 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елі­міз­де заң шы­ға­ру­шы органнан бастап барлық ұйым, мекеме жаңашылдыққа бет бұра бастады. Ал олардың қатарындағы «ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту» секілді ерекше міндетті арқалаған Қазақстан халқы Ассамблеясында қандай өзгеріс бар? Оның Әділетті Қазақстандағы рөлі қандай болмақ?

Ассамблеяның жаңа кезеңі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Алдымен ҚХА-ның қандай мақ­сат­та құрылғанын айтар болсақ, бұл институтты құру қажеттілігі сая­си тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құ­рыл­ған, тәуелсіз, полиэтносты, поли­кон­фессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Ассамблея құрылған 1995 жылы елдегі қазақтың саны 50 пайыз шамасында ғана болған еді. Осы кезде түрлі ұлт өкілдері көп­теп қоныстанған Қазақстанда ұлт­аралық татулықты сақтап, жағдайды тұ­рақтандыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы қажет болды.

Бұл бастама мәдениетаралық диа­лог­ті нығайтудың жаңа кезе­ңі­нің негізін қалап, этносаралық қаты­нас­тар­ды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт еді. Жиырма жылдам астам тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерісті бас­тан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің ерекше үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы ны­ға­йып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея – 2007 жылдан бас­тап ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Осыдан кейін ҚХА Парламенттің төменгі палатасы – Мәжілістің тоғыз депутатын сайлау құқығына ие болды. Бұл оның қоғамдық-саяси рөлін біршама күшейтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту қажет екенін айтып, оның Мәжілістегі квотасын Сенатқа ауыстыру туралы ұсынысын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің Сенаттағы квотасын 15 депутаттан 10 депутатқа азайтты. Осыған орай олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы сайламайды, тек ұсыныс береді.

«Бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжі­лістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақ­сы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», деді бұл туралы Президент.

Кейінгі жылдары Ассамблея қоғам­д­ағы өзекті мәселелерді де қозғап, оның шешімін табуға зор үлес қосып келеді. Мәселен, ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиация институты пайда болды. Ассамблея өкілдерінің айтуынша, бұл мекемелердің барлығы заңға сәйкес ұйымдастырылып отыр.

«Қазіргі күні Ассамблея құзырын­да­ғы медиация институты жақсы жұмыс істеп келеді. Яғни істі сотқа жеткізбей шешімін табатын мәселелерді реттеу арқылы заң жүзінде, адвокат шақырып, мәселелерді алдын ала келісімге келу арқылы бейбіт жолмен шешу жолдары қалыптасты. Сонымен қатар тәлім-тәрбие, салт-дәстүрді сақтау мәселесінде Аналар қоғамының атқарып жатқан игі істерін атап айтуға болады. Бұлардың барлығы ассамблея жұмысын жан-жақты дамытуға тіке­лей әсер етеді. Сондай-ақ қазір бір ғана Астана қалалық ассамблеясына тіркелген 21 этномәдени бірлестік бар. Ассамблеяға мүше болу үшін олар өздерінің жұмысын көрсетіп, алға қойған мақсаттарын дәлелдесе ғана қалалық ассамблеяға мүше бола алады. Қазір ассамблея хатшылығында этномәдени бірлестіктерді аккредиттеу жүріп жатыр. Комиссия отырысында этномәдени бірлестіктің біржылдық жұмысы тыңдалады. Жұмысты талдау нәтижесінде этномәдени бірлестікке баға беріледі. Сол нәтижеге байланыс­ты ассамблеяға мүшелігі анықталады», дейді Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңе­сі­нің төрағасы Әміржан Әлпейісов.

Қазір қалалық ассамблеяға қарас­ты 56 шығармашылық ұжым бар. Бұлар негізінен би, вокал, балалар ансамбльдері және басқа да өнер жанр­ларында жұмыс істейді. Бағдарламаларында міндетті түрде мемлекеттік тілдегі әндерге, қазақ халқының биі мен өнеріне ерекше мән беріп, патриоттық, отаншылдық байқауларды көптеп ұйымдастырады. Осылайша, татулық, бейбітшілікпен қатар ҚХА мәдениеттің ошағына да айналды.

Ал өткен жылы Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің қол­дауымен «Ассамблея ТВ» телеарнасы көрерменге жол тартты. Ол «Қазақ­телеком» АҚ телекомму­ни­ка­циялық компаниясының платформасында iD TV кабельдік теледидар пакетінде таратылады, сондай-ақ «TV+» мобильді қосымшасында қолжетімді. Телеарна эфирінен ҚХА жаңалықтары, мәдени, ойын-сауық бағдарламалары, Қазақстанда тұратын этномәдени бірлестіктердің арнайы жобалары көрсетіледі.

«Ассамблея ТВ»-ның мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен ке­лі­­сімін қалыптастыруда жетекші теле­арна болу. Ал басты міндеті –этно­мәдени бірлестіктердің қызметін және ұлтаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясат мәсе­ле­лерін жариялау. Телеарна үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Әсіресе этносаралық татулықты нығайтатын мемлекеттік тілдің маңы­зын арттыруға септігін тигізе­тініне се­німдіміз», деді Этносаралық қаты­настар комитетінің мүшесі Мейіржан Нұрадинов.

Ассамблея мүшелерінің басым көпшілігі Қазақ жеріне депортацияланып немесе басқалай тағдыр айдап келген түрлі этностың өкілдері. Осыған қарап бұл институт этностық азшылық топтардың құқығын ғана қорғайды деу – қателік. Оған тереңірек мән беретін болсақ, Ассамблеяның ең алдымен, елдің мүддесі үшін құрылғанын көреміз.