Өңделген қалдық көлемін бақылауда ұстап отырған «Жасыл даму» АҚ ұйымы, жоба іске қосылған уақыттан бері атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижесі туралы хабарлады. Бес айдағы мониторинг есебі бойынша электрокомпостерлер 5 тонна тамақ қалдығын өңдеп, одан 500 кг компост (қарашірік) алған. Яғни арнайы қондырғыға салынатын тамақ қалдықтары қарашірікке айналдырылған. Дайын қарашірік балалар үйі жанындағы бау-бақшаға тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын болады.
«Бұдан былай тамақ қалдықтарын жерге көміп тастамай, қоршаған ортаға қауіпсіз әрі пайдалы материалға айналдыру – экологиялық ұтымды шешімге айналып отыр. Әрбір электрокомпостердің күніне 50-ден 100 кг дейін тамақ қалдығын өңдей алатын қуатын ескеретін болсақ, өңдеу көлемін бұдан бірнеше есеге жеткізуге болады екен. Алайда жиналатын тамақ қалдығының көлеміне байланысты осы нәтижені көрсетіп отыр», дейді мамандар.
Естеріңізге сала кетейік, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату бойынша арнайы құрылғы орнатуды қаржыландыруға француз үкіметі 500 мың еуро грант бөлуге шешім қабылдаған болатын. Ақкөл ауданында жүзеге асырылып жатқан жоба аясында фрнацуздық компания мен «Жасыл даму» АҚ және жергілікті әкімдік өзара түсіністік жөнінде үшжақты меморандумға қол қойған. Қанатқақты жобаға жыл толғанда қорытындысы шығарылып, барлық ерекшеліктері мен жүзеге асырылған тәжірибе егжей-тегжей жарияланатын болады.