Пікір • 28 Наурыз, 2023

Артылатын үміт зор

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонымен Мәжілістің су жаңа 98 депутаты анықталды. Тізімге қарасаңыз, көбі ел алдында жүрген азаматтар. Әрине, алдын ала тон пішуге болмас. Елдің қамы мен мұң-мұқтажы жолында тер төгіп, жоғары билік алдында халықтың сөзін сөйлей ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Артылатын үміт зор

Алғаш рет 6 партия өкілі заң шығарушы органның 69 мандатына ие болды. Арасында жетін­ші шақырылымда Парламент мін­бе­рінен өзекті мәселелерді көтере білген Қазыбек Иса мен Ер­лан Саировтың партия тізімі арқы­лы мандатқа қайта ие болғаны қуан­тады. Өйткені олардың бұған дейін ұлтқа қатысты мәселелер тура­лы талай депутаттық сауал жолда­ғандарын көз көріп, құлақ естіді.

Мәжіліске партия тізімімен халыққа сүйкімі бар Асхат Айма­ғам­бетовтің өткенін жұрт әлеуметтік желіде қуана жазып жатыр. Халық айтса, қалт айтпайды. Жас болса да, сенім мандатына ие болған азамат. Енді халық қалаулысы ретінде осы сенімді ақтай ала ма, жоқ па, оған да уақыт төреші.

Бірмандатты округтер бойынша сайланған депутаттар арасында Ермұрат Бапи, Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрымованы ерекше атар едім. Алғашқысы шындықты шырқырата айта алды, «Дат» жобасымен шығарған газеттері өзекті тақырыптарды батыл көтере алды. Сол үшін газеттері талай жабылды. Онда да қайтқан жоқ. Оған күмән келтіргендер «Даттың» бұрынғы мен бүгінгі тігінділерін қараса болады. Жамбыл облысынан сайланған соңғы екеуі расында халық қалаулысы. Жерлестерімнің басым бөлігі сайлауда оларға дауыс берді. Сенім білдірді. Мұқаш Зұлқарнайұлы сылдыр сөздің емес, нақты істің адамы екенін баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Ал Гүлдара Алданышқызы жетінші шақырылымда «халық қалаулысы» атына әбден лайық екенін көрсетті. Өз саласы саналатын медицина мәселесін талай көтерді. Құры көтеріп қана қойған жоқ, оның шешілуіне де азды-көпті үлес қосты. Сегізінші шақырылымда да солай болатынына күмән жоқ.

Әрине, кімнің кім екенін уақыт көрсетеді. Тек 98 депутат халық сенімінен артық баға жоқ екенін ұмытпай, тұрғындардың тұрмысын түзейтін заңдардың қабылдануына ықпал етсе болғаны.

 

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,

«Қазақ» газетінің бас редакторы