Президент • 29 Наурыз, 2023

Билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек - Президент

451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек - Президент

«Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет.

«Әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар жандардың Мәжіліске өтуіне жағдай жасалды. Саяси науқан қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы!

Бұл сайлау үміткерлерге қойылатын талап өзгергенін көрсетті. Қазір тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды. Мұны дұрыс түсініп, елмен етене араласа білген үміткерлер халық сайлаған өкіл атанды. Сайлаушылар өзінің мұң-мұқтажын білетін және мүддесін қорғай алатын азаматтарға дауыс берді», деді ол.