құшағы саяхатшыларға айқара ашыла түспек
Ұлан-ғайыр далалық төсі тарихи ескерткіштерге тұнған аймақтың мұндай мүмкіндікке биыл қолы ұзарып отыр. Бұған дейін де барды танытып, барынша аян етуге талай талпыну болды. Бірақ нақты көмек-қолдаусыз істің сәті қалай түсер. Жылдар бойғы көкейді тескен мақсат қағаз жүзінен, айтылған сөзден әрі аспады. “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты Елбасының “Ұлытау – ежелгі, тарихи астана, қазақ халқының алтын бесігі, – ұлттық символымызды қалыптастырып, дамытуымыз керек” деп атап көрсетуі көптенгі ойды іске асыруға жаңа қозғау салған.
Бұл жақта ел өткендегісін көз алдыға елестетер көріністер жетіп артылатындығы үлкен мақтаныш әрі зор мәртебе. Ресми тіркелген тарихи-мәдени ескерткіштер саны 736 болса, археологтар болжамы бойынша әзірге есепке енгізіле қоймағандарының өзі 10 мыңнан асады екен. Ашық аспан астындағы мұншалықты бай мұра әлемнің қай тұсынан табылар?! Қола дәуіріндегі қоныстар жұрты, көне өндіріс ізі, тас қоршаулар Сарыкеңгір мен Қаракеңгір өзендері алқаптарынан бірінен соң бірі кезіге берер еді. Әйгілі “Таңбалы тастағы” белгі-таңбалар, Алтыншоқыда Ақсақ Темір әмірімен тасқа қашалып қалдырылған жазу, Хан ордасы орны, Алтын Орда әмірі Едігеге, Тоқтамыс ханға топырақ бұйырған жерлер, Алаша, Жошы хандар, Құтлық-Темір, Болған ана мазарлары, Домбауыл кесенесі, Кенесары қорғаны, Кейкі батыр үңгірі ешкімді қызықтырмай қала алмайды.
Аудан сырт жұрт та, өзіміз де тамсана танысуға, сүйсіне тамашалауға жағдай жасау үшін мәдени-тарихи туризмді дамытуға арналған “Ұлытау қазақтың – ежелгі астанасы” бағдарламасын белгілеп, істі мықтап қолға алып жатыр қазір.Өңір басшысы Берік Әбдіғалиев ортаға салғандай бұған облыстық, жергілікті бюджеттен және демеушілер арқылы 220 миллион теңге бөлінген. Осы бағытта бұрын-соңды осынша көлемде жұмыстар атқарылып көрілмепті. Ал бағдарлама мақсаты Ұлытаудың өз басында “Хан ордасы” мемориалдық кешенін салуды, тау беткейінде Асанқайғы баба мүсінін орнатуды, орталық көше бойында “Таңбалы тас” саябағын жасауды, мейманхана үйін кеңейтуді, туристік базаны қалыптастыруды көздейді. Мұнымен бірге саяхаттық инфрақұрылымды жетілдіру, тарихи ескерткіштерді жөндеу, тұңғиық сырларын сан ғасырлар ішіне бүккен тау-тасқа ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру жүргізіледі.
– Әлбетте бұл әбден ойластырылған, былайша айтқанда жеті рет өлшеніп, бір рет пішілген шара болып табылады. Облыс тарапынан көрсетіліп отырған кең қолдау алға қойылған міндетті абыройлы атқарып шығуға жетелейді. Сонымен қатар бір қуантарлығы “Қазақмыс” корпорациясының ынта-ықыласы да бөлек. Оның Асанқайғы ескерткішін тұрғызуды өз мойнына жүктеуі соның жарқын мысалы. Ұлттық тарих пен мәдениетінен терең мәлімет беретін, елдігімізді айшықтар, отандық рухты биіктетер бұл асыл мұраларды сақтап, жаңарту, жаңғырту мән-маңызы айтпаса да түсінікті, – дейді ауданның жаңадан тағайындалған әкімі. Ол іске кіріскелі бергі уақытта бағдарламаның орындалу барысы біршама ширай түскені байқалады.
Ұлытауды туризм орталығына айналдыру жолында ниеттес азаматтар белсенділігі де жоғары. Ортақ мақсатқа жұмылушылар сенімі мен үміті үлкен. Соның бел ортасында болуға ерік танытқан, осыны көптен арман тұтып келген жандардың бірі Бақтияр Қожахметовке “Ұлытау” ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы мемлекеттік мекемесінің басшысы ретінде жауапкершілік жүгі аса салмақты. Кезінде “Алтай-Дунай” экспедициясын ұйымдастыруға ұйытқы болып, оны өзі бастап мажарстандық қыпшақтарға көне дәуір үнін жеткізген жігіт ойлары аз емес. Ежелгі қарашаңырақты көруге келушілерге еуропалық деңгейдегі қызмет көрсетілу керек деп есептейді. Экотуризм әуесқойларына арналып ат баптау, ер-тұрмандар сайлау, киіз үйлер дайындау осы бағыттағы кыруар істердің басы. Бұдан былай қарай табиғаты көрікті жерлерді тек рұхсат алып аралау талапқа айналып келеді. Ескерткіштер тарихын түсіндіретін, апарып көрсететін гидтер тобы жасақталуда. Жергілікті жұрт құлағына өңір өміріндегі алдағы өзгерістерден қалыс қалмай, шетелдік, отандық саяхатшыларды мәдениетті меймандостықпен қарсы алып, үлгілі күтім мәселесі құйылып жатыр. Соған бейімделуге құлықтыларға несие бөлу арқылы қаржылық қолдау жасау ұмытылмайды.
Бұл күнде Ұлытауға Қарағандыдан, Жезқазғаннан жол даңғыл. Айналма болса да Астанадан жүйткітіп жетуге болады. Егер Арқалық-Ұлытау бағытындағы жол қалпына келтірілсе, астаналықтардың төтелеп тартуына мүмкіндік туар еді. Солай болса туризмді дамытуға одан сайын ыңғайлы жағдай қалыптасары сөзсіз.
Киелі өлкенің бүгінгі тынысында осындай серпін бар. Сол біріктірген жаңа ұмтылыс ұшқыны жарқырай түсуде.
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы.
Айқын НЕСІПБАЙ,
“Егемен Қазақстан”.