Сайлау • 29 Наурыз, 2023

Халық сенімін ақтайтын шақ

386 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа жыл кірген тұста басталып, екі жарым айға созылған саяси кезең мәреге жетті. Күні кеше Мәжіліске өткен партиялар кімдерге мандат бұйырғанын хабарлады. Осылайша, жаңа сайланған төменгі Палатаның мүшелері толық анықталды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл сайлау да, Мәжіліс мүшелері де бұрынғыдан өзгеше сипатта.

Халық сенімін ақтайтын шақ

Қазақстан кейінгі кезде саяси жаңғыр­ту үдерісінде парламентаризмді дамы­туға ерекше ден қойғанын атап өткен жөн. Былтыр Конституцияға енгізіл­ген өзгерістер мен толықтырулар нәти­жесінде әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттары енгізілді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Тіркеудің қажетті шегі төмендетілді. Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Яғни 20 мың қол жинаудың орнына 5 мың қол жинау жеткілікті. Бастамашы топ мүшелерінің қажетті саны да 30 пайызға азайды. Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды.

Әлбетте, мұның бәрі саяси партия­лар­дың санын арттырып, саяси бәсекені күшейтетіні, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізетіні сөзсіз. Нәтижесінде, биылғы сайлауға екі жаңа партия қатысты. Соның бірі – «Respublica» Парламент құрамына кірді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде Парламенттегі фракциялар саны екі есеге артты. Мәжілістегі партиялардың көбеюі Парламентте пікір әралуан­дығын қалыптастыратыны анық.

Сонымен мұқым халық асыға күткен партиялық тізім де жариялан­ды. Жалпы, жаңа шақырымдағы депутат­тар­дың 70 пайызы жаңарды. Басым дауыс­ты «Amanat» иеленгендіктен, кім­дерге мандат бұйыратыны біраз қауымды қызықтырғаны жасырын емес. Партия тізімі жартылай жаңарды деп айтуға толық негіз бар.

«Amanat» ұсынғандардың жартысы ғана бұған дейін Парламенттегі заң шығару жұмысынан тікелей хабардар. Яғни 40 депутаттың 19-ы VII шақырылымда Мәжіліс мандатын алған-тұғын. Олардың қатарында Мәжіліс төрағасы болған Ерлан Қошанов, партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев, заңгер Айгүл Құспан секілді бірқатар азамат бар. Ал Мұрат Әбенов пен Бақтықожа Ізмұхамбетов оның алдындағы шақырылымда Мәжіліс құрамында болған еді.

Депутат атағын жаңа алғандар қатарында бұрынғы министрлер, вице-министрлер, әкімдер, қоғам белсенділері жетерлік. Мәселен, Білім және ғылым министрі қызметін атқарып, ұстаздар қауымы мен жұртшылық ықыласына бөленген Асхат Аймағамбетов «Amanat» ұсынған тізімге енді. Бұдан бөлек, бұрынғы вице-министрлер Татьяна Савельева, Мәди Такиев, Ақсу қаласының экс-әкімі Нұржан Әшімбетов те Мәжіліске барады.

Сонымен қатар журналистер Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, Сергей Пономарев, белгілі блогерлер Максим Рожин мен Самат Нұртаза депутаттық мандат иеленді. Ерекше айта кетерлігі, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытовқа да Мәжілістен орын бұйырды. Айтыстарда билікті талай мәрте сынаған, халықтың ықыласына бөленген ақын ендігі жерде елдің мұң-мұқтажын Парламентте көтереді.

«Ауыл» партиясы ұсынған тізімде заң шығарушы органның жұмысымен Жигули Дайрабаев қана жете таныс. Партия төр­аға­­сының орынбасары 1990 жылы Жоғарғы Кеңестің XII шақы­ры­лы­мында депутат болып сай­лан­ған еді. Былтыр прези­денттікке үміткер атанған Қарақат Әбден де тізімге енді. Бұдан бөлек, Ерболат Саурықов, Серік Егізбаев сынды азаматтарға да Мәжілістен мандат бұйырды.

«Respublica» партиясы жа­ңа­дан құрылғандықтан әрі құ­­рамына кілең жастар жинал­ған­дықтан, ешқайсысы бұрын-соңды заң шығарушы орган жұмысына араласқан емес. Партия төрағасы, «Олжа Арго» холдингінің бас директоры Ай­­дар­бек Қожаназаров, «Akniet Phar­­maceuticals» компаниясының бас­шысы, партияның тең төрағасы Рус­лан Берденов, тағы бір тең төр­аға Динара Шүкіжанова де­пу­тат ата­нып отыр. Бұдан бөлек, Ол­жас Құс­пеков, Динара Наумова және Нұр­гүл Тау секілді мүшелер де бар.

Өздеріңізге мәлім, бұған дейін Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың ұсыны­сы­­мен Парламентке өткен пар­тия­­лар тізімінде жастарға, әйел­дерге 30 пайыздық квота беріл­ген еді. Биылдан бастап бұл тізім­­ге мүмкіндігі шектеулі аза­мат­т­ар да қосылды. Демек қоғамдағы бүкіл әлеу­меттік топ қамтылды деген сөз. Мәселен, алғаш рет Парламентте мүмкіндігі шектеулі 6 депутат ел үшін еңбек етпек. Бұл еліміз үшін де, халықаралық қоғамдастық үшін де маңызды мәселе. «Respublica» – осы ережені қатаң сақт­аған пар­тияның біреуі. Мәсе­лен, депутат­тық мандат алған­дар­дың жартысы әйел. Оның үстіне, ешқайсы да 40-қа толмаған, кілең жастар.

Ал Динара Наумова балалар­да­ғы церебералды паралич (ДЦП) ауруына туабітті шал­дық­қан. Әдетте, мұндай науқасқа ұшы­ра­ған­дар мүмкіндігі шектеулі аза­маттар қатарына жатады ғой. Алайда Динара ханым жасынан нағыз жанқиярлық пен ерік-жігердің үлгісін көрсете біл­ген. Туғаннан «ДЦП»-ға шал­дыққ­ан оны 3 жасында анасы тастап кеткен екен. Ал 13 жасқа толғанда ресми түрде өз қызынан бас тартқан. Бірнеше рет күрделі операцияны бастан өткергеннен кейін өз аяғымен жүруге мүм­кіндік алыпты. Кейінірек «Менің арманым» байқауына қатысып, Қабанбай батыр ауылында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық-сауықтыру орталығын ашады.

«Ақ жол» ұсынған тізімдегі алты адамның төртеуі, яғни Азат Перуашев, Ерлан Барлыбаев, Дания Еспаева және Қазыбек Иса VII шақырылымы депутаттық міндетті атқарған. ЖСДП атынан президенттікке үміткер болған Нұрлан Әуесбаев бастаған төрт адам депутат атанды. «Халық партиясы» атынан ұсынылған Магеррам Магеррамов пен Ирина Смирнова да өткен шақырылымда депутат болған. Айта кетерлігі, «Ха­лық партиясы» да мүмкіндігі шек­теулі азаматқа мүмкіндік беру­ге шешім қабылдаған екен. Голбол мен тауға өрмелеуден Қазақ­стан чемпионы, паралимпиада ойындарының қатысушысы Кен­жеғұл Сейітжан да депутат атанды. Көзі көрмесе де, өмірге ғашық азамат ендігі жерде мүмкін­дігі шектеулі жандардың мәселе­сін Парламент қабырғасында көтереді.

Тағы бір айта кететін мәселе – Мәжілістегі 29 депутат мажори­тарлы жүйе бойынша сайланғаны мәлім. Ең қызығы, һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлы жүйе бо­йынша сынға түскен үміткерлердің басым бөлігі, яғни 435 кандидат өзін-өзі ұсынған. Дегенмен бұл сайлауда «Amanat» ұсынған үміт­керлердің бәсі жо­ғары болды. Мәселен, талай жыл Парламентте еңбек еткен, заң шығарушы орган­ның ұңғыл-шұңғылын жете білетін Нұртай Сабильянов Абай облысы атынан сайланды. Сондай-ақ Сеул Олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов та Астана қаласындағы №1 сайлау округінен оза шапты. Бұдан бөлек, «Amanat» тізімінде VІІ шақырылым депутаты болған Еділ Жаңбыршин, Гүлдара Нұрымова да бар.

Белгілі блогер, халық арасында «Дәулеттен» атымен танылған Дәулет Мұқаев Аста­на қаласындағы №2 сайлау окру­гінен сайланды. Ұзақ жыл оппозициялық «Дат» басылымын басқарған Ермұрат Бапи да өз округінде жеңіске жетті. Сонымен қатар белгілі заңгерлер Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан секілді азаматтар да Мәжіліс құрамына енді.

Міне, осылайша, талайдың назарын аударған саяси бәсеке аяқталды. Енді, депутаттар ант беріп, ресми түрде қызметіне кіріседі. Биылғы сайлаудың бұрынғыдан өзгеше болғанының бір себебі мынада. Мәжіліске алты партия өтіп отыр. Жалпы, көппартиялық – мемлекеттің демократияның даңғыл жолына түскенін дәлелдейтін негізгі өл­шемнің бірі. Сондықтан төрт­күл дүниенің түкпір-түкпі­рінде азаматтық қоғамы саяси тұрғыда белсенді, дамыған елдердің көбінде осындай жүйе бар. Мәсе­лен, Франция, Германия, Ни­дер­ланд секілді мемлекеттер пар­ламентіне бірнеше партия енген. Кейде сайлауға түскен партиялар 50 пайыздық межеден аса алмай, коалиция құратынына талай мәрте куә болдық. Тіпті Италия, Израиль секілді кей елде коалиция құрудың өзі ұзаққа созылып, партиялар өзара тартысқа түседі.

Ұлттық құрылтай мүшесі, сая­саттанушы Қазыбек Майгел­диновтің айтуынша, Парламент сайлауына 7 партияның қатысып, алтауының Мәжіліске өтуі жақсы үрдіс. Өйткені мұндай құбылыс елде көппартиялық жүйенің орны­ғуына зор үлес қосады.

«Биылғы сайлау – Президент бастамасымен үш жылда жүр­гізіліп жатқан еліміздегі сая­си ре­формалардың нақты практи­ка­лық жүзеге асуы. Елімізде жаңа саяси күштердің пайда болуы, саяси плю­рализмді дамыту үшін, саяси бә­секелестік алғышарттарын жасау үшін сайлау туралы және сая­си партиялар туралы заңдарға өзге­ріс енгізілді. Әсіресе, сайлау жү­­йесін өзгертуге байланысты рес­­пуб­­ликалық референдумда нақ­ты мә­селелер қарастырылды. Қазір­­гі таңда жүзеге асып жатқан бағыт­­тар­дың бірі осы», дейді Қ.Майгелдинов.

Қорыта айтқанда, халық жаңа­дан сайланған Мәжілістен үміт күтіп отыр. Тұрғындар таң­дауын жасады, енді депутаттар артыл­ған міндетті абыроймен атқаруы керек.